Өткен аптада азық-түлік тауарының 8 түрі арзандады

Өткен аптада азық-түлік тауарының  8 түрі арзандады

27 шілдеде вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте елдегі азық-түлік қорлары мен бағалардың жай-күйі қаралды. Өткен аптаның қорытындысы бойынша  азық-түлік тауарының 8 түрі арзандады. Жұмыртқа-0,7%-ға, айран – 0,5%-ға, сары май және қарақұмық жармасы – 0,4%-ға, күріш пен ұн – 0,2%-ға, қант пен рожки – 0,1%-ға арзандаған. Нан, сүт, сүзбе, сиыр еті және тұз бағасының орташа индексі тұрақты.

7 өңірде баға индексі тұрақты – олар Алматы қаласы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Жетісу облыстары. 6 өңірде бағаның төмендеуі байқалады. Ұлытауда баға  0,4%-ға, Шымкент және Павлодар облыстарында  0,2%-ға, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында 0,1%-ға азық-түлік тауарлары арзандаған, - деп хабарлады сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Маусымаралық кезеңде әлеуметтік көкөністердің бағасын тұрақтандыру үшін өңірлерде 137,9 мың тоннаға келісімшарттар жасалды.  Аймақтардың басым бөлігі сәбіз мен пиязға, картоп пен қырыққабатқа күзгі-қысқы келісімшартқа отырды.

Сәбіз бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация  келісімшарттары 22,1 мың тоннаны құрайды, бұл ұсынылатын қажеттілік көлемінің 115%-ы, пияз бойынша - 24,2 мың тонна (қажеттіліктің 169%), картоп бойынша - 74,3 мың тонна (94%), қырыққабат бойынша - 17,1 мың тоннаға (85%) келісім-шарт жасалды,-деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі  Ермек Кенжеханұлы.

Кеңесті қорытындылай келе, Серік Жұманғарин күзгі-қысқы көкөністерге арналған келісімшарт көлемі  төмен өңірлерге бағаның өсуіне жол бермеу үшін форвардтық келісім-шарттар жасасу жұмысын күшейтуді тапсырды.