
Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы Сауда департаментінің қызметкерлері "Аманат" партиясы Өскемен қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелерімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті рұқсат етілген сауда үстемесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Түсіндіру жұмысының мақсаты ішкі сауда субъектілерін "Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңының 9-бапқа сәйкес, шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспау туралы хабардар ету болды.
Сауда субъектілеріне, сондай-ақ "Әлем", "Globus" сауда үйлерінің әкімшілігіне шекті бағадан асып кетпеуге қатысты жадынамалар таратылды.
Түсіндіру жұмысы барысында сауда субъектілері жоғарыда көрсетілген "Сауда қызметін реттеу туралы" заңнан хабардар екендіктерін айтып, шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтайтындарын, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға белгілерін белгілейтіндерін хабарлады.
Сондай-ақ, "Аманат" партиясы Өскемен қалалық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері жұмыс тобымен бірлесіп, жұмыс орнындағы әрбір сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар тауарларға жүкқұжаттары болуы керектігін айтты.