«Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» ММ (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы N 67 Жарлығына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» 2011 жылғы 22 тамыздағы № 187 қаулысымен құрылды.
Тексеру комиссиясы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсыну арқылы тікелей облыс мәслихаты алдында есеп береді. Өз қызметін Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті және Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің; сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2012 жылғы 07 желтоқсандағы № 8/106-V сессия шешімімен бекітілген Ереженің негізінде жүзеге асырады.
Тексеру комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрі және мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазынашылық органдарында шоттары бар мемлекеттік мекеме түріндегі ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.
Тексеру комиссиясының құрылымы төраға, төрт мүше және Тексеру комиссиясының аппаратынан тұрады. Тексеру комиссиясы штат санының лимиті Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген және 57 бірлікті құрайды.
Тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.