
Көлік министрлігінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты жиын өтті. Ведомство басшысы министрлік ұжымы мен ведомстволық бағынышты ұйымдарда қызмет етіп жүрген асыл жандарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Ел тарихындағы сан қилы жылдарда әйелдер халықтың тағдыры үшін жауапкершілікті ер азаматтармен тең бөліскен. Бүгінгі таңда Сіздердің даналықтарыңыз, мейірімділіктеріңіз бен жанашырлықтарыңыздың нәтижесінде аса маңызды бастамалар мен әлеуметтік жобалар іске асырылып келеді. Асылында, бұл мереке – қымбатты аналар мен әпкелерге, құрметті арулар мен аяулы әріптестерге күнделікті еңбегіне ризашылық білдіру үшін тамаша себептердің бірі», – деді Марат Қарабаев.
Көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, көлік министрі амандық пен жақсы көңіл-күй тіледі.
Салтанатты іс-шара барысында Көлік министрлігінің басшысы көлік саласында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, сала ардагерлеріне және көпбалалы аналарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті. Жиын жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.