
Ағымдағы жылдың 7 тамыз күні Ұлытау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Ж.А. Ахметов облыс әкімінің төрағалығымен аппараттық кеңесте 2023 жылдың 1 жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Баяндама барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мәнінен асып кеткен кәсіпкерлер туралы және өңірлік комиссияның жұмысы туралы толық ақпарат ұсынылды.
Ұлытау облысында соңғы жеті айда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен электрондық шот фактураларды талдау барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті мәнін асырып сатқан фактілер анықталды.
Аталған фактілер аясында заң талаптарын бұзған 23 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 9 кәсіпкер ескерту түрінде жазаға тартылса, 14 кәсіпкерге 520 950 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар 4 кәсіпкер «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алып, сауда үстемесінің шекті мәнін асырып сатқан фактілер анықталып, кәсіпкерлер тиісті түрде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.