Қазақстан мен Ресей шекара маңындағы автожолдарды дамыту перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Ресей шекара маңындағы автожолдарды дамыту перспективаларын талқылады

Омбыда Қазақстан мен Ресей өкілдері жол жұмыстарын жүргізу мәселесін талқылап, бірлесіп жұмыс атқаруға келісті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, ресейлік делегацияны – РосАвтоДор Федералдық жол агенттігі басшысының орынбасары Андрей Самарьянов басқарды.

 

Кездесу барысында тараптар «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне кіретін автомобиль жолдарын және "Меридиан" автожолын, сондай-ақ Ресей-Қазақстан шекарасындағы өткізу пункттеріне кіреберіс болып табылатын автомобиль жолдарын дамыту қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының аумағындағы неғұрлым басым бағыттарды айқындауға уағдаласты.

Андрей Самарьянов бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің Ресей аумағындағы Мәскеу-Қазан, Қазан-Орынбор учаскелерінде көлік жүретін бөлігін төрт жолаққа дейін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Төлеген Абдуллин Қазақстан Республикасының аумағында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бағыты құрамындағы жолдар II және I санат параметрлеріне сәйкес келетінін атап өтті. Алайда, трафиктің өсуін ескере отырып, 2022-2024 жылдарға Ақтөбе-Ұлғайсын учаскесін 4 жолақты қозғалысты 1 санатқа ауыстыру бойынша жұмыстар белгіленгенін жеткізді. 

Кездесуде тараптар халықаралық автомобиль өткізу пункттерін дамыту туралы жоспарларымен де бөлісті. Қазақстандық тарап 6 өткізу бекеті бойынша жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізіліп жатқанын хабардар етті. Өз кезегінде РосАвтоДор келесі жылы жоспарланған жобалау жұмыстары туралы мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Ресей-Қазақстан шекарасына апаратын автожолдардың шекара маңындағы учаскелерін дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл туралы үкіметаралық келісім жобасы қаралды.