
ҚР Көлік министрлігіндегі мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранын орындаудан басталды. Ведомство аппаратының басшысы Ерболат Мұқаев мемлекеттік қызметте жүрген әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, министрдің атынан кәсіби мерекемен құттықтады.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды мемлекеттік қызметке баулу мәселелеріне ерекше назар аударады. Әлбетте, жастарымыздың да мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің сапалы жұмысы ең алдымен еліне адал, қалтқысыз қызмет ететін өздеріңіздей кәсіби мамандарға байланысты. Өйткені мемлекеттік қызметкер – тұтастай бір елдің айнасы», – деп атап өтті аппарат басшысы.
Сондай-ақ бұл күні бірқатар мемлекеттік қызметші салтанатты түрде мемлекет мүддесі үшін адал және кәсіби қызмет етуді алға тартып, ант қабылдады.
Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу аясында ведомствоның бірқатар қызметкеріне Министрдің Құрмет грамотасы мен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі табыс етілді. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда көлік саласына жауапты министрлікте 698 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.