Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы № 639 Жарлығы.

 

Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында жариялануға тиіс

       Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 құыркүйектегі № 413 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық іс-шаралар жоспарының 141-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
  3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
  4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 Қазақстан Республикасының Президенті

 

Қ.Тоқаев

 

 

 

Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 18 тамыздағы
№ 639 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

 

       

Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың

2025 жылға дейінгі

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

  1-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың өзіндік моделі қалыптасты және даму үстінде, ол мыналарға:

      1) өңірлік, жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару функциялары мен өкілеттіктерін қоса атқаруына;

      2) азаматтардың жергілікті қоғамдастық мүшелері ретінде жергілікті маңызы бар анағұрлым маңызды мәселелерді шешуге тікелей немесе сайланбалы органдар арқылы қатысуына негізделген.

       Мемлекет пен азаматтық коғам институттарының дамуына байланысты көп кезеңді және серпінді процесс ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы № 438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында көрініс тапты.

      2013 - 2020 жылдары Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың алдыңғы тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мынадай негізгі нәтижелерге қол жеткізілді:

      1) жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұйымдастырылды, жергілікті қоғамдастықтарды калыптастыру, олардың жиналыстары мен жиындарын өткізу тәртібі, сондай-ақ олардың өкілеттіктері регламенттелді;

      2) тиісті аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент және ауыл (бұдан әрі - ауылдық округ) әкімдерін сайлауы енгізілді;

      3) астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жанынан халықпен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері құрылды;

      4) барлық деңгейдегі әкімдердің өздеріне сеніп тапсырылған әкімшілік-аумақтық бірліктерді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалы мәселелер мен оларды шешу жөніндегі жоспарлар туралы хабардар ете отырып, халықпен жыл сайынғы негізде есеп беру кездесулерін өткізу практикасы енгізілді;

      5) жергілікті өзін-өзі басқарудың институционалдық және экономикалық негіздерін оңтайландыруға және нығайтуға бағытталған шаралар кешені қабылданды.

      2018 - 2020 жылдары барлық ауылдық округтерде бюджет жүйесінің төртінші деңгейі енгізілді. Ауылдық округтер өз бюджетін қалыптастырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқара бастады. Ауылдық округтің бюджеті салықтардан, төлемдерден, айыппұлдардан, ерікті алымдардан, коммуналдық мүліктен түсетін кірістерден, сондай-ақ жоғары тұрған бюджеттен берілетін субвенциялардан қалыптаса бастады.

      Тұрғындар төлейтін кейбір салықтар, оның ішінде жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы және басқалары ауылдық округте қала бастады. Тиісінше азаматтар өз салықтарының қайда жұмсалғанын көруге мүмкіндік алды.

      Қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқарудың кірістері салық түсімдерінің алты түрінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдардан, коммуналдық мүліктен түсетін кірістерден және жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттерден қалыптасады.

      2020 жылдың көрсеткіштері бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері 252 млрд теңгені құрады, оның шамамен 34 млрд теңгесі немесе 13,4%-ы - меншікті кірістер және 218 млрд теңгесі - жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттер.

      Сонымен бірге, жеке тұлғалардың өз бетінше салық салуға жататын кірістері бойынша жеке табыс салығының төмендеуі байқалды, бүл 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін кірістерден салық төлеуге мораторийдің енгізілуіне байланысты.

      Ауылдық округтің орташа бюджеті шамамен 107 млн теңгені құрайды. Сонымен катар, ауылдық округтердің халық саны мен экономикасына байланысты жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттерінде қатты сәйкессіздік байқалады. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқарудың ең аз бюджеті - 2,8 млн теңгені, ал ең көп бюджеті 2,5 млрд теңгені құрайды.

      Объектілердің бір бөлігі - мәдениет үйлері, мүліктік кешендер түріндегі балабақшалар, ортақ пайдаланылатын объектілер (автомобиль жолдары, елді мекендердің көшелері, саябақтар, скверлер, демалыс орындары, ескерткіштер және өзгелер) аудандық деңгейден жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне берілді.

      Ауылдық округтер деңгейінде өкілді органның болмауына байланысты бюджетті бекітуді аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты ол жергілікті қоғамдастық жиналысында келісілгеннен кейін жүзеге асырады, ал атқарылуы ауылдық округ әкімінің аппаратына жүктеледі.

      Жергілікті қоғамдастық жиналысына жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқару, бюджетті келісу, бюджет қаражатының пайдаланылуына мониторинг жүргізу, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын бекіту, сондай-ақ ауылдық округ әкімінің лауазымына аудан әкімі ұсынған кандидатураларды келісу және оны лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасау жөніндегі өкілеттіктер берілді.

      Ауылдық округ әкімдеріне жер учаскелерінің нысаналы пайдаланылуын, абаттандыру, көгалдандыру қағидаларының сақталуын бақылау және ауылдық округтердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басқа да мәселелері бойынша өкілеттіктер берілді. Жалпы, ауылдық округ әкімдеріне әкімшілік айыппұлдардың жиырма түрі берілді.

      Заңнамаға сәйкес ауылдық округ әкімі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің лауазымды адамы болып табылады.

      Ауылдық округ әкімінің аппараты бюджетті жоспарлауды және атқаруды, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлеуді және т.б. қамтамасыз етеді.

      Жалпы, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 6,4 мың елді мекенді әкімшілік басқаруды 2 345 жергілікті қоғамдастықта, оның ішінде 48 аудандық маңызы бар қалада, 26 кентте, 85 дербес ауылда, сондай-ақ 6 231 ауыл мен 4 кенттен тұратын 2 186 ауылдық округте әкімдер және олардың аппараттары жүзеге асырады.

Дата публикации
21 января 2022