ЖУРНАЛИСТЕР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛДАРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

ЖУРНАЛИСТЕР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛДАРДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ақмола облысында БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистерге «Нұр-Сұлтан – Шучинск» және «Шучинск – Зеренді» жолдарының бойындағы қызмет нысандары көрсетілді.  

Республикалық маңызы бар жолдардың бойында қызмет көрсететін 1822 нысан бар. Олардың 865-і ҚР Ұлттық стандартының СТ 2476-2014 «Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары. Жол сервисі объектілеріне және олардың қызметтеріне қойылатын талаптарға» сай. Басқаша айтқанда, жол бойындағы 865 нысанда абаттандырылған әжетханалар бар. 2018 жылы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «QazAvtojol» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, заманауи 12 абаттандырылған әжетхананы орнатқан болатын. 

«Мұндағы әжетқұдықтар аптасына 2-3 рет тазартылады. Бұл жерде заманауи жабдық, вакуумды әжетхана орнатылған. Мұндай әжетханалар ұшақтарда тұрады. Ол суды үнемдеп жұмсауға мүмкіндік береді. Жол қызметі жол учаскелерін түнгі уақытта күзетіп, қызмет көрсету нысандарына кіреді, жабдықтың жұмысқа жарамдылығын тексереді», – деп түсіндірді тілшілерге «QazAvtojol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов.

Модульді «KazWay» павильоны өртке қауіпсіз, күн сәулесін қайтаратын жабыны бар үш қабатты шынымен жабдықталған. Мұнда санитарлы-гигиеналық тораптан бөлек, дәмхана бар.

«Мен павильонды жалға алғаным үшін айына 36 мың теңге төлеймін. Түсім шығындарды ақтайды. Демалыс күндері бізге күніне 150-180 адам келеді. Жазғы кезеңде табыс сомасы тәулігіне 50 мың теңгеге жетеді. Менің жол бойында қызмет көрсететін 2 нысаным бар. Осы кәсіппен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды», – деп бөлісті тәжірибесімен Азамат Шынтеміров.   

«Нұр-Сұлтан – Щучинск» жолында, ЖҚС мен дәмханалардағы әжетханаларды қоса алғанда, 19 жылы әжетхана бар. Тағы екі әжетхана жуырда ашылады деп күтілуде.

«Дәмханалар мен ЖҚС-дағы әжетханаларға бәрі де тегін кіре алады. Бұл мәселені біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пысықтадық. Олармен бірге нысандарды аралап, сол нысандардың талапқа сай-сай еместігін тексереміз. Бұл жерлерде адамдардан әжетханаға кіргендігі үшін ақы алу оқиғалары болған жоқ», – деді «QazAvtojol» ҰК» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы директорының орынбасары Ерлан Рысбеков.

Сондай-ақ, журналистерге «Шучинск – Зеренді» тасжолында орнатылған жаңа санитарлы-гигиеналық торап көрсетілді. Жобаны инвестор қаржыландырады. Торап  вакуумды ағызу жүйесімен, күн энергиясы қондырғысымен, ал павильон қашықтықтан басқару және мониторингілеу жүйесімен жарақтандырылған. Сонымен қатар, электр жарығымен, жылумен қамтуда үш деңгейлі қосалқы амалдар қарастырылады. Бүгінгі таңда автожолдардың қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатқан учаскелерінің бойында мұндай 14 санитарлық-гигиеналық торап орнатылып жатыр. Жаңа СГТ «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Жетібай-Жаңаөзен» жолдарында, «Қарағанды қаласының айналма жолында» және «Шымкент – Тараз» жолында пайда болмақ.

Еске салайық, 2019 жылдың қазанында «QazAvtojol» ҰК» АҚ 40 санитарлық-гигиеналық торапты орнату және оларға қызмет көрсету бойынша инвестициялық байқау жариялаған болатын. 2022 жылға дейін ел жолдарының бойында жаңа типтегі 304 әжетхана орнатылмақ.