
Таразда өңірлік ӘКК, сауда желілері мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы пияз өндірушілерінің ауқымды жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкенің негізгі міндеті - қыста және маусымаралық кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін алдын ала меморандумдар жасау.
Өткен жылы Үкіметте бағаны тұрақтандыру тәсілдері қайта қаралды. Жаңа шаралардың мәні – ӘМАТ-тың кейінгі жеткізілімдерін аванстау мақсатында фермерлерге қаржыландыруды алдын ала ұсыну. Бүгінгі таңда облыстарда осы мақсаттарға бюджеттен 118 млрд теңге көлемінде қаражат, оның ішінде 17,9 млрд теңге форвардтық сатып алуға қарастырылған, бұл тауар өндірушілермен келісім-шарт жасасуға мүмкіндік береді.
Жәрмеңкеде 60-тан астам өндіруші аймақта өсірілетін ерте және кеш пісетін пияздың саналуан сорттарын ұсынды. Өткізілген жәрмеңкенің қорытындысы бойынша өңірлік ӘКК мен өңірдің өндірушілері арасында 8,8 мың тонна пияз жеткізуге меморандумдарға қол қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың маусым айында Қызылорда қаласында «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» атты жәрмеңке өтті, онда Қызылорда облысының күріш өңдеу кәсіпорындары, ӘКК және басқа өңірлер кәсіпкерлері арасында шамамен 3 млрд теңгеге тікелей форвардтық келісімшарттар мен меморандум жасалды.