ҚазҰУ-да «Smart жылыжай» агробиостанциясы құрылады

ҚазҰУ-да «Smart жылыжай» агробиостанциясы құрылады

ҚазҰУ-да «Smart жылыжай» агробиостанциясы құрылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың екі компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Оқу ордасының базасында «Smart жылыжай» агробиостанциясы құрылады. Жоба ҚазҰУ мен Henan Wonjoy Supply Chain Management Co., Ltd. компаниясының бірлескен инвестициясы негізінде жүзеге асады. Агробиостанцияда өсімдіктерді клондық микроөсіру зертханасы және тәжірибелік өндіріс алаңдары жұмыс істейді.

Ақылды жылыжайда суару, қоректендіру және микроклиматты автоматты басқару технологиялары сынақтан өткізіледі. Мұнда қызанақ, қияр, бұрыш және жасыл дақылдарды өсірудің тиімді тәсілдері зерттелмек. Университет базасында ашылатын клондау зертханасында өсімдіктерді «in vitro» әдісімен көбейту технологиясы қолданылады. Алынған көшеттер жылыжай жағдайында бейімделіп, кейін зерттеу нәтижелері өндірісте сынақтан өткізіледі.

Агробиостанция сонымен қатар биология, биотехнология және өсімдік шаруашылығы бағытындағы магистранттар мен докторанттар үшін тәжірибелік базаға айналады. Білім алушылар ғылыми зерттеулерге қатысып, заманауи жылыжай технологиялары мен өсімдіктерді клондық микроөсіру әдістерін меңгереді.

Жоба аясында ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға да басымдық берілмек. Болашақта агробиостанцияда өндірілген көшеттер мен жылыжай өнімдерін нарыққа шығару, сондай-ақ сынақтан өткен технологияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына енгізу жоспарланып отыр.

Қытай компаниясымен жасалған екінші келісім мұнай-газ саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Яғни ҚазҰУ мен Dalian Yuke Environmental Technology Co., Ltd. компаниясы мұнай-газ нысандарындағы өндірістік процестердің энергия тиімділігі мен сенімділігін арттыруға арналған заманауи технологияларды бірлесіп әзірлеп, енгізуді қарастырады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу. Тараптар мұнай-газ объектілерінің энергиямен жабдықталу процестерін зерттеп, энергия тұтынуды азайту және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын анықтайды.

Сонымен қатар тараптар энергия тұтынуды бақылау, басқару және оңтайландыруға арналған интеллектуалды жүйелерді әзірлеуге ниетті. Бұл бағытта цифрлық технологиялар, автоматтандыру, жасанды интеллект және деректерді талдау құралдарын пайдалану көзделген.

Меморандум аясында мұнай-газ кәсіпорындарында жаңартылатын энергия көздерін, энергия жинақтау жүйелерін және гибридті энергетикалық жүйелерді қолдану мүмкіндіктері де зерттеледі.