Қарағанды облысында геология саласының даму перспективасына арналған кеңес өтті

Қарағанды облысында геология саласының даму перспективасына арналған кеңес өтті

Қарағанды қаласында Қарағанды облысындағы геология саласының даму перспективалары мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиын барысында аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды облысында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану Комитеті төрағасы Базарбай Нұрабаев, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Сәкен Шакиров, «Қазгеология» АҚ басқарушылар төрағасы Ғалым Нұржанов және мүдделі мемлекеттік органдар, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Жиында  геология саласының даму перспективасы, жер қойнауын пайдалану саласының реформалық бастамалары және оның негізгі ерекшеліктері, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бағдарламасы, Қарағанды облысында жер қойнауын пайдалану саласы бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру сияқты бірқатар тақырыптар талқыланды.

Қарағанды облысындағы геология саласының даму перспективасы бойынша Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев баяндама жасады. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишевтың жер қойнауын пайдалану саласының реформалық бастамалары және оның негізгі ерекшеліктері атты баяндамасы тыңдалды.

Қарағанды облысында геологиялық барлау жобаларын іске асыру туралы «Қазгеология» АҚ Басқармасының Төрағасы Ғалым Нұржанов баяндады.

Ғалым Нұржановтың айтуынша, «Қазгеология» АҚ-тың шетелдік инвестицияларды тарту және инвесторлармен іскерлік қатынастарды жақсарту жөнінде жоспарлы жүргізіліп отырған жұмысының нәтижесінде соңғы 3 жыл ішінде Компания геологиялық барлау жұмыстары саласына 30 млрд. теңгеден астам қаржы тартты, олардың ішінде инвестициялардың  30%-ы (немесе 9 млрд. теңге) Қарағанды облысының үлесінде.

Сондай-ақ, Ғ.Нұржанов «Қазгеология» АҚ-тың өңірде жалпы сомасы 3,5 млрд. астам теңгені құрайтын мемлекеттік тапсырмалар негізінде 13 учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Мысалы, Қарағанды облысында «Қазгеология» АҚ Rio Tinto (Ұлыбритания), Korea Resources Corporation (Оңтүстік Корея), «ULMUS FUND» (Германия), JOGMEC (Жапония),  Yildirim Holding (Түркия) сияқты шетелдік компаниялармен бірлесіп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.

Rio Tinto компаниясы 2014 жылдан бастап жұмыс істеуде әрі Қорғантас және Балқаш-Сарышаған учаскелерінде мыс-порфира кендерін барлау жөніндегі жобалармен айналысуда.

Korea Resources Corporation 2015 жылдан бастап жұмыс істеуде әрі Қарағанды облысының Дүйсембай учаскесінде полиметалл кендерін барлау жөніндегі жобамен айналысуда.

Жапонияның JOGMEC мұнай, газ және металдар жөніндегі корпорациясы 2016 жылдан бастап Қыземшек учаскесінде жер қойнауын геологиялық зерттеумен айналысуда.

«ULMUS FUND» неміс тікелей инвестициялар қоры 2015 жылдан бастап Бесшоқы алаңында түсті және асыл металдарды барлау жөніндегі жобамен айналысуда.

Yildirim Holding түрік компаниясы бастапқы кезеңде Қазақстандағы бірнеше перспективалы учаскеде, оның ішінде Қарағанды облысының Тектұрмас ультрабазит белдеуінде хромит кендеріне жер қойнауын геологиялық зерттеу жүргізуді жоспарлауда.

Ғ.Нұржанов таяуда осы өңірде полиметалдардың ірі кен орны ашылады деп күтіліп отырғанын атап өтті.

Жалпы алғанда, саланы одан әрі дамыту үшін «Қазгеология» АҚ бұрғылау, геофизикалық және аэрогеофизикалық жұмыстар саласындағы әлемдегі әйгілі компаниялардан жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруда, сондай-ақ ұлттық компания өз қызметкерлерін оқыту жөніндегі жұмысты жолға қойды. Қазіргі сәтте  Rio Tinto компаниясының көмегімен 60 жас қызметкер 14 геологиялық бағыт бойынша оқытылды.

Түстен кейін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің жобасын талқылау мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Онда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексінің КСШ негізгі ережелері бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары Сәкен Шакиров сөз сөйледі және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексі жобасының негізгі ережелері туралы «White&Case» ЖШС-тің консультанты заңгер Тимур Одилов айтып берді. Кеңестің қорытындысы бойынша күн тәртібіне енгізілген барлық өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, барлық ұсыныстар ескерілді.