
Astana IT University базасында «Ұтқырлықтан нақты нәтижелерге дейін: жоғары білім берудегі инновациялар мен жасанды интеллект» тақырыбында Қазақстандағы Erasmus+ түлектерінің 2026 жылғы кездесуі өтті. Іс-шара мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, еуропалық компаниялардың, жоғары оқу орындары мен халықаралық білім беру бағдарламаларының өкілдерін біріктірді.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Сондай-ақ кездесуге Қазақстандағы Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдері, елде қызмет ететін еуропалық компаниялардың өкілдері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары мен Erasmus Mundus Joint Masters түлектері, Erasmus+ жобаларының үйлестірушілері мен қатысушылары, қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық бөлімдерінің қызметкерлері, зерттеушілер, сарапшылар және басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы Erasmus+ түлектерінің қауымдастығын нығайту, кәсіби байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бағдарламаның мамандардың кәсіби дамуына және жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыруға қосқан үлесін көрсету.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жоғары білім берудің цифрлық трансформациясы болды. Қатысушылар жасанды интеллектіні оқыту мен ғылыми зерттеулерде қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ оны жауапкершілікпен әрі этикалық қағидаттарды сақтай отырып енгізу мәселелерін талқылады. Бұл талқылау 2026 жылғы мамырда өткен конференцияда басталған диалогтың жалғасы болды.
Сонымен қатар түлектер, жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына назар аударылды. Атап айтқанда, бірлескен жобаларды іске асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және озық тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Кездесу бағдарламасында түлектердің Қазақстандағы жоғары білім мен қоғамның дамуына қосқан үлесі, Erasmus+ мүмкіндіктерін одан әрі пайдалану, сондай-ақ білім беру бастамаларының Еуропалық одақтың, соның ішінде цифрландыру және Global Gateway стратегиясы аясындағы басымдықтарына сәйкестігі де қамтылды.
Кездесу тәжірибе алмасуға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін инновациялық тұрғыдан дамытуға және халықаралық академиялық кеңістікке кірігуіне жол ашады.