
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің төрағалығымен қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мәселесіне арналған отырыс өтті
Бизнес өкілдерінің және кәсіпкерлердің басын қосқан аталған шарада жол-құрылыс саласының қажеттіліктері үшін отандық тауар өндірушілердің металл конструкцияларын өндіру және қолдану перспективалары талқыланды. Көзделген негізгі мақсат – жол-құрылыс жобаларында қазақстандық қамтуды ұлғайтуға, атап айтқанда автомобиль жолдарында металл конструкцияларын өндіру мен қолдануға бағытталған нақты шараларды әзірлеу үшін мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы тиімді диалог қалыптастыру болды.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев отандық өндірісті дамыту және қазақстандық кәсіпорындарды белсенді қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығына тоқталып, бұл импортқа тәуелділікті қысқартуға ықпал ететіндігін және экономикалық өсімді ынталандыратынын тілге тиек етті.
Өз кезегінде «Қармет» ЖШС басқарушы директоры Талғат Темірханов қазақстандық қамтуды ұлғайту жөніндегі стратегияны іске асыруға белсенді қатысуға дайын екендігін білдірді. Ол отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін құру үшін мемлекеттік құрылымдар мен жеке компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетерлігі, аталған жиын қазақстандық қамтуды ұлғайту жөніндегі нақты іс-шаралар мен іс-қимылдарды әзірлеу үшін негіз болды. Бұл елдің инфрақұрылымын одан әрі дамытуға және отандық бизнесті дамыту үшін қолайлы орта құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.