Павлодарда бағаны тұрақтандыру бойынша меморандум жасалды

Павлодарда бағаны тұрақтандыру бойынша меморандум жасалды

Павлодар облысының әкімдігінде өңірдегі 22 ауылшаруашылық  өнімдерін өндіруші 2024-2025 жылдардың қыс-көктем мерзіміне қажетті картоп пен сәбіз көлемін егу және бағаны тұрақтандыру бойынша меморандумға қол қойды. Өнім өндірушілер әлеуметтік дүкендерде, фермерлік базарларда және аймақтың апталық ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде картоптың келісін  110-120 теңгеден, сәбіздің келісін 90-100 теңгеден сатуға міндеттеме алды.

Сондай-ақ, облыс нарығын көкөніспен қамтамасыз ету үшін маусымаралық кезеңде 10 000 тонна картоп, 3 000 тонна сәбіз егу жоспарлануда, ай сайын 1 290 тонна картоп және 433 тонна сәбіз сатуға шығарылады. Шаруалар көкөністердің сапасына кепілдік беріп отыр.  Меморандумның мерзімі биылғы  жылдың 19 қарашасынан 2025 жылдың 1 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.  Меморандумға қол қойған барлық шаруа мемлекеттік қолдау алады. Олар ауылшаруашылық техникасын, тыңайтқыштарды, тұқым сатып алуға инвестициялық субсидиялар алған.