ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ӨТКІЗУ БЕКЕТТЕРІ РЕКОНСТРУКЦИЯДАН ӨТЕТІН БОЛАДЫ

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ӨТКІЗУ БЕКЕТТЕРІ РЕКОНСТРУКЦИЯДАН ӨТЕТІН БОЛАДЫ

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу бекеттерінің жүктемесін төмендетуге бағытталған жоспарлы жұмыстарды қос елдің Үкіметтері жүргізіп жатыр. Осы ретте «Қордай» өткізу бекетінің аумағында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қырғыз Республикасының Көлік және жолдар министрі  Жанат Бейшенов бастаған жұмыс топтарының бірлескен кеңесі өтті.

Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы жолаушылар мен жүк ағынының көлемділігі, соның салдарынан қалыптасатын кезек екі ел тұрғындары үшін үйреншікті жағдайға айналған. Бүгінгі таңда мемлекеттер шекараларының арасында көп жылдар бойы жөндеу көрмеген 7 өткізу бекеті жұмыс істейді. Жыл сайын аталған өткізу бекеттері арқылы 11 млн-ға жуық адам, 1,7 млн (оның 400 мыңы – жүк көліктер) көлік құралы өтетіндігін айта кету керек.

Осы мәселені шешу мақсатында жуырда ҚР Парламентінің Сенатында «2003 жылдың 25 жедтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекараларда орналасқан өткізу бекеттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.  Мұндай шаралар  «Қордай» және «Қарасу» өткізу бекеттерінің жүктемесін төмендетуге септігін тигізіп, «Сарытөбе» және «Ауқатты» өткізу бекеттеріне «көпжақты халықаралық өткізу бекеті» мәртебесі берілетін болады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның қос министрліктерінің басшылары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар министрлігінің өкілдерімен, сондай-ақ, «Кыргыздортранспроект» жобалау-іздестіру институтының қызметкерлерімен, екі елдің шекара қызметтерінің басшыларымен бірлесіп, өткізу бекеттерін жаңғырту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң «Қордай» бекетінен жылына 9 млн адам мен 900 мың автокөлік өте алатын болады. Қайта жаңарту жұмыстары кезінде, яғни 2020 жылдың наурызынан бастап жүктеме Алматы облысы бағытында «Сарытөбе», «Ауқатты», «Қарасу» бекеттеріне, Жамбыл облысы бағытында «Сыпатай» және «Айша Бибі» бекеттеріне түседі.

«Қордай» өткізу бекетін жаңғырту бастамасын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көтерген болатын. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы «Қарасу» мен Ақ тілек» өткізу бекеттерінің аралығында жаңа көпірдің құрылысы мен қолданыстағы көпірді реконструкциялау бойынша бірлескен шаралар туралы келісім жасалғаннан кейін жүзеге асырыла бастайды. Аталмыш келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтың кездесуі барысында қол қойылады деп күтілуде.

«Ауқатты» және «Сарытөбе» өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша 2025 жылға дейін жүргізілмек.