GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитет туралы
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
12 октября 2026
«Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда

«Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолының жалпы ұзындығы 260 шақырымнан асатын жеті учаскесінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аясында жер төсемі салынып, жол жабыны төселуде, көпірлер мен су өткізу құбырлары салынуда. Жобаны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.

Ұзындығы 28 шақырым болатын бірінші учаскеде (791–819-шақырымдар) негізгі жер жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда шамамен 3,6 млн текше метр топырақ қазылып, төселген. Жолдың жоғарғы қабатына арналған щебенді-мастикалық асфальтбетон жабыны оң жақ бөлікте шамамен 26 шақырымға, сол жақ бөлікте 28 шақырымға төселді.

Сонымен қатар 45 су өткізу құбыры орнатылып, мал айдап өтуге арналған бес өткел салынды. Сондай-ақ 24 шақырымға жуық жол қоршауы орнатылды. Қазір учаскеде 270-тен астам маман мен 150-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін жолдың екі бағытында да көлік қозғалысын ашу жоспарланған. Ал учаскедегі реконструкция жұмыстарын 2027 жылы аяқтау көзделген.

Қалған алты учаскеде де жалпы ұзындығы 230 шақырымнан асатын жол бөліктерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша жоспарланған шамамен 29 млн текше метр жер жұмысының 7 млн текше метрге жуығы орындалды. Сонымен қатар жол негізін салу, инженерлік желілерді қайта орналастыру, көпірлер мен су өткізу құбырларын салу жұмыстары қатар атқарылуда.

Бұл учаскелерде 1,3 мыңнан астам маман мен 1 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жоба бойынша қарастырылған 84 су өткізу құбыры мен мал өткелінің 22-сі орнатылды. Тоғыз көпірдің бесеуінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шамамен 100 мың тонна қиыршық тас материалы дайындалып, 3 мың текше метрге жуық темірбетон бұйымдары өндірілді.

Барлық учаскеде орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен құрылыс нормаларының сақталуына техникалық қадағалау жүргізілуде.

«Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын реконструкциялау Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізін дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба жолдың өткізу қабілетін арттыруға, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға, өңірлер арасындағы көлік қатынасын дамытуға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

30 сентября 2026
Көлік министрлігінде жергілікті жолдардың сапасына қойылатын жаңа талаптар талқылануда

Астанада жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттыруға арналған үш күндік республикалық семинар-кеңес басталды. Көлік министрлігінде іс-шара барысында жол саласындағы өзекті мәселелер мен өңірлерде енгізілетін жаңа тәсілдер талқыланады.

«Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы семинар орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысын жолға қоюға арналған практикалық алаңға айналмақ.

 

«Үш күн ішінде қатысушылар жолдарды жоспарлау, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстары, сапаны бақылау, пайдалану және жол желісін цифрландыру мәселелерін қарастырады. Негізгі назар жергілікті жолдардағы нақты проблемалар мен оларды шешу жолдарына аударылады»,

– деді Көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров.

Іс-шараға Көлік министрлігінің өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, әкімдіктердің бейінді басқармаларының басшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың, жобалау және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Семинардың негізгі бағыттарының бірі – өңірлердегі жол жұмыстарының негізделген жоспарларын қалыптастыру. Бұл ретте жолдардың нақты жай-күйі ескеріліп, диагностика нәтижелері негізінде басым учаскелер айқындалады. Сондай-ақ жөндеу түрлерін нақты ажыратып, қабылданатын шешімдерді жолдың нақты жағдайымен байланыстыру көзделіп отыр.

Жобалау мәселелеріне де жеке көңіл бөлінеді. Қатысушылар жобаларды алдын ала сараптау, жол төсемінің үлгілік конструкцияларын қолдану, BIM-жобалауды енгізу, сондай-ақ жолдың негізі, көлік жүктемесі, климаттық жағдайлар мен жергілікті материалдардың қолжетімділігін ескере отырып, тиімді конструктивтік шешімдерді таңдау мәселелерін қарастырады.

Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын бақылау да семинардың маңызды бағыттарының бірі. Зертханалық бақылау, сынама алу және сынақ нәтижелерінің дұрыстығы, битум, қиыршық тас пен асфальтбетон сапасы, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда қабылданатын шаралар талқыланады.

Тағы бір маңызды бағыт – облыстық және аудандық маңызы бар, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріндегі салынған және жөнделген жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау. Қатысушылар жолдарды күтіп-ұстау, маусымдық жұмыстар, қажетті техника мен материалдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне қойылатын шектеулердің сақталуын қоса алғанда, жол желісінің сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.

Семинар барысында жол саласына арналған цифрлық шешімдер де таныстырылады. Олар жол желісінің жай-күйі мен жұмыстардың орындалу барысын бақылауға, анықталған кемшіліктерді тіркеуге және осы деректерді басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Көлік министрлігі жолдарды диагностикалау және басым бағыттарды айқындаудан бастап жобалау, құрылыс, жөндеу және кейінгі күтіп ұстауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын бірыңғай басқару тәсілін қалыптастыруды көздейді.

Семинар қорытындысы бойынша нақты шаралар, оларды іске асыруға жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері айқындалады. Сонымен қатар өңірлердің жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жоспарлануда.

Іс-шара 2 қазанға дейін жалғасады.

21 сентября 2026
Автомобиль жолдары комитетінің қызметкерлері кезекті қалалық сенбілікке белсене атсалысты.
Автомобиль жолдары комитетінің қызметкерлері кезекті қалалық сенбілікке белсене атсалысты. Ұжым мүшелері аумақты, жол маңын тазалау және күзгі жапырақтарды жинау жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Мұндай іс-шаралар қоғамдық өмірге деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, ұжым ішіндегі өзара ынтымақтастықты нығайтуға да зор мүмкіндік береді. Ұжым қызметкерлері үшін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілік пен адалдықтың айқын көрінісі, ал бұл арқылы олар қаланың абаттануына және тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруіне зор үлес қосуда.
08 сентября 2026
Қазақстанда автомобиль жолдарындағы электр көліктерін қуаттандыру станцияларының желісі кеңейіп келеді

Бүгінгі таңда еліміздің негізгі автомобиль бағыттарының бойында Қазақстанның 13 өңірінде орналасқан 62 электр көліктерін қуаттандыру станциясы (ЭҚС) жұмыс істейді. Оларды дамыту өңірлер арасында қатынайтын электромобиль иелері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Станциялардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында — 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында — 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан жәнеТүркістан облыстарында да жұмыс істейді.

Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мысалы, «Астана – Алматы» автожолында 13 станция, «Астана – Петропавл» бағытында 7, «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция орналасқан.

Халықаралық көлік дәліздері бойында зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр зарядтау станциясы орнатылған.

Орнатылған ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды. Бұл электромобиль иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 жаңа автожанармай құю станциясын салу көзделген, ал электр көліктерін қуаттандыру станцияларын сол жоспарланған нысандарда орналастыру қарастырылған. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 ЭҚС орнату жоспарлануда.

Көлік министрлігі жол саласындағы ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа объектілер салу және қолданыстағыларды Ұлттық стандарттың талаптарына сәйкестендіру мәселелері бойынша жол бойындағы сервис нысандарының жеке инвесторлары мен иелерімен жұмыс жүргізуде.

19 августа 2026
Рахман қайнарынан Сексеуілге дейін: Қазақстанда қазіргі уақытта қандай жол жобалары іске асырылуда?

Қазақстанда 2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бойынша жалпы ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайтын 14 жоба іске асырылуда. Ағымдағы айда бұл тізімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 тамызда бастау берген үш ірі жоба қосылды. Олар: ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл», 462 шақырымдық «Қызылорда – Сексеуіл» және 312 шақырымдық «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдары. Осы үш жобаның жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды құрайды.
2026 жылы жалпы ұзындығы 69,6 шақырым болатын үш жобаны аяқтау көзделген. Олар – ұзындығы 27,7 шақырымды құрайтын «Рахман қайнарлары» жобасы, 14,9 шақырымдық «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы және ұзындығы 27 шақырым болатын Атырау қаласының айналма жолы.
2027 жылы тағы үш жобаны аяқтау жоспарлануда. Олар – ұзындығы 208 шақырым болатын «Қызылорда – Жезқазған» автожолы, 28 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын» учаскесі және ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын Ертіс өзені арқылы өтетін көпір. Бұл нысандардың жалпы ұзындығы 238,7 шақырымды құрайды.
Аталған нысандардан бөлек, ағымдағы жылы Сарыағаш қаласының 102 шақырымдық айналма жолын салу жұмыстары, сондай-ақ 234 шақырымдық «Ақтөбе – Ұлғайсын», 572 шақырымдық «Қарағанды – Жезқазған» учаскелерін, Қызылорда қаласының 26 шақырымдық айналма жолын және 896 шақырымдық «Орталық – Батыс» жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда.
Барлық жобаларды іске асыру негізгі автомобиль бағыттарының өткізу қабілетін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға, өңірлердің көлік қатынасын жақсартуға, қозғалыс үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ жүк тасымалы мен транзиттік бағыттарды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа жолдардың құрылысы және қолданыстағы жолдарды реконструкциялау іргелес елді мекендердің дамуына және өңірлердегі іскерлік белсенділіктің артуына қосымша жағдай жасайды.

11 августа 2026
Қазақстанда жол бойындағы сервис жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстанда жол бойындағы сервисті жүйелі түрде жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 429 жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Қазіргі таңда оның 1 340-ы немесе 94%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді, ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Жұмыс тек қолданыстағы нысандарды белгіленген талаптарға сәйкестендірумен шектелмей, жүргізушілер мен жолаушылар үшін жаңа инфрақұрылым құруды да қамтиды. Ағымдағы жылы қосымша автожанармай құю станцияларын, қоғамдық тамақтану орындарын және санитариялық-гигиеналық тораптарды салу және орнату жоспарлануда.

Санитариялық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінуде.

Қазіргі уақытта автомобиль жолдарының бойында 170-тен астам модульдік санитариялық-гигиеналық торап орнатылған. Сонымен қатар демалыс алаңдары мен аялдама павильондарында жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы қолжетімді 900-ден астам тегін санитариялық нысан жұмыс істейді.

Санитариялық нысандарды күтіп-ұстау және пайдалану олардың тиесілілігіне қарай «ҚАЖсервис» ЖШС, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің иелері және жалға алушылар тарапынан жүзеге асырылады. Бұл ретте нысандардың тиісті санитариялық және техникалық жағдайын қамтамасыз ету бойынша күнделікті жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар Қазақстанда электр көлігін дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда.

Бүгінде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 67 электр көлігін қуаттандыру станциясы (ЭЗС) жұмыс істейді. Зарядтау инфрақұрылымы еліміздің көптеген өңірлерін қамтиды. Қолданыстағы желіні кеңейту жұмыстары мердігер ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғасуда.

Электр көлігінің танымалдығы артып келе жатқанын ескерсек, ЭЗС желісін дамыту ерекше маңызға ие. Елді мекендер арасындағы бағыттарда зарядтау станцияларының болуы электромобильдерді ірі қалалар ішінде ғана емес, өңірлер арасындағы ұзақ сапарларда да кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Жол бойындағы сервисті жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – жеке инвестицияларды тарту. Көлік министрлігі бизнес өкілдерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жол бойындағы сервистің жаңа нысандарын құру және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

07 августа 2026
ҮАААЖ-да жол жүру ақысын төлеу тәртібі өзгерді: төлемді уақытылы жүргізетіндер үшін жол жүру құны бұрынғы деңгейде сақталады

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) жүру ақысын алу тәртібіне өзгерістер енгізді. Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Көлік министрі міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілді.
Енгізілген өзгерістердің басты ерекшелігі – жол жүру ақысын уақытылы төлейтін пайдаланушылар үшін төлем мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады.
Осылайша, төлемді уақытылы жүргізетін пайдаланушылар үшін жол жүру құны көлік құралының санатына қарай 0,07 АЕК-тен (302,75 теңге) 0,22 АЕК-ке (951,5 теңге) дейінгі мөлшерде сақталады.
Сонымен қатар, бұйрықпен негізгі тарифтер қайта қаралды. Олар көлік құралының санатына қарай 0,14 АЕК-тен (605,5 теңге) 0,44 АЕК-ке (1903 теңге) дейін белгіленген. Алайда бұл тарифтер жол жүру ақысы тіркелген күннен кейін жеті жұмыс күні ішінде төленбеген жағдайда ғана қолданылады.
Яғни енгізілген өзгерістер төлем тәртібін сақтауды ынталандыруға бағытталған және жол жүру ақысын уақытылы төлейтін пайдаланушыларға әсер етпейді.
Жол жүру құнын есептеу тәртібі өзгеріссіз қалады. Бұрынғыдай төлем мөлшері көлік құралының санатына және ақылы жол учаскесінде бір сағатқа дейін болуына қарай есептеледі. Жүріп өткен қашықтық жол жүру ақысына әсер етпейді.
Алматы облысының Талғар, Қарасай және Іле аудандарының тұрғындары үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады. Бұл санаттағы пайдаланушылар үшін айлық және жылдық абонементтердің құны өзгермейді.
Өзгерістер бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 16 тамыздан бастап күшіне енеді.

05 августа 2026
Жүргізушілерге жол қозғалысы қағидаларын сақтау туралы ескерту

Жазғы маусымның жалғасуына және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы, әсіресе демалыс аймақтары мен өңіраралық бағыттардағы көлік қозғалысының қарқындылығының артуына байланысты жүргізушілерге аса мұқият болу ұсынылады. Белгіленген жылдамдық режимін сақтау, басып озу қағидаларын қатаң орындау, шаршаған күйде көлік тізгініне отырмау, сондай-ақ қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде және қараңғы уақытта ерекше сақтық таныту қажет. Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктері мен арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғыларды міндетті түрде пайдалану керек. Жол қозғалысына қатысушы әрбір адамның тәртібі мен жауапкершілігі жол қауіпсіздігінің басты кепілі болып қала береді, өйткені жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі адам факторынан туындап отыр.

Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің көлік тәртібін сақтамауы. Жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзумен байланысты. Құқық бұзушылықтардың ішінде жылдамдықты арттыру – 33%, көлік құралын басқаруды жоғалту – 14%, арақашықтықты сақтамау – 13%, жол белгілерінің талаптарын елемеу – 10% құрайды. Бұл деректер көлік тәртібін нығайту жол-көлік оқиғаларының санын одан әрі азайтудың негізгі резерві екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ға төмендеп, 1 507 жағдайдан 1 371 жағдайға дейін қысқарды.

Бұл динамикаға көліктік жүктеменің айтарлықтай өсуі аясында қол жеткізілді – жарты жылда қозғалыс қарқындылығы 37%-ға артып, 22,3 млн көлік құралын құрады.
Жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал еткен құралдардың бірі – жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырымды құрайтын ақылы жол учаскелерінде енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесі. Бұл шара аталған учаскелерде жол-көлік оқиғаларының санын 17%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Соңғы бес жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлініп, жолдың жүру бөлігі кеңейтілді. Транзиттік көлік қозғалысын елді мекендерден шығару мақсатында 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағдарламасы аясында жолдағы жағдай мен жылдамдық режимі туралы ақпарат беретін жол белгілері мен ауыспалы ақпараттық таблолар орнатылды. Сондай-ақ 22 ақылы жол учаскесінде жылдамдықты бақылауға арналған 56 лазерлік құрылғылар іске қосылды. Бұдан бөлек, жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгісі ауыстырылып, жол таңбалары жаңартылып, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпау керек.

10 июля 2026
«Таза Қазақстан» акциясы аясында жол қызметтері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жалғастыруда

Қазақстанда автомобиль жолдарын дамыту тек көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен ғана шектелмейді. Бұл бағытта қоршаған ортаны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және жол бойындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын көгалдандыру, абаттандыру және олардың тазалығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды. Оның шамамен 6,3 мың шақырымы немесе 17 мың гектардан астам аумағы жасыл желекпен көмкерілген. Жыл сайын бұл аумақтарда ағаштарды суару, қураған ағаштарды санитарлық кесу, гүлзарларды күтіп-баптау, артық өскіндерді тазарту, өрттің алдын алу мақсатындағы минералдандырылған жолақтар жасау және жасыл желектерді қорғау шаралары тұрақты түрде атқарылады.

Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына, демалыс алаңдары мен жол пайдалану бөлімшелерінің аумақтарына өңірлердің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Жалпы саны 3 мыңға жуық көшет егілді. Олардың қатарында қарағаш, қарағай, қайың, үйеңкі, шаған, мойыл және мамығы жоқ терек бар.

Автомобиль жолдарының санитарлық тазалығын сақтау да тұрақты назардағы жұмыстардың бірі. Жол жиектері, еңістер, жол жолағы, демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары тұрмыстық қалдықтардан, ескі автокөлік шиналарынан және басқа да қоқыстардан жүйелі түрде тазартылып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жол бойындағы жалпы аумағы шамамен 312 миллион шаршы метр жер тазартылды. Бұл жұмыстар күн сайын жүргізіліп, автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың маңызды бөлігі ретінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол пайдаланушылары үшін қолайлы жағдай жасауға және жол бойындағы аумақтың экологиялық ахуалын сақтауға бағытталған.

Автомобиль жолдарының тазалығы тек жол қызметтерінің еңбегіне ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне де байланысты. Мыңдаған жолшы ауа райының қолайсыздығына қарамастан күн сайын жолдардың тазалығын қамтамасыз етіп, жасыл желектерді күтіп-баптап, жол бойындағы тәртіпті сақтауға атсалысып келеді. Осыған байланысты барлық жүргізушілер мен жолаушыларды табиғатқа жанашырлықпен қарап, жол бойына қоқыс тастамауға және Қазақстанның табиғатын бірге қорғауға шақырамыз.

30 июня 2026
Семейдегі көпір құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Семей қаласындағы автогуж көпірін реконструкциялау жұмыстарының барысын тексерді.

Сапар барысында жобаны іске асыру қарқыны, құрылыс жұмыстарының сапасы және құрылыс кестесінің сақталуы қарастырылды.

Көпірді реконструкциялау 2022–2026 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Нысанның жалпы ұзындығы 1 350 метр, оның ішінде 540 метрі — автожол өткелдері, 810 метрі — көпірдің аралық құрылымы. Көпірдің ені 23 метрді құрайды. Жоба бойынша 9 тірек тұрғызу көзделген.

Бүгінгі күні 9 тіректің 8-і тұрғызылды. Нысанға жалпы көлемі 9 мың тонна металл конструкциялар жеткізілді, олардың 4,7 мың тоннасы орнатылды.

Анар Ғабдуллина жобаны белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасы мен жұмыс кестесінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жоба Абай облысының тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Реконструкция аяқталғаннан кейін көпір Семей қаласының жағалаулары арасындағы көлік қатынасын анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп, өткізу қабілетін арттырады және қалалық инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы