
Бүгін, 14 қазанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан College Board SAT | AP Days халықаралық форумына қатысты.
Форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде министр жоғары білім беру жүйесін дамыту, жастардың академиялық мүмкіндіктерін кеңейту және студенттерді даярлау сапасын арттыру үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бұл ретте ол жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту Мемлекет басшысы айқындаған интернационалдандыру бағытына сәйкес келетінін атап өтті.
«Қазақстан әлемнің жетекші университеттерімен серіктестікті дамытып, микрокампустарды қоса алғанда, білім берудің инновациялық модельдерін енгізу арқылы жаһандық білім беру жүйесіне белсенді түрде кірігіп келеді. Орталық Азиядағы демографиялық өзгерістер шетелдік студенттерді тартуға, білім беру инфрақұрылымы мен ғылыми зерттеулерді дамытуға, білім сапасын арттыруға және университеттеріміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді министр.
Саясат Нұрбек сондай-ақ өз сөзінде жоғары білім беру жүйесін трансформациялаудың негізгі бағыттарына да тоқталып, академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім берудің инновациялық модельдерін енгізуге және шетелдік студенттерді тартуға ерекше назар аударды.
Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы мен College Board халықаралық коммерциялық емес ұйымы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов пен College Board вице-президенті Руши Шет қол қойды.
Меморандум академиялық ынтымақтастықты, ең алдымен, жоғары оқу орындарына түсу кезінде білімді халықаралық бағалау саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта белгіленген қағидаларға сәйкес SAT нәтижелері ACT, International Baccalaureate (IB), A Level, IELTS және TOEFL сияқты басқа да халықаралық емтихандар мен бағдарламалардың нәтижелерімен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) балдарына аударылады.
College Board ұйымымен ынтымақтастық халықаралық тәжірибені зерделеуді және білім беру емтихандарының нәтижелерін Қазақстанның жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды жалғастыруға жол ашады.
Атап айтқанда, тараптар Advanced Placement (AP) бағдарламасының нәтижелерін есепке алу тәсілдерін, жоғары оқу орындарының осы бағдарламаның мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыруды және халықаралық емтихандар нәтижелерін ұлттық жоғары білім беру жүйесінде тану тетіктерін жетілдіруді қарастырмақ.
College Board SAT | AP Days форумы Оңтүстік және Орталық Азия елдерінен білім беру саласының өкілдерін, шешім қабылдауға қатысатын тұлғаларды және қоғамдық пікір көшбасшыларын біріктірді. Қатысушылар мектеп оқушыларын колледждер мен университеттерде білім алуға дайындау, білімге қолжетімділікті кеңейту және білім беру жүйесінің түрлі деңгейлеріндегі педагогтердің алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылады.