Алматыда Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығы ашылды

Алматыда Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығы ашылды

Алматыда Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығы ашылды

21 қазанда Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінің Металлургия және байыту институтында Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталық екі ел ғалымдары мен инженерлерінің күш-жігерін біріктіріп, минералдық шикізатты терең өңдеу, сирек металдарды алу және жаңа материалдар өндіру технологияларын әзірлеуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанда жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді дамыту және отандық өнеркәсіптің технологиялық әлеуетін арттыру.

Орталықтың ашылуы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасымен сирек және сирек жер металдары саласындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытымен үндеседі. Мемлекет басшысы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысында ғылыми зерттеулерден бастап, шикізатты өндіру, терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын.

Салтанатты рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Корея Республикасының дипломатиялық корпусының, ғылыми ұйымдардың, тау-кен және металлургия кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны Металлургия және кен байыту институтының Бас директоры Бақдәулет Кенжеалиев ашып, Корея Республикасынан келген делегация мүшелерін құттықтады. Ол өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда сирек металдарды терең өңдеу және перспективалы материалдар алу технологияларын дамыту айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Бақдәулет Кенжеалиевтің айтуынша, жаңа орталық ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттауға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол бірлескен зерттеулердің нәтижелерін өнеркәсіпке енгізу және отандық кәсіпорындармен өзара іс-қимылды дамыту маңызды екенін атап өтті.

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Министр өз хатында орталықтың ашылуы отандық ғылым мен өнеркәсіпті дамыту және екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығын құру – елдеріміз арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы. Орталық минералдық шикізатты терең өңдеу технологияларын жетілдіруге, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін дамытуға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», – делінген министрдің құттықтау хатында.

Орталық екі елдің мемлекеттік органдарының қолдауымен құрылды. Жобаны Корея өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) мен Корея ұлттық сирек металдар институты (KORAM) Корея Республикасының дамуға ресми көмек көрсету бағдарламасы аясында жүзеге асырады.

KORAM директоры Пак Кён Тхэ жаңа орталықтың негізгі міндеттері туралы айта келе, кореялық технологияларды өндірістік үдерістерге енгізудің және жоғары технологиялық өнеркәсіпке қажетті материалдар шығарудың маңызын атап өтті.

«Жаңа орталық сирек металдарды өңдеу және жоғары деңгейде тазарту бойынша кореялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ жоғары технологиялық өнеркәсіпке қажетті материалдар өндіруге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда электроника, электромобильдер және басқа да заманауи технологиялар өндірісіне қажетті өнімдер шығаруды дамытуға жол ашады», – деді ол.

Ашылу рәсімі аясында Орталықтың Бірлескен басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Кездесу барысында тараптар зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мерзімдерін, мамандарды даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерін, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек, бірлескен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және орталықтың алдағы қызмет жоспары қарастырылды.

Орталықтың ғылыми-инфрақұрылымдық базасы ретінде Сәтбаев университетінің Металлургия және байыту институты таңдалды. Институт металлургия және минералдық шикізатты өңдеу салаларындағы көпжылдық ғылыми тәжірибесімен ерекшеленеді. Кореялық серіктестермен ынтымақтастық отандық ғалымдардың әлеуетін Корея Республикасының озық технологиялары және инженерлік тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатудың және ғылыми әзірлемелерді практикада қолданудың маңызын атап өтті.

«Біз өнеркәсіптік серіктестеріміздің орталық жұмысына белсенді қатысатынына сенім білдіреміз. Олардың нақты өндірістік міндеттері зерттеулердің басым бағыттарын айқындауға көмектеседі, ал бірлескен сынақтар ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге дайындауға мүмкіндік береді. Біз үшін орталық жұмысының нәтижелері өндіріс орындарында нақты қолданыс табуы аса маңызды», – деді Мейрам Бегентаев.

Сирек және сирек жер металдары электроника, энергетика, машина жасау және басқа да жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылады. Оларды өндіру мен өңдеудің заманауи технологияларын дамыту Қазақстанның минералдық-шикізат әлеуетін тиімді пайдалануға, отандық өндірісті әртараптандыруға және жоғары қосылған құны бар өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан-Корея сирек металдар технологиялары орталығының қызметі ғылыми зерттеулер мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға, озық технологияларды игеруге және Қазақстанның жоғары технологиялық өндірістерін дамытуға бағытталған.