
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің басты міндеттерінің бірі – жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарының, сондай-ақ пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасын бақылау. Осы мақсатта 2019 жылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» (ЖАҰСО) республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Орталықтың қызметі республикалық маңыздағы автомагистралдардан бастап елді мекендердегі көшелерге дейінгі барлық жолдардың сапасын бақылау циклын қамтиды.
ЖАҰСО құрылған сәттен бастап 75 мыңнан астам нысанға шығу тексерісін жүргізіп, 189 мыңнан аса құрылыс материалының үлгісін зерттеді, сондай-ақ 20 мың шақырымнан астам жолды диагностикалады.
Орталық цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Негізгі құралдардың бірі — KazRoadLab автоматтандырылған жүйесі. Бұл платформа зертханалық сынақтар, даладағы өлшемдер, фотофиксация мен аналитиканы біріктіріп, сынақ нәтижелерін нақты уақытта қадағалауға мүмкіндік береді. KazRoadLab арқасында құжаттаманы өңдеу мерзімі 3 айдан 15 күнге дейін қысқарып, бақылау тиімділігі 5 есеге артты. Сонымен қатар барлық үлгілер QR және штрих-кодтармен белгіленеді, бұл талдау кезінде анонимдікті сақтап, әділетсіздікті болдырмайды.
Жол жамылғысын техникалық тексеру үшін жасанды интеллект қолданылатын SRDS ақауларды автоматты тану жүйесі енгізілді. Бұрын 100 шақырым жолды диагностикалау 4 күнге дейін созылса, қазір бұл жұмыс 4 сағатта орындалады. Адам факторының алынып тасталуы жолдардың жағдайын бағалаудағы объективтілікті арттырды.
ЖАҰСО сондай-ақ «е-Qұрылыс» жүйесінің аналогы саналатын «Орындаушы құжаттаманы бақылау» жүйесін енгізуде. Бұл жүйе Қарағанды және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында пилоттық режимде іске қосылды. 2026 жылға қарай жоба республиканың барлық өңірлерін қамтитын болады.
Орталық 20 филиал мен 16 зертханадан тұратын желісін дамытып отыр. Барлық зертханалар халықаралық ISO 17025 стандарты бойынша аккредиттелген және ILAC жүйесіне кіреді, бұл олардың нәтижелеріне деген сенімділікті растайды. Сонымен қатар ЖАҰСО сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару саласындағы ISO 37001 сертификатын алды және растады. Осы бағытта 70-тен астам қызметкер арнайы оқытудан өтіп, сертификатталды.
Маман даярлау да орталықтың маңызды бағыттарының бірі. Бұл мақсатта KazRoad VR виртуалды тренажёры енгізілді, оның көмегімен зертханашылар мен инженерлер виртуалды ортада оқытылады. Сондай-ақ орталық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, 8 мыңнан астам кәсіби бағдарлау кездесуін ұйымдастырды. 243 студент тәжірибеден өтіп, олардың 26-сы жұмысқа орналастырылды.
Осылайша, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тек бақылаушы орган ғана емес, сонымен қатар еліміздің жол сапасына жүйелі түрде әсер ететін заманауи цифрлық ұйымға айналды. Инновациялық шешімдерді енгізу, процестерді цифрландыру, жемқорлықпен күрес және кәсіби әлеуетті дамыту – орталықты Қазақстанның жол саласындағы стратегиялық маңызды буын етеді.