
Биылғы жылдың 8 айында республикалық маңызы бар автожолдарда 1163 жол көлік оқиғасы орын алды. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға аз.
Өткен жылы 8 айда елімізде 1424 жол апаты орын алған. Салдарынан 2510 адам жарақат алып, 534-і қаза тапты. Былтырғыдай биыл да ең көп жол көлік оқиғасы Алматы облысында тіркеліп отыр. 407 жағдай орын алған. Нәтижесінде 91 адам өмірімен қош айтысты. Жағымсыз статистиканың екінші орнында Жамбыл облысы тұр. 119 жол көлік оқиғасының салдарынан 46 адам мерт болды. Ал Түркістан облысында 98 апат орын алып, 39 адам көз жұмды.
Айтып өту керек, Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 100%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Алматы облысында бұл көрсеткіш 98,6%, ал Жамбыл облысында 83,4%-ды құрайды.
Жол көлік оқиғаларының төмендеуі бірінші кезекте, өңірлерге карантиндік шаралардың енгізілуімен байланысты. Көлік қозғалысының қарқыны бірнеше есеге азайған. Алайда, шектеу шараларын алып тастаған соң, көлік ағыны көбейіп, апаттар да жиілей түскен.
Ішкі істер министрлігінің ақпарынша, жол көлік оқиғаларының 96%-ында жүргізушілер кінәлі. Олар жылдамдықты шамадан тым асырып, тыйым салынған және қауіпті орындарда басып озып, арты апаттарға ұласуда.