
Бүгін, 22 қазанда, Шымкент қаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумы аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Түркияның İstanbul Gedik Üniversitesi арасында академиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Форум әлемнің 40 елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілін біріктіріп, жаңа өндірістерді дамыту, озық технологиялар тарту және халықаралық экономикалық серіктестікті нығайту мәселелеріне арналды.
Ынтымақтастық Қарағанды облысында жоспарланған жаңа өнеркәсіптік жобамен байланысты. Түркияның Gedik Holding өнеркәсіптік тобы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құбыржолдық арматура мен дәнекерлеу өнімдерін шығаратын зауыт салу жобасын пысықтап жатыр. Болашақ кәсіпорынға білікті инженерлік-техникалық мамандар даярлау үшін компания Қарағанды өңірінің өнеркәсіп саласына кадрлар даярлайтын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен серіктестік орнатуға бастамашы болды.
Gedik Holding компаниясымен тығыз байланыстағы İstanbul Gedik Üniversitesi өнеркәсіп саласына мамандар даярлау тәжірибесіне ие. Екі университеттің ынтымақтастығы инженерлік білім беруді өндірістің нақты сұраныстарымен ұштастыруға бағытталған.
Меморандумға университет атынан Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов, Түркия университеті тарапынан İstanbul Gedik Üniversitesi Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Хюлия Гедик қол қойды.
Келісім аясында металл өңдеу, дәнекерлеу технологиялары және өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалану бағыттарында мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын өндіріс талаптарына бейімдеу, студенттердің өндірістік практикасы мен тағылымдамаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім беру жобаларын жүзеге асыру көзделген.
KGIR 2026 аясында қол қойылған меморандум Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-білім беру және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға, Қарағанды өңірінде жаңа өндірістерге қажетті инженерлік кадрлар даярлауға негіз қалайды.