
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде ғылым және жоғары білім саласындағы әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Салалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
ҚР ҒЖБМ Аппарат басшысы Мадияр Қожахметтің төрағалығымен өткен отырыста қатысушылар Салалық комиссияның 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының іске асырылу мәселелерін қарастырып, ғылым және жоғары білім беру ұйымдарындағы жұмыс берушілер, кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымдарының өкілдері арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамытудың өзекті бағыттарын талқылады.
Салалық комиссияның 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ құқықтық инспекторы А.Ж.Бектабанов баяндама жасады.
Отырыс барысында әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз етуге және әлеуметтік диалог тетіктерін нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Сонымен қатар «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Б.Сейдеш университеттегі әлеуметтік серіктестікті ұйымдастыру, әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесі, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау шаралары туралы ақпарат ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ғылым және жоғары білім саласындағы әлеуметтік серіктестік жүйесін одан әрі нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.