
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан AI-Sana ұлттық білім беру бағдарламасы жасанды интеллект технологияларын меңгерген және оларды экономиканың түрлі салаларында тиімді қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған. Бағдарлама заманауи білім беру әдістемелерін халықаралық тәжірибемен ұштастырып, студенттердің технологиялық құзыреттерін, жобалық жұмыс дағдыларын және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға басымдық береді.
AI-SANA білім беру модульдері әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының халықаралық сарапшылары мен профессорларының қатысуымен әзірленген. Бұл бағдарламаның мазмұнын жасанды интеллект саласындағы жаһандық үрдістер мен еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіруге мүмкіндік берді.
Ualikhanov University-де AI-SANA бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылып, бүгінде білім беру, ғылыми-зерттеу және технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін кешенді экожүйеге айналды.
Бағдарлама аясында университеттің 8 мыңға жуық студенті жасанды интеллект негіздері бойынша оқудан өтті. Оның ішінде 2 мыңға жуық студент бағдарламаның екінші кезеңін аяқтап, стартаптар мен қолданбалы жобаларды әзірлеуге кірісті. Қазіргі уақытта студенттер ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және цифрлық сервистер бағытында AI шешімдерін әзірлеп жатыр.
AI-SANA бағдарламасының университетте іске асырылу тәжірибесі халықаралық академиялық қауымдастықтың да назарын аударды. 2026 жылғы маусымда университетке Woosung University (Оңтүстік Корея) атқарушы деканы, AI-SANA білім беру модульдерін әзірлеушілердің бірі профессор Ю Тэк Ли келді.
Сапар барысында профессор бағдарлама кураторлары және оқытушылар құрамымен кездесіп, AI-SANA бағдарламасының іске асырылу барысымен, студенттердің жобаларымен танысты. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын заманауи компаниялардың қызметіне енгізу мәселелеріне арналған семинар өткізіп, цифрлық трансформация саласындағы халықаралық тәжірибемен бөлісті.
Профессордың айтуынша, бүгінгі таңда жасанды интеллект экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторға айналып отыр. Сондықтан білім беру бағдарламалары студенттерге AI құралдарын пайдалануды ғана емес, оларды нақты өндірістік және әлеуметтік міндеттерді шешуге тиімді қолдану құзыреттерін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Ю Тэк Ли Ualikhanov University студенттерінің жобалық қызметке белсенді қатысуын жоғары бағалап, университетте AI-SANA бағдарламасының жүйелі әрі тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, білім беру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікті өзара ықпалдастыру жасанды интеллект дәуірінде сұранысқа ие мамандарды даярлаудың тиімді моделі.
Бүгінде Ualikhanov University-де AI-SANA бағдарламасы білім беру үдерісімен қатар инновациялар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тиімді экожүйе ретінде қалыптасып келеді. Бұл модель студенттердің қолданбалы AI шешімдерін әзірлеуіне, стартаптарды дамытуына және экономиканың нақты секторына қажетті технологиялық жобаларды іске асыруына мүмкіндік береді.