
Көлік министрі Марат Қарабаевтың төрағалығымен қазақстандық өндіруші компаниялар және жол құрылысымен айналысатын ұйымдардың жиыны өтті. Тараптар жол құрылысына қажет материалдарды шығаратын жергілікті өндірушілерді қолдау шараларын талқылады.
Биыл республикалық маңызы бар 2 мың шақырым жолды (негізгі транзиттік дәліздер) пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар аталған жолдарды абаттандыру барысында мамандар отандық материалдарды қолданады. Мәселен, олардың қатарында жол таңба бояулары, тосқауыл қоршаулары, жол белгілері, жарық шамдары тіректері және т.б. бар. Атап өтсек, елімізде жолдарға арналған өнімдерді шығаратын 20-ға жуық компания жұмыс істейді. Мәселен, тосқауыл қоршаулары үшін отандық Qarmet металлургиялық комбинатының өнімі пайдаланылмақ.
Ведомство басшысы аталған шаралар отандық өндірісті айтарлықтай қолдауға және мемлекеттің жалпы ішкі өнімін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жол құрылысы маусымы аясында ҚР Көлік министрлігі 12 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамтымақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мәселен, республикалық маңызы бар 5,3 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жалғасын тапса, 4,2 мың жергілікті маңызға ие жол жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Сонымен қатар жауапты министрлік салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарды орташа жөндеумен қамту бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асырады. 2,5 мың шақырым жол қамтылады. Жол негізін нығайта отырып, жолдарды жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылады.