
М.Тынышпаев атындағы ALT University мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының делегациялары Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы ғылымдар орталығының «Көлік ғылымы» секциясы аясында көшпелі стратегиялық отырыс өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар Алматы метрополитенінің бірқатар нысандарын аралап, жаңа метро станциясының құрылыс барысымен танысты. Делегацияға «BCN Group» ұйымының басқарушы директоры әрі жоба жетекшісі Мұрат Укшебаевтың басшылығымен техникалық экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында салынып жатқан станцияның туннелі көрсетіліп, құрылыс кезеңдері, қолданылып жатқан инженерлік шешімдер, туннель жүргізу технологиялары және қауіпсіздік шаралары таныстырылды. Жер асты инфрақұрылымын салудағы күрделі геологиялық жағдайлар мен инновациялық тәсілдерге ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында ALT University мен Көлік ғылымдары және технологиялары институтының өкілдері метро құрылысының практикалық қырларымен танысып, сала мамандарына сұрақтар қойды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаларды ғылыми және білім беру қауымдастығы тарапынан сүйемелдеудің перспективалары талқыланды.
М.Тынышпаев атындағы ALT University Басқарма төрағасы - ректоры Меруерт Жармагамбетова жобаның қала мен ел үшін стратегиялық маңызын атап өтті:
«Метрополитен құрылысы – қаланың және елдің дамуына еңбек сіңірген бірнеше буын мамандарын біріктіретін ірі әрі маңызды жоба. Университет ретінде біз бұл іске белсенді түрде атсалысуға дайынбыз. Студенттер үшін нақты өндірістік нысандарды өз көзімен көріп, тәжірибе жинақтау – сапалы маман даярлаудың маңызды шарты. Дуалды білім беру, қолданбалы тағылымдамалар мен практикалық оқыту формалары саланың сұранысына сай кадрларды даярлауға мүмкіндік береді».
Құрылыс нысандарын аралағаннан кейін стратегиялық сессияның негізгі бөлігі «Метропроект» жобалау ұйымының базасында жалғасты. «Көлік ғылымы» ғылыми секциясының төрағасы, академик, Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының директоры Бағдат Телтаев метро құрылысына жетекші ғалымдардың қатысуымен жүйелі ғылыми сүйемелдеудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мегагранттық жобалар аясында қолданбалы инженерлік шешімдерді әзірлеу, білікті кадрлар даярлау және жер асты көлік инфрақұрылымы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көзделіп отыр.
Іс-шараның практикалық бөлімінде «Метропроект» ЖШС директоры Мұратбек Күлбаев Алматы метрополитенінің жаңа желілерін жобалау, салу және пайдалануға беру кезеңдері туралы баяндап, жер асты көлік инфрақұрылымын кеңейтудің стратегиялық бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар Алматы қаласының көлік жүйесін дамыту жоспарлары, LRT жобаларын іске асыру және метро, LRT мен қоғамдық көлікті бірыңғай тұрақты көлік экожүйесіне біріктіру перспективалары ұсынылды.
Инфрақұрылымдық жобаларды кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Қалқаман» метро станциясы құрылысы жобасының жетекшісі Мұрат Укшебаев салада білікті мамандар тапшылығы бар екенін атап өтіп, тұрақты даму үшін кадрларды жүйелі даярлау қажеттігін айтты.
ALT University тарапынан жер асты көлік инфрақұрылымы саласына мамандар даярлау жөніндегі кешенді тұжырымдама таныстырылды. Онда білім беру бағдарламаларын нақты өндірістік жобалармен ықпалдастыру, студенттерді құрылыс алаңдары мен жобалау ұйымдарының жұмысына тарту, сондай-ақ ғылым, білім және индустрия арасындағы байланысты күшейту бағыттары қамтылды.
Атап айтқанда, университет «университет – метрополитен – индустрия» ынтымақтастық моделін қалыптастыру және метро саласына кадр даярлайтын стратегиялық білім беру кластерін құру бастамасын ұсынды. Бұл модель аясында мақсатты білім беру бағдарламаларын іске асыру, салалық зертханалар мен ғылыми алаңдар құру, дуалды және корпоративтік оқытуды енгізу, микроквалификациялар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын дамыту жоспарланған.
Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша ALT University, жобалау ұйымдары мен мердігер мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Мұндай форматтағы іс-шаралар академиялық білімді нақты инженерлік тәжірибемен ұштастырып, заманауи инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қажетті білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.