ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

              Қос тарап меморандумды кезекті «Ашық сағат алаңы» жобасы аясындағы кездесуде жасасты. Автожол саласындағы түйткілдер талқыланған шараға Автомобиль жолдары комитетінің, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының, мердігерлік ұйымдардың және техникалық қадағалау қызметінің өкілдері қатысты.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Айтуынша, шетелдік компаниялар автожолдарды салу барысында, көп кезекте, жаңа, заманауи технологияларды қолданады. Ал біздегі жағдай тікелей бюджетке байланысты.

«Бізде бәрі бюджетке байланысты. Сол себепті мердігер ұйымдар жаңа технологияларды қолдануға мүдделі емес. Олар көбінесе дәстүрлі, шаблондық жобалық шешімдерді таңдайды. Тағы бір мәселе –  жол пайдаланушыларына ыңғайлы болу үшін қозғалысты мерзімінен бұрын ашу. Ел тұрғындары айналма жолмен жүргіміз келмейді деп жиі шағымданып жатады. Сол үшін біз жабынның төменгі қабаты бойынша қозғалыс ашуға мәжбүрміз. Бұл ақаулардың мерзімінен бұрын пайда болуына әкеліп соғады. Құрылымдық қабаттар қазіргі ағымдағы қарқындылық пен жүктеме үшін арналмаған», - деп жеткізді Жамбыл Бақтияр.

Түйткілді шешу үшін бүгінгі таңда жобалау жүргізуде жаңа тәсілдер қолдану қажеттілігі алға тартылды. Жаңашылдық тек жаңа жобаларға қатысты болмақ. Атап айтқанда, жолдарды салу, реконструкциялау кезінде қозғалыс ағынын бөлу көзделетін болады. Мәселен, бұл әдіс қазірдің өзінде «Атырау-Орал» жобасында қолданылуда.

«Қолданыстағы жол айналма жол ретінде пайдаланылатын болады. Ал жаңасын қатарынан салатын боламыз. Қозғалыс жол құрылысы аяқталғанда ғана жол жабынының жоғарғы қабаты бойынша ашылады. Бұдан соң қолданыстағы жол реконструкцияланады. Бұрынғыдай жолдың бір жерін алып, басқа жерін салу деген болмайды», - дейді Жамбыл Бақтияр.

Конференцияда, сондай-ақ, жолшы мамандығының тартымдылығы, беделі туралы мәселелер көтерілді. Бүгінгі таңда қарапайым сарапшылар, мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандарының жалақысы 150-200 мың теңге. Бұған қарамастан, оларға үлкен жауапкершілік артылған. Олар миллиардтаған соманың актілерін қабылдайды және қол қояды. Бұл ретте, конференцияға қатысушылар жемқорлық тәуекелдері барын жеткізді. Ал аталған фактор кадрлардың көптеп кетуіне әсерін тигізбей қоймайды.

Кадрлардың жетіспеушілігі туралы Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетов те айтты. Ол кадрлық әлеуетті, мамандықтың тартымдылығын күшейтуді және университеттер жанынан автожол құрылысы саласында факультеттер ашу мәселесін пысықтау қажет дейді. Сондай-ақ, әлеуметтік қолдау көрсетіп,  көптеп грант бөлу мәселесін шешу дұрыс деп санайды.

«Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының имиджін көтеру қажет. Кадрларды күшейтіп, ғылым деңгейін жоғарылату керек», - дейді Бағлан Баймағамбетов.

Бүгінгі күні Автомобиль жолдары комитеті нормашығармашылық қызмет бөлігінде өз функцияларын толық көлемде орындамайды. Заңнаманы жетілдіру және жаңа қағидаттарды, тәртіптерді енгізуде жұмыстар баяулады. Себебі уақыттың көп бөлігі бақылаушы мемлекеттік органдарға ақпарат, есеп беруге кетеді.

Осыған байланысты бүгінгі күні барлық іске асыру функцияларды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға беру мәселесі пысықталуда. Онда Комитет тапсырыс беруші, ал ұлттық компания орындаушы ретінде болмақ.

«Жаңа тұжырымдама аясында барлық жобаларды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүзеге асырады. Бұл үкіметтік қарыздар есебінен жобалар, концессия шарттарының жобалары және басқалар. Комитет тек нормативтік базамен айналысатын болады. Егер бұған келмесек, жаңа технологиялар дамымайды», - дегенді алға тартты Жамбыл Бақтияр.

Автомобиль жолдары комитеті ұсынған барлық өзгерістер «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан қолдау тапты. Аталған бірлестік директорының атқарушы орынбасары Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, автожол жобаларын барлық іске асырушы органдар ортақ жауапкершілікте болуы тиіс.

«Біз болып жатқан жағдайды егжей-тегжейлі көрдік. Бұл мәселеге жауапкершілікті тек қана ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетіне артып қоймау керек. Басқа да министрліктер жауап беруі тиіс. Сіздердің тарапыңыздан ұсыныс пакеттерін саралап, зерттедік. Сізді толығымен қолдаймыз. Біз Сіздердің түйткілді объективті түрде көріп, түсініп отырғандарыңызға қуаныштымыз. Өйткені біз тапсырыс берушілермен, мердігерлермен, өндірушілермен кездестік. Сіздің кеңес құжаттарыңыздан барлық сауалдарымызға жауаптар табылып отыр. Мен өз тарапымнан біздің ұйымға толық сенім арта алатыныңызды мәлімдеймін», - деп жеткізді Нұрлыбек Мұқанов.

Кеңесті қорытындылай келе, Автомобиль жолдары комитеті мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.