Нобель сыйлығының лауреаты атанған топтың мүшесі Қазақстан университетінің құрметті профессоры атанды

Нобель сыйлығының лауреаты атанған топтың мүшесі Қазақстан университетінің құрметті профессоры атанды

Нобель сыйлығының лауреаты атанған топтың мүшесі Қазақстан университетінің құрметті профессоры атанды

Топырақтану, агроэкология және климаттық зерттеулер саласының маманы, мажар ғалымы Йожеф Жембелге (József Zsembeli) Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Йожеф Жембел Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және өмір туралы ғылымдар университетінің (MATE) атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде сеньор-лектор қызметін атқарады. Ол халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және Қазақстанның аграрлық саласына қажетті мамандарды даярлауға үлес қосып келеді.

Салтанатты рәсім ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, топырақ құнарлылығын сақтау және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелерін талқылауға арналған «Ауыл шаруашылығы және климатты қорғау» атты II халықаралық конференция аясында өтті. Жиынға Қазақстан мен Мажарстанның ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Йожеф Жембел Мажарстанның Карцаг қаласындағы Климаттық зерттеулер институтын басқарады. Оның ғылыми қызметінің негізгі бағыттарына топырақтағы көміртек теңгерімін зерттеу, ауыл шаруашылығындағы парниктік газдар шығарындылары мен олардың сіңірілуін бағалау, аграрлық өндірісті климаттың өзгеруіне бейімдеу және құрғақшылықтың теріс әсерін азайту тәсілдерін әзірлеу жатады.

Ғалым Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) ғылыми-сараптамалық жұмысына қатысқан. Аталған топ 2007 жылы климаттың өзгеруін зерттеуге және осы бағыттағы ғылыми білімді таратуға қосқан үлесі үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ие болды.

Профессордың ғылыми зерттеулері көміртекті егіншілікті дамытуда ерекше маңызға ие. Бұл бағыт топырақ ресурстарын сақтауға, климаттық тәуекелдерді азайтуға және ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қосымша экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Конференция барысында қатысушылар тұрақты егіншілік әдістерін енгізу, топырақ құнарлылығын арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және көміртек несиесі нарығын дамыту перспективаларын талқылады. Мажарстанның International Climate Change Solutions (ICCS) компаниясы Қазақстанда климатқа бағдарланған агротехнологияларды енгізуге және аграрлық сектордың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті халықаралық серіктестікті дамытып, шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланысын нығайту арқылы инновацияларды енгізуге және Қазақстанның тұрақты агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосып келеді.