
Kozybayev University Агротехнология факультетінің 33 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде оқуын сәтті аяқтады. Бағдарламаға «Агрономия» білім беру бағдарламасының 17 студенті және «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының 16 студенті қатысты.
Оқу барысында студенттер өсімдік және мал шаруашылығы салаларындағы заманауи технологияларды меңгеріп, агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдерді зерделеді. Сондай-ақ Қытай университетінің жетекші ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамының дәрістеріне қатысып, тәжірибелік дайындықтан өтіп, эксперименттік алқаптар мен ғылыми зертханаларда практикалық жұмыстар жүргізді. Бұдан бөлек, қатысушылар ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу мәселелері бойынша кеңестер алды.
Бағдарлама білім беру компонентімен қатар мәдени-танымдық модульді де қамтыды. Студенттер Қытай Халық Республикасының тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысып, музейлер мен тарихи-мәдени нысандарды аралады. Бұл олардың мәдениетаралық құзыреттерін дамытуға, халықаралық дүниетанымын кеңейтуге және академиялық байланыстарын нығайтуға ықпал етті.
Қытайдың Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті – елдегі жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірі әрі Kozybayev University-дің стратегиялық серіктесі. 33 студенттің осы университетке білім алуға жіберілуі оқу орны жүзеге асырған академиялық ұтқырлық бағытындағы ең ауқымды жобалардың бірі саналады және жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бағдарламаның ерекшелігі – оған 1-3 курс студенттерінің қатысуы. Бұл білім алушыларды даярлаудың бастапқы кезеңінен-ақ халықаралық академиялық ортаға тартуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл зерттеушілік құзыреттерді қалыптастыруға, әлемдік озық тәжірибелерді меңгеруге және қазіргі аграрлық салада сұранысқа ие кәсіби дағдыларды дамытуға ықпал етеді.
Бағдарлама қорытындысы бойынша барлық қатысушы оқу курсын табысты аяқтап, халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды. Студенттердің алған білімдері, практикалық тәжірибесі мен кәсіби құзыреттері олардың оқу және ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған бірлескен халықаралық жобаларды іске асыруға негіз болады.