
Сотталушы Сауда комитетінің Қостанайдағы департаментіне тергеу изоляторының аумағындағы дүкенде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбат бағада сатылып жатқаны туралы шағым қалдырды. Аталған факт бойынша өңірлік Департамент ҚР ІІМ ҚАЖК «№76 мекемесінің» аумағында өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру ашты.
Тексеріс кезінде кәсіпкердің ӘМАТ тізбесіне кіретін пиязды сатып алынған бағадан 30% қымбат, шекті сауда үстемесін арттырып, 160 теңгеден сатқаны анықталды.
«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабын бұзғаны үшін (ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесін асырғаны үшін) кәсіпкер «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 204-4-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту берілді.
Қазір Қостанайда пияздың орташа бағасы 115 теңге. Жалпы жыл басынан өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесіне кіретін күнбағыс майы 12,4%, қырыққабат 15,4%, қарақұмық жармасы 30,3%, бірінші сортты бидай ұны 2,9% және жұмыртқа 2,4% арзандаған.
Қостанай облысында сауда заңнамасының бұзылуына тап болсаңыз, 8 705 320 31 00 жедел желіге хабарласуға немесе Әл-Фараби 115/1, 525 кабинет мекен-жайына жазбаша шағым қалдыруға болады.