
Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) Қазақстандағы филиалының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды оқиғаға айналып, филиалдың ширек ғасырлық қызметінің қорытындысын шығаруға мүмкіндік берді.
2001 жылы ашылған ММУ-дің Қазақстандағы филиалы Мәскеу мемлекеттік университетінің шетелдегі алғашқы филиалы болды. Осы уақыт аралығында ол 3 мыңнан астам түлек даярлап, іргелі университеттік білім беру дәстүрлерін заманауи ғылыми тәсілдермен ұштастыратын ғылыми-білім беру орталығы ретінде қалыптасты.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.
«Ширек ғасыр – берік академиялық дәстүр мен өз ісінің нағыз мамандарының көп жылғы жемісті еңбегін айғақтайтын маңызды белес. Осы жылдар ішінде әлемдік деңгейдегі беделді университеттің дипломын 3 мыңнан астам түлек иеленді. Қазақстандағы филиал еліміздің жетекші зияткерлік алаңдарының бірі, тың идеялар мен серпінді жобалардың бастау алатын орталығы ретінде лайықты бағаланады. Мұнда еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін іргелі зерттеулер жүргізіліп, перспективалы инновациялар әзірленіп келеді. ММУ филиалы екі ел арасындағы академиялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға елеулі үлес қосып келеді», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтауын Қазақстан Республикасындағы РФ уақытша сенімді өкілі, кеңесші-уәкіл А.Комаров атап өтті.
«Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірінің Қазақстанда филиалының ашылуы екі елде де ауқымды әрі маңызды оқиға болды. Бұл – біз қадір тұтатын ежелгі достық, тату көршілік пен өзара түсіністік дәстүрлерінің беріктігін айғақтайтын маңызды қадам. Талантты, өз ісіне адал оқытушылардың білімі мен тәжірибесінің арқасында университет осы жылдар ішінде қарқынды дамып, жасампаздық әлеуетін нығайтып келеді», – делінген құттықтауда.
Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек филиалдың жастар ғылымын дамытуға және екі ел арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
«Бүгін біз білім беру ұйымының мерейтойын ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығы тарихындағы маңызды белесті атап өтіп отырмыз. Қазақстандағы филиал Мәскеу мемлекеттік университетінің шетелдегі алғашқы филиалы болды. Ширек ғасыр ішінде ол қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтіп, іргелі университеттік білім берудің озық дәстүрлері мен заманауи ғылыми тәсілдерді ұштастырған ғылыми-білім беру кешеніне айналды», – деді министр.
Бүгінде филиал түлектері мемлекеттік органдарда, ғылыми және білім беру ұйымдарында, қаржы секторында және ірі компанияларда еңбек етіп, Қазақстанның экономикасы мен ғылымының дамуына үлес қосып келеді.
Филиалдың білім беру моделінің басты ерекшелігі – іргелі даярлықтың ғылыми-зерттеу қызметімен тығыз байланысы. Оқу үдерісіне ММУ-дің жетекші ғалымдары қатысып, студенттердің зерттеу, курстық және дипломдық жұмыстарына жетекшілік етеді. Үшінші курстан бастап студенттер Мәскеу университетінің кафедраларында маманданып, оның ғылыми мектептерінің жұмысына араласуға мүмкіндік алады.
Филиалдың ғылыми әлеуеті ММУ факультеттерімен өзара ынтымақтастық негізінде қалыптасып келеді. Қазіргі уақытта мұнда 14 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты және PhD докторы еңбек етеді.
Дамудың басым бағыттарының бірі – магистратура бағдарламаларын Қазақстанның ғылыми-технологиялық қажеттіліктеріне сәйкес жетілдіру. Филиалда математикалық модельдеу, деректерді талдау және жасанды интеллект, экология және табиғатты пайдалану, мәдениетаралық коммуникация және медиалингвистика, сондай-ақ экономикада, мемлекеттік басқаруда, статистика мен қаржы саласында заманауи талдау әдістерін қолдану бағыттары дамып келеді.
Салтанатты іс-шара аясында қызметкерлер мен ғылыми-білім беру қауымдастық өкілдеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградалары, сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетінің марапаттары табысталды.
Филиалға ҚР Құрылтайының Төрағасы, РФ Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков және мемлекеттік органдар мен академиялық қоғамдастықтың басқа да өкілдері құттықтауларын жолдады. ММУ ректоры, академик Виктор Садовничий бейнеқұттықтауын ұсынды. Құрметті қонақтардың қатарында ММУ делегациясының жетекшісі және Мәскеу университетінің профессоры, ММУ-дің Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович болды.
Филиал дамуының жаңа кезеңі заманауи ғимаратта жұмысын бастаумен байланысты. Бұл білім беру және ғылыми қызметті кеңейтуге, жаңа зерттеу орталықтарын құруға және Қазақстан ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Перспективалы бағыттардың қатарында жасанды интеллект, деректерді талдау және экологиялық мониторинг салаларындағы зерттеулер, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді Астана мен жалпы елдің өзекті мәселелерін шешуге қолдану бар.
Мерейтой аясында «Іргелі ғылым және заманауи білім беру: ММУ-дің Қазақстандағы филиалына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да өтті. Конференция ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдерін біріктіріп, іргелі ғылым мен заманауи білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.