САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНДА

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНДА

 

Мемлекеттік қызметшілерге арналған салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу бағдарламасының аясында Президент ісін басқару ауруханасының дәрігерлері ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің қызметкерлері үшін дәріс оқыды.

Ақпараттық- білім беру сабағы Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне арналған болатын. Медициналық мекеменің эндокринолог дәрігері тыңдаушыларға аурудың белгілері, оның алдын алу және оны емдеу шаралары туралы айтып берді.

 «Біз азаматтардың назарын аурудың алдын алу шараларына аудартқымыз келеді. Көптеген ауруға жол бермеудің амалы – оның алдын алу. Бұл – өмір салты, тамақтану. Тіпті, осы ауруға шалдыққан адамдардың өмір салтының сапасын жақсартуға болады», – дейді Президент ісін басқару ауруханасы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының методист дәрігері Гүлнәр Турдунова.

Еске салайық, салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу бағдарламасын іске асырудың аясында әр мемлекеттік қызметкер өзінің қан қысымы, қандағы қант мөлшері, ағзадағы су мөлшері, жасаған қадамдарының саны сияқты көрсеткіштерді сәйкес деңгейде ұстауға тырысуы қажет.

«Мұндай іс-шаралар жақсы нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.Өйткені  пайдалы ақпаратты білгеннен кейін адамдарды өзінің дұрыс тамақтанатындығына, қандай өмір салтын ұстанатындығына қатысты ойлар мазалайды», – деп қосты Гүлнәр Турдунова.

Кездесу соңында Президент ісін басқару ауруханасы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері жиналғандарға ақпараттық жадынамаларды таратты. Айта кетейік, салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу шаралары Автомобиль жолдары комитетінде тұрақты түрде жүргізіледі.