Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі жаңадан бекітілді

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі жаңадан бекітілді.

 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің                   2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі бекітілді.

Біліктілік талаптары – өтініш берушінің және лицензиаттың жекелеген лицензияланатын қызмет түрімен және (немесе) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрімен айналысу қабілетін сипаттайтын, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру кезінде де, оның жарамдылығы уақытының бүкіл кезеңінде де қойылатын сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштер жиынтығы.

Бекітілген жаңа Біліктілік талаптары 4 бөлімнен, 53 тармақтан тұрады: негізгі біліктілік талаптары (12), бейіндік біліктілік талаптары (22), онлайн-оқыту үшін (9), ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша немесе халықаралық шарттар негізінде құрылған шетелдік оқу орындарының филиалдары үшін біліктілік талаптары (10).

Негізгі біліктілік талаптарына – білім беру бағдарламасының болуы және оның нормативтік талаптарға сәйкестігі, кітапханалық қордың, медициналық пункттердің, тамақтану объектілерінің, оқу ғимараттарының, зертханалардың және техникалық оқу құралдарының, біліктілікті арттырудың, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалар үшін қажетті жағдайдың, жатақханалардың, арнайы ғылыми базаның, лицензияланған бағдарламалардың, бөтен материалдың бар-жоғын тексеруге арналған компьютерлік бағдарламаның, құжаттардың электронды мұрағатының және т.б. болуын қамтамасыз ету жатады.  

Білім беру деңгейлеріне қойылатын бейінді біліктілік талаптары ретінде профессор-оқытушылар құрамының сандық және сапалық көрсеткіштері, ғылыми жетекшілік, практиканы ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар, ғылыми ынтымақтастық және т.б. болып табылады.

Біліктілік талаптарына сәйкестік Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2022 жылғы 29 қарашадағы № 164 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен реттелетін мемлекеттік қызмет көрсетуге жататын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін заңды тұлғаларға білім беру қызметімен айналысуға лицензия берудің негізгі шарты болып табылады.

Мемлекеттік қызметті Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті көрсетеді, көрсету мерзімі көрсетілетін қызметтің түріне байланысты 3 (үш) күннен 30 (отыз) жұмыс күніне дейін қамтиды. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтінім www.egov.kz, www.elicense.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы тек электронды түрде ғана қабылданады.

Ескерту: жаңа Біліктілік талаптары ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң күшіне енеді.

 

 

Дата публикации
15 января 2024