Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында облыстың коммуналдық меншігін басқару және пайдалану тиімділігіне жүргізілген месмлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының отырысында облыстың коммуналдық меншігін басқару және пайдалану тиімділігіне жүргізілген месмлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды

Жүргізілген аудит нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық мүлкін басқарудағы бірқатар қаржылық бұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктер анықталды.

Коммуналдық меншікке 2021 және 2022 жылдары тиісті мониторингтің жүргізілмеуі, сондай-ақ Қаржы басқармасы орналастырған есептердегі деректердің дұрыс болмауы мемлекеттік мүлікті басқару жүйесіндегі проблемаларды көрсетті.

Бұл факторлар мүлікті жекешелендіру және мемлекеттік тіркеу рәсімдеріндегі бұзушылықтармен бірге өңірдің қаржысын басқаруда ұзақ мерзімді орнықтылық пен ашықтық қағидатын әлсіретіп отыр.

Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қазыналық кәсіпорындардың Тізілімде есептік деректерді орналастыру туралы талаптарды бұзуы мемлекеттік мүлікті басқарудың жариялылық принципінің сақталмауына алып келді.

Коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерін талдау олардың экономикалық тиімділігінің біркелкі еместігін анықтап берді. Олардың кейбіреулері егжей-тегжейлі талдауды және түзету шараларын енгізуді қажет ететін шығынды көрсетеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік сектордың жекелеген кәсіпорындарының теріс қаржылық көрсеткіштеріне қарамастан, олардың көпшілігі 2021-2022 жылдар кезеңінде 5,8 млрд. теңге мөлшерінде жалпы пайда қалыптастырған оң динамиканы көрсетеді. Жоғарыда аталған ұйымдардан түскен дивидендтер түсімдерінің және таза табыстың бір бөлігінің жиынтық көлемі екі жыл ішінде 259,7 млн. теңгені құрады.

Бұдан бөлек, облыстық коммуналдық кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдар (Абай облысына өткен ұйымдарды есептемегенде) салық төлемдерінің оң серпінін көрсетіп, бюджетке 13,8 млрд. теңгеден астам түсімдерді қамтамасыз етті (2021 ж. - 6,3 млрд. теңге, 2022 ж. - 7,4 млрд. теңге).

Салық төлемдерінің көлемі бойынша көшбасшылар 2021-2022 жылдар аралығында жиынтық сомасы 2,6 млрд.теңгеден астам түсімдерді қамтамасыз еткен «Ана мен бала орталығы», «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» және «Шығыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК болып табылады.

Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде облыстық коммуналдық меншікті жалға беруден түсетін кірістер оң динамиканы көрсетеді және облыстық бюджетке салықтық емес түсімдердің едәуір үлесін қамтамасыз етті.

Бұл ретте білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармаларының мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін уақтылы және толық аударуына мониторинг жүргізу мәселелеріне тиісті бақылау жүргізбеуі облыстық бюджетке 5 045,0 мың теңге мөлшерінде қаражаттың уақтылы түспеуіне себеп болды.

Жалпы, жүргізілген аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша 384 051,3 млн.теңге соманың қаржылық бұзушылықтары және аудит объектілерінің ішкі бақылау жүйесінің тиісінше жұмыс істемеуіне және нормативтік-құқықтық құжаттардың уақтылы өзектендірілмеуіне байланысты бірқатар жүйелік кемшіліктер анықталды.

 20.10.2023