
«QazAvtoJol» ҰК» АҚ ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп, 2022 жылға дейін демалыс орындарында 304 санитарлық-гигиеналық торап орнату жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітті.
Бағдарламаға сәйкес осы мерзімде қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан жол учаскелерінің бойында 110, пайдалануға берілген жолдарда 121, ақылы жолдардың бойында 73 санитарлық-гигиеналық торап орнатылады.
Бүгінгі таңда автожолдардың қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатқан учаскелері бойында 14 санитарлық-гигиеналық торап орнатылып жатыр. «Щучинск-Зеренді» тасжолында 1 санитарлық-гигиеналық торап пайдалануға берілсе, «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Жетібай-Жаңаөзен» жолдарында және «Қарағанды қаласының айналма жолында» осындай 11 торап салынуда. 2 санитарлық-гигиеналық торап бойынша жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды. Олар «Шымкент – Тараз» тасжолы бойында қойылады.
2019 жылдың қазан айында 40 санитарлық-гигиеналық торап орнату және оларға қызмет көрсету жөнінде инвестициялық байқау жарияланған еді. Ұлттық компания демалыс орындарын дайындау, электр желілерін тарту және ұңғымалар қазу жұмыстарын атқарды. Байқау талаптары бойынша электр желісі тартылмаған жерлерге балама электр энергиясы көзін орнату қарастырылған. Конкурсқа қатысуға «EUROmodul KZ», «Qazaqtech», «Ice Group KZ» ЖШС сияқты 3 компаниядан өтініш келіп түсті. Алғашқы кезең нәтижесі бойынша «Qazaqtech» ЖШС инвестор атанды. Бұл компания вакуумды ағызу жүйесі, күн энергиясы құрылғысы сияқты «жасыл» технологияларды пайдалана отырып, санитарлық-гигиеналық тораптар орнатуды ұсынды. Павильон қашықтықтан басқару және мониторингілеу жүйесімен қамтамасыз етіліп, электрмен және жылумен қамтуда үш деңгейлі қосалқы амалдар қарастырылады.
Санитарлық-гигиеналық тораптар инвестордың қаражаты есебінен орнатылады. Сонымен қатар, ол кешендерді 5 жыл бойы үздіксіз күтіп ұстау қарастырылады. Қазіргі таңда байқаудың екінші кезеңінің қорытындылары шығарылып, тиісті келісімшарттарға қол қою жоспарланып отыр.





