
2023 жылғы 23 ақпанда Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Д.Д.Қабдушевтың төрағалығымен Павлодар қаласы әкімдігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың (СЭБ департаменті, ТЖ департаменті, МК департаменті, ветеринария басқармасы) сауда базарларымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында заңнамадағы жоспарланған өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді («Ақпараттық жүйеде тіркеу қағидаларын бекіту туралы», «Сауда базарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, аумақты күтіп ұстауға, сауда базарын жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» жоба). Жоспарланған өзгерістердің негізгі аспектілері, сондай-ақ 2023 жылдың 3 наурызына дейін Ашық НҚА веб-сайтында аталған құжаттарды талқылауға қатысу мүмкіндігі жарияланды. Сонымен қатар, кездесу барысында ӘМАТ бағасын ұстау, тиімсіз делдалдарды шеттету, заңды түрде белгіленген сауда маржасын сақтау қажеттігі, сондай-ақ сауда базарының бар проблемалары мен ұсыныстары талқыланды.
Талқылау барысында кәсіпкерлік субъектілерінде жоспарланған өзгерістер бойынша ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер туындады. Барлық сұрақтарға жауаптар берілді. Бұл ретте, кездесу қорытындысы бойынша заңнамадағы ұсынылған өзгерістерді бизнес-қоғамдастық қолдады.
Ұйымдастырылған жиынға сауда базарларының барлық өкілдері шақырылды. Алайда әртүрлі себептермен барлығы бірдей қатыса алмады. Осыған байланысты сауда базарларына жоспарланған өзгерістер туралы қосымша хабарлама хаттары, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы хаттар жолданды.