ШҚУ студенттерінің AI-жобалары: цифрлық көмекшілерден интеллектуалды диагностикаға дейін

ШҚУ студенттерінің AI-жобалары: цифрлық көмекшілерден интеллектуалды диагностикаға дейін

ШҚУ студенттерінің AI-жобалары: цифрлық көмекшілерден интеллектуалды диагностикаға дейін

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіруге және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған «AI-Sana» ұлттық бастамасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға қатысқан 8 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, заманауи цифрлық құралдарды тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастырды.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде студенттер AI негіздері, машиналық оқыту, деректерді талдау және заманауи цифрлық технологияларды қолдану бағыттарында білім алды. Оқу нәтижесі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген 2 мыңнан астам студент бағдарламаның екінші кезеңіне қабылданды. Қазіргі таңда олардың шамамен 50 пайызы оқуын сәтті аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Қалған студенттер білім алуын жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта бағдарламаның үшінші кезеңін іске қосу жоспарланған.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың экономика мәселелері және цифрландыру жөніндегі проректоры Ерқат Мұқажановтың айтуынша, жасанды интеллект бағытындағы білім беру студенттердің технологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың жаңа идеяларды өз бетінше жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

«Бүгінде жасанды интеллектіні меңгеру – заманауи маман үшін маңызды дағдылардың біріне айналды. «AI-Sana» бағдарламасы студенттерге жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін теория жүзінде танып қана қоймай, оларды нақты жобаларда қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Жастардың өз идеяларын цифрлық өнімдерге айналдырып, білім беру, әлеуметтік және ғылыми бағыттардағы нақты мәселелерді шешуге ұмтылысы қуантады. Бұл олардың шығармашылық және зерттеушілік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Ал біздің міндетіміз осындай бастамаларды қолдау», – деді Ерқат Мұқажанов.

Осы бағытта университет студенттері мен жас зерттеушілері түрлі саладағы нақты міндеттерді шешуге арналған бірқатар цифрлық өнім әзірледі.

Олардың қатарында талапкерлерге қажетті ақпаратты ұсынуға арналған AI Talapker цифрлық көмекшісі, оқытушыларға оқу материалдарын әзірлеуге көмектесетін AI-Ustaz жүйесі және инклюзивті білім беруді қолдауға бағытталған Dana Bala әлеуметтік жобасы бар.

Сонымен бірге студенттер қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған Financial Magnat VKU Bot, құқықтық мәселелер бойынша кеңес беретін ZanGid VKU Bot, университет кітапханасының жұмысын жеңілдетуге бағытталған VKU Library Bot жобаларын әзірледі.

Білім беру ортасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Anti-Bullying цифрлық көмекшісі, бағдарламалық кодты интеллектуалды талдауға арналған CodeCheck VKU жүйесі де студенттердің жасанды интеллект технологияларын нақты міндеттерді шешуге бағыттап отырғанын көрсетеді. Ал TB-agent жобасы терең оқыту технологияларын пайдалана отырып, өкпе ауруларын ерте диагностикалауға бағытталған.

Аталған жобалар студенттердің инженерлік және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын білім беру, әлеуметтік және ғылыми салалардағы өзекті мәселелерді шешуге пайдаланудың нақты мысалдарын көрсетеді.

«AI-Sana» бағдарламасының нәтижелері С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жасанды интеллект бағытындағы білім, зерттеу және практикалық әзірлемелерді біріктіретін жаңа орта қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастама студенттердің цифрлық құзыреттерін арттырып, болашақта заманауи технологияларды еркін меңгерген білікті мамандар даярлауға негіз болады.