
Алматы қаласы Сауда департаментінің қызметкерлері «Қоғамдық сананы жаңғырту» жобасы аясында Қала күніне және «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің 55 жылдығына арналған «Алматы түні» көрмесінің ашылуына қатысты.
Көрмені аралау барысында, Департамент қызметкерлері «Дос-Мұқасан» тобының қызметімен танысуға мүмкіндік алды.
1967 жылы 1 тамызда Павлодар облысының Баянауыл ауылында Қазақ политехникалық институтының студенттерінен құралған «Дос-Мұқасан» тобының алғашқы концерті өтті. Топтың алғашқы мүшелері – Досым Сулеев, Мұрат Құсайынов, Хамит Санбаев, Александр Литвинов қатысқан бұл концерт қазақ өнеріндегі айтулы оқиға болды.
«Дос-Мұқасан» тобының арқасында халық әндері жаңа түске ие болды. «Қазақ Битлзіне» айналған топ, жанкүйерлердің жүрегін бірден жаулап алды. Араға жылдар салып, ансамбль түрлі марапаттар мен бүкілодақтық байқаулардың лауреаты атанды.
Сонымен қатар, көрмеде «Дос-Мұқасан» тобының жеке мұрағатында сақталған 200-ден астам экспонат: сахналық костюмдер, музыкалық аспаптар, марапаттар, концерттік афишалар, фотосуреттер мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
Бұл іс-шараға қатысудың мақсаты мәдени және рухани құндылықтардың деңгейін арттыру болып табылады.