Еңбек қызметі және демалыс
Шетелдіктер Қазақстан Республикасында еңбек қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асыра алады. Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек бостандығына конституциялық құқығын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық актілерде шетелдіктердің Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шектеулер белгіленуі мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы лауазымдарға тағайындау немесе осындай қызмет түрімен айналысу Қазақстан Республикасының азаматтығына жататындығына байланысты болса, шетелдіктер жекелеген лауазымдарға тағайындала алмайды немесе еңбек қызметінің белгілі бір түрімен айналыса алмайды.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің еңбек қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтары мен міндеттері бірдей болады.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылуы мүмкін. Бұл ретте заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негізде демалуға құқығы бар.
Денсаулық сақтау
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек ерікті медициналық сақтандыру полисі болған кезде беріледі.
Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің Әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқықтары мен міндеттері болады.
Зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды тағайындау үшін белгілі бір жұмыс өтілі талап етілетін жағдайларда шетелдіктерге олардың шетелдегі жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында белгіленген негіздерде және тәртіппен есептелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп-тұру және тұрғылықты жерін таңдау
Шетелдіктер шетелдіктерге бару үшін ашық Қазақстан Республикасының аумағы бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін сайлай алады. Қозғалыстағы және тұрғылықты жерін таңдаудағы шектеулер мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғауды, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет болған кезде Қазақстан Республикасының соған уәкілетті мемлекеттік органдарының актілерімен белгіленеді.
Салықтар мен алымдар
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдіктерге Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының азаматтарымен ортақ негіздерде салықтар мен алымдар салынады.
Шетелдіктердің құқықтарын қорғау
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің өздеріне тиесілі мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға жүгінуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер сотта процестік құқықтарды Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.