
AI-Sana көрмесі аясында Astana IT University студенттері әзірлеген Cortex AI жобасы таныстырылды. Жасанды интеллектіге негізделген шешім генетикалық деректерді пайдалана отырып, трансплантацияланған ағзаның қабылданбау қаупін болжауға бағытталған. Жоба дәрігерлердің клиникалық шешім қабылдауына қолдау көрсететін қосымша құрал бола алады.
Cortex AI жүйесі метаболизмнің 33 параметрін талдап, алынған деректер негізінде медицина мамандарына арналған егжей-тегжейлі есеп қалыптастырады. Бұл әзірлеме дәрігерлерге трансплантаттың қабылданбау ықтималдығын бағалауға және клиникалық шешім қабылдау кезінде қосымша ақпарат алуға көмектесуге арналған.
«Біз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен ұзақ уақыттан бері ынтымақтастық орнатып, AI-Sana бағдарламасының қолдауымен жобамызды дамытып келеміз. Өткен жылы командамыз Best Biomedical Startup номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Бағдарламаға қатысу өзге университеттердің әзірлемелерімен танысуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жобаны одан әрі дамытуға қажетті жаңа білім мен мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады», – деді жобаны әзірлеуші Ернұр Сырлыбаев.
Оның айтуынша, стартаптың дамуына Astana IT University тарапынан көрсетілетін қолдау да маңызды рөл атқарады. Университеттің қолдауы өнімді жетілдіруге ғана емес, жобаны ілгерілетуге де ықпал етеді.
Cortex AI командасы Empower Me, Digital Kazakhstan және NACTS World Cup сияқты бірқатар стартап байқауларында да жетістіктерге жетті. Алдағы басым бағыттардың қатарында халықаралық нарықтарға, соның ішінде Қытай мен Оңтүстік Корея нарықтарына шығу бар. Команда осы елдерде пилоттық жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.
Cortex AI әзірлемесі биомедицина саласында жасанды интеллектіні қолданудың әлеуетін және денсаулық сақтау саласының нақты міндеттерін шешуге бағытталған технологиялық жобаларды әзірлеудегі студенттік командалардың үлесін көрсетеді.
Жоба AI-Sana экожүйесі аясында дамып келеді. Бұл экожүйе жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға, студенттік бастамаларды қолдауға және Қазақстан университеттері базасында инновациялық шешімдерді дамытуға жағдай жасайды.