
Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахань» бағыттары бойынша бірқатар автожол жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аяқтау қажет. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды. Жалпы аталған жобалар бойынша жұмыстардың ілгерілеуі шамамен 80% құрайды.
Көлік саласына жауапты министрдің айтуынша, биыл республикалық желі бойынша 5,3 мың шақырым жолды жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасып жатыр. Айта кетерлігі, биыл Президенттің тапсырмасы шеңберінде елімізде 12 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
«Бүгінде орташа жөндеу жұмыстарымен 20 жылдан астам жөнделмеген жолдар қамтылып отыр. Мәселен, 4 облысты басып өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолын құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтимыз. Ақтөбе облысында «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ыргыз» жолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автожолды жөндеуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Қойылған міндеттерді орындау мақсатында мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындау және құрылыс-монтаж жұмыстарын толық көлемде жүргізіп жатыр. Автожол жобаларын уақтылы аяқтау үшін барлық қажетті шара қолға алынған.