Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы.

       МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша "нышандары", "нышандарының", "нышандарын", "нышандарына" деген сөздер тиісінше "рәміздері", "рәміздерінің", "рәміздерін", "рәміздеріне" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2008.07.04 № 56 Конституциялық Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "мемлекеттік стандартқа", "мемлекеттік стандарттарға", "мемлекеттік стандарттарын" деген сөздер тиісінше "ұлттық стандартқа", "ұлттық стандарттарға", "ұлттық стандарттарын" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2012.06.28 № 23-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық Заңымен.


  1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ

1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

       Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады.

       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.

       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде "QAZAQSTA№" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ "QAZAQSTA№" деген жазу – алтын түстес.

       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні - осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.

       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңы.

Дата публикации
29 марта 2023