
Түркістан – ӘМАТ бағасының өсу қарқыны ең төмен өңір. Өңірде баға индексі ижыл басынан -2,6% құрады. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сай, Түркістанда жыл басынан ӘМАТ тізіміндегі 19 тауардың 11-і айтарлықтай арзандаған.
Түркістанда сәбіз -10,6 %, күнбағыс майы -11,5 %, қырыққабат 17,1%, қарақұмық жармасы 30%, сиыр еті 2,6%, айран 0,3%, сүзбе 3,8%, сүт 1,4%, С1 санатындағы жұмыртқа 0,2%, күріш 3,8 % арзандаған.
Мәселен, қаңтарда сәбіздің бағасы 151 теңге болса, қазір 143 теңге тұрады. Жыл басында күнбағыс майы 742 теңге болса, желтоқсандағы баға 670 теңге. Қырыққабаттың бағасы 2024 жылдың қаңтарында 123 теңге болған. Қазір оның құны 102 теңге. Қарақұмық жармасының келісі Түркістанда жыл басында 323 теңге болса, қазір 236 теңге. Биылғы жылдың басында сиыр етінің келісі 2489 теңге болған, қазір баға – 2424 теңге. Сүт қаңтардағы бағасы – 282 теңге. Қазір 278 теңгеден саудалануда.
«Өңірлік департамент мамандары сауда заңнамасының сақталуына қатаң мемлекеттік бақылау жүргізіп келеді. Жалпы биыл сауда саласы бойынша 331 әкімшілік іс-қозғалған болса, оның 251 –і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асыра белгілеу бойынша хаттама толтырылды. Заңның 204-4 және 193-4 баптары бойынша 251 кәсіпкерге ескерту берілсе, 74 кәсіпкерлік субъектісіне 946 908 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру әрі Сауда заңнамасын түсіндіру мақсатында ақпараттық сипаттағы 170-тен аса іс-шара өткіздік», - деді Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Болатбек Қыстауов.