Абай облысында әлеуметтік азық-түліктің 8 түрінің бағасы төмендеді

Абай облысында  әлеуметтік азық-түліктің 8 түрінің бағасы төмендеді

Абай облысында 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 8 өнімнің бағасы арзандады. Бірінші сортты бидай ұны 10,3%, қарақұмық 24,3%, тұздалмаған сары май 0,6%, пастерленген сүт 0,3%, ірімшік 0,1%, ақ қырыққабат 5,7% және жұмыртқа (1 санат) 12.7% бағасы төмендеді.

Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ӘМАТ бағасының өсу қарқынын тежеу үшін жұмыс жүргізуде.

Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңында көрсетілгендей ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесінің мөлшері енгізілген, яғни сатушы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушіден сатып алған бағасынан 15%-дан асырмауы керек.

Жыл басынан Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметі туралы заңнаманың осы талабын бұзғаны үшін 106 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданды. Әкімшілік шараға іліккен көтерме жеткізушілер ішінде  «Эмтрейд» ЖШС, «Номад сауда» ЖШС, ЖК «Грот» және ЖК «Сапаков» сауда нысандары бар.

Жергілікті атқарушы орган мен Департамент сауда субъектілері арасында ӘМАТ баға саясатына қатысты заң талаптары бойынша тұрақты түрде  ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.