
Шымкент қаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында Астанада университеттің жаңа кампусын ашуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум инвестициялық форум аясында қол қойылған 22 құжаттың бірі болды. Форумға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов университет инфрақұрылымын дамыту Қазақстанда білім, ғылым және инновацияның заманауи экожүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Біз үшін бұл – білім, ғылым және инновацияның заманауи экожүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор жоба. Ұзақ мерзімді стратегиямыз Астана мен Алматы қалаларында екі ірі университет кампусын құруды көздейді. Олар жоғары білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және өндіріс саласымен ынтымақтастық орнату орталықтарына айналмақ. Primus Capital мен Coventry University қолдауының арқасында біз осы стратегияны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. 2024 жылы Астанада Coventry University Kazakhstan-ның алғашқы кампусы ашылды, ал 2026 жылы Алматыда кампус ашу арқылы қызмет аямызды кеңейттік. Келесі кезең жасанды интеллектіге, озық инженерияға және технологиялар трансферіне ерекше назар аудара отырып, заманауи университет инфрақұрылымын дамытуды қамтиды. Біздің мақсатымыз – сапалы британдық білім берумен ғана шектелмей, Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін жаңа білім мен технологияларды қалыптастыру», – деп атап өтті Мирас Дәуленов.
Жаңа кампустың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Кешеннің жалпы аумағы шамамен 30 мың шаршы метрді құрайды. Жоба аясында оқу ғимараттары, әкімшілік, қоғамдық кеңістіктер, кітапхана және заманауи IT-инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар студенттік іс-шаралар өткізуге және бірлескен жобаларды іске асыруға арналған кеңістіктер жасақталады.
Сондай-ақ 400 орындық студенттер жатақханасы салынады. Онда тұрғын бөлмелер, ас үйлер, демалыс және өздігінен білім алуға арналған орындар болады.
Coventry University Kazakhstan – Ұлыбританиядағы Coventry University университетінің кампусы. Мұнда аталған университеттің білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, британдық үлгідегі дипломдар беріледі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттің тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жолға қоюға жәрдемдеседі. Сонымен қатар тараптар академиялық үлгерімі жоғары түлектер мен олимпиада жеңімпаздарын қоса алғанда дарынды жастардың сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейту тетіктерін пысықтауды жоспарлап отыр.
Жаңа кампустың ашылуы халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамытуға және Қазақстанда білікті мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.