Қызылорда облысы бойынша
Тексеру комиссиясы төрағасының
2023 жылғы « » ақпандағы
№ -НҚ бұйрығымен бекітілген
«Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясы»
мемлекеттік мекемесінің
РЕГЛАМЕНТІ
- Жалпы ережелер
- «Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің регламенті (бұдан әрі – Регламент) – «Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) қызметінің ішкі тәртібін реттейтін құжат.
- Осы Регламентте реттелмеген мәселелер бойынша шешімді Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 13 шілдедегі №47 шешіммен бекітілген Тексеру комиссиясы туралы Ережемен (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы туралы ереже) немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген құзыретінің шегінде Тексеру комиссиясының Төрағасы қабылдайды.
Мұндай мәселелерді шешу тәртібін Тексеру комиссиясының төрағасы белгілейді және қажет болған жағдайда Тексеру комиссиясының барлық лауазымды тұлғаларының орындауы міндетті тиісті бұйрықпен қолданысқа енгізіледі.
- Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
- Тексеру комиссиясының жұмысын ұйымдастыру
- Тексеру комиссиясының жұмысы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», 2015 жылғы 23 қарашадағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы №67 «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы», 2016 жылғы 11 қаңтардағы №167 «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарын бекіту туралы» Жарлықтарына, Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар), Тексеру комиссиясы туралы ережеге өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Регламентке сәйкес ұйымдастырылады.
- Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Тексеру комиссиясы төрағасының шешімімен Тексеру комиссиясының мүшелеріне аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де жұмыстардың тиісті бағыттары бекітіледі.
- Тексеру комиссиясының Қызылорда облыстық мәслихатына ұсынылатын есебі, аудит нәтижелері, сондай-ақ, Тексеру комиссиясының құзыретіне кіретін өзге де мәселелер оның отырыстарында алқалы түрде қаралады.
- Ағымдағы қызмет мәселелерін Тексеру комиссиясының төрағасы аппарат басшысымен және бөлім басшыларымен, сондай-ақ қажет болған жағдайда Тексеру комиссиясының мүшелерімен кеңестерде қарайды. Кеңеске шақырылған адамдарды хабардар етуді, оны өткізу материалдарын дайындауды құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлім Тексеру комиссиясының бөлімдерімен бірлесіп қамтамасыз етеді. Кеңес қорытындысы тиісті хаттамалармен ресімделеді, оларды есепке алуды құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлім жүзеге асырады.
- Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды, аудит нәтижелері бойынша материалдарды және Тексеру комиссиясының қызметі туралы өзге де мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының сақталуын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында, Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастыруды, баспасөз конференцияларын, брифингтерді, кездесулерді, дөңгелек үстелдерді және басқа да көпшілік іс-шараларды өткізуді Тексеру комиссиясының аппарат басшысы құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп ұйымдастырады.
- Тексеру комиссиясының интернет-ресурсының жұмыс істеуін және толықтырылуын құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімі қамтамасыз етеді. Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылатын материалдардың анықтығы мен толықтығын оларды ұсынатын лауазымды тұлғалар қамтамасыз етеді.
- Тексеру комиссиясы аппаратының жұмыскерлері үшін техникалық оқу өткізуді аппарат басшысының тапсырмасына сәйкес жауапты құрылымдық бөлімі жүзеге асырады. Техникалық оқудың жүргізілуін бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы жүзеге асырады.
- Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының құпиялылық режимін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылады.
- Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі. Өткізу режимі
- Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі еңбек заңнамасымен және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
- Тексеру комиссиясында келесі жұмыс тәртібі белгіленеді:
- жұмыстың басталуы – сағат 08:30-да;
- жұмыстың аяқталуы – сағат 18:30-да;
- түскі үзіліс – сағат 13:00-ден 15:00-ге дейін;
- жұмыс аптасының ұзақтығы – 5 күн (40 сағат).
Қызметкерлерден икемді кестесін қолдану туралы өтініштер түскен жағдайда, бұл мәселені қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастыруға болады.
- Орындалуы Тексеру комиссиясының жұмысына ықпалын тигізетін шұғыл және алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындау үшін жекелеген қызметкерлер демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылуы мүмкін. Мұндай жұмыстардың ақысы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтеледі.
- Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жұмыста болмауына Қазақстан Республикасы заңнамасымен қарастырылған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағы және (немесе) анықтамасы бар болған кезде ғана жол беріледі.
- Дәлелді себептері болған кезде қызметкерге жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан да көп сағатқа дейін жұмыс орнында болмауына рұқсат етілуі (келісім берілуі) мүмкін. Жұмыста болмауын келісу және дәлелді себептерді тану тиісті қызметкердің өтініші бойынша: Тексеру комиссиясының төрағасы – Тексеру комиссиясының мүшелеріне және аппарат басшысына қатысты, аппарат басшысы – бөлім басшыларына қатысты; бөлім басшылары – қызметкерлерге қатысты жүргізіледі.
- Қызметкерлердің еңбек тәртібін сақтауын бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы, бөлім басшылары және Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады.
- Жұмыс уақыты есебінің табелін жүргізу және оны уақытылы жалақы есептейтін жауапты қызметкерге беруді Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады.
- Тексеру комиссиясының ғимаратына кіруді шектеу бойынша техникалық мүмкіндіктер болған жағдайда, Тексеру комиссиясының қызметкерлерін ғимаратқа өткізу электрондық (магниттік) карталар бойынша, келушілерді ғимаратқа өткізу жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады.
- Іс қағаздарды жүргізу
- Тексеру комиссиясында іс қағаздарды жүргізу Қазақстан Республикасының қлданыстағы заңнааларға сәйкес ұйымдастырылады.
- Тексеру комиссиясының фирмалық бланкісі, қаулылардың, бұйрықтардың, аудиторлық есептің, іссапар куәліктерінің стандарттарға сәйкес жасалған қатаң есептіліктегі бланкілері бар, оларды беру Қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.
- Фирмалық бланкілерге мыналардың: Тексеру комиссиясының төрағасы, Тексеру комиссиясының мүшелері және Аппарат басшысы кез-келген нысандағы фирмалық бланкілерге; Тексеру комиссиясының мүшелері Нұсқамаларға, Тапсырмаларға, Хабарламалар мен Талаптарға (сұрауларға) және өзге де жағдайларда, Тексеру комиссиясының қызметкерлері Аудиторлық есеп бланкілеріне, Талаптарға қол қою құқығы бар. Фирмалық бланкілерге қол қоюға құқығы бар тұлғалар қол қойылған құжаттар үшін дербес жауапты болады.
- Тексеру комиссиясының аппарат басшысының тиісті қызметтік жазбалардың негізінде қабылданатын шешімінсіз аудиторлық есептердің көшірмелерін түсіруге тыйым салынады.
- Тексеру комиссиясына келіп түскен құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген тәртіппен,мерзімінде қаралуы керек.
- Келіп түскен құжаттарда Тексеру комиссиясының бірнеше мүшесіне немесе бөліміне (қызметкерлеріне) тапсырма берілген жағдайда, оның орындалуы үшін жауапкершілік тапсырмада бірінші болып көрсетілген тұлғаға жүктеледі. Қалғаны бірлесіп орындаушылар жинақтау жүктелетін бірінші орындаушының тапсырмасы бойынша орындау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі күн бұрын өз ұсыныстарын енгізеді.
- Жауапты орындаушы бақылау тапсырмасы бойынша түпкілікті жауапты Тексеру комиссиясының төрағасына және Аппарат басшысына құжаттарды орындаудың өзге мерзімдері белгіленген жағдайларды қоспағанда, орындауға жауапты тұлғаның және бірлесіп орындаушылардың бұрыштамаларымен белгіленген мерзімнен бір күн бұрын қарауға ұсынады.
- Құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылауды және оларды бақылаудан алуды құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімі жүзеге асырады.
- Бөлімнің функционалдық бағыты бойынша жауапты құрылымдық бөлімі Тексеру комиссиясының аппарат басшысына және төрағасына олардың талабы бойынша Тексеру комиссиясында бақылауда тұрған құжаттардың орындалуы туралы жедел ақпаратты дайындайды.
- Мемлекеттік органдарға жолданатын барлық шығыс хат-хабар (соның ішінде электрондық құжат нысанында) Тексеру комиссиясының ресми бланкісінде мемлекеттік тілде ресімделеді. Қажет болған жағдайда, шығыс құжатқа орыс тіліндегі тең түпнұсқалық мәтін қоса берілуі мүмкін.
- Тексеру комиссиясының жұмысын жоспарлау
- Тексеру комиссияcы өз қызметін жұмыс және өзгеде жоспарлары негізінде жүзеге асырады.
- Жұмыс және өзгеде жоспарларының жобаларын дайындауды жауапты құрылымдық бөлімі Тексеру комиссиясы мүшелерінің, Аппарат басшысының, құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстарын ескере отырып жүргізеді.
- Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі (бұдан әрі – Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі) негізінде жүргізіледі.
- Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және бекіту Жоғары аудиторлық палатасы бекітетін, мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын Рәсімдік стандарттарға және Тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесіне және Жоғары аудиторлық палатасы Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітетін Мемлекеттік аудит органдарының өзара іс-қимыл қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
- Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін Тексеру комиссиясының интернет-ресурсына орналастыру Қағидаға сәйкес жүзеге асырылады.
- Жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімі мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесінің орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, сондай-ақ, аудиторлық іс-шаралар мен аудит объектілерінің қайталануын болдырмау мақсатында Жоғары аудиторлық палата мен Уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілері тізбелерінің өзгеруіне ай сайынғы негізде мониторинг жүргізеді.
- Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бекітілгеннен кейін, Қағидада көзделген мерзімде жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімі мемлекеттік аудит бөлімімен бірлесіп, нақтыланатын аудиторлық іс-шаралардың аяқталғанын ескере отырып, тоқсан сайын өткізілетін отырыстардың жылдық жоспарын қалыптастырады.
- Тексеру комиссиясының қызметі бойынша жылдық жұмыс және өзгеде жоспарлары, Тексеру комиссиясы мүшелерінің және құрылымдық бөлімшелердің ұсыныстары негізінде Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
- Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі
- Мемлекеттік аудитті және қаржы аудитін ұйымдастыру және жүргізу тәртібі, оның нәтижелерін ресімдеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы қағидаларымен және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен регламенттеледі.
- Мемлекеттік аудит тобын қалыптастыруды аппарат басшысының қызметтік жазбасы негізінде Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
- Аудиторлық іс-шараға (негізгі кезең) шыққанға дейін:
1) мемлекеттік аудит тобының қатысушылары мемлекеттік аудит объектілері бойынша жасап, оған мемлекеттік аудиторлар, мемлекеттік аудит тобының жетекшісі мемлекеттік аудит жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысы қол қойған, сондай-ақ жоспарлауға, сапа бақылауына жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшылары, Тексеру комиссиясының аппарат басшысы келіскен Аудит бағдарламасы екі жұмыс күнінен кешіктірілмей Тексеру комиссиясының мүшесіне бекітуге енгізіледі;
2) Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесі мемлекеттік аудит тобының қатысушылары жасап, мемлекеттік аудит тобының жетекшісі, мемлекеттік аудит жүргізуге, құқықтық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшылары бұрыштама қойған Тапсырмаларға екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
Тексеру комиссиясы мүшесінің аудиторлық іс-шараны жүргізуге тікелей қатысуына жол беріледі.
Тексеру комиссиясы мүшесі аудиторлық іс-шараны жүргізуге тікелей қатысқан жағдайда Тексеру комиссиясы мүшесінің аудиторлық іс-шараны жүргізуге, мемлекеттік аудитті жоспарлау сатысында және аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында құжаттарға және бекіту рәсіміне қатысуына қолды басқа комиссия мүшесі қояды.
Персоналды басқару қызметі (кадр) аудит бағдарламасы бекітілгеннен кейін, бірақ аудиторлық іс-шараға шыққанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей, іссапарға жіберу туралы бұйрықтарды Тексеру комиссиясының төрағасына қол қоюға енгізеді.
Қағидалардың 76 және 77-тармақтарында көрсетілген құжаттарға қол қойылғаннан кейін Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшесі Аудит бағдарламаларын және Тапсырмаларды бір тіркеу нөмірімен тіркейді.
41.Мемлекеттік аудиторлар іссапар аяқталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей құжаттардың атауы мен аудиторлық іс-шараның қалған материалдарымен жасақтағанға дейін жинақтау папкасында қалыптастырылатын құжаттардың атауы мен парақ санын тізімдемеде көрсете отырып, алдын ала зерделеу нәтижелері туралы материалдардың, Өтінімге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы қызметтік жазбалардың, Аудит бағдарламасының, Тапсырмалардың, Аудиторлық есептің (№ 1 дана), Жүйелік кемшіліктер кестесінің, Тізілімнің және Аудиторлық есепке қосымшалардың түпнұсқаларын, мемлекеттік аудит объектілерінің қарсылықтарын (болған жағдайда) құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімге тапсырады.
Құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлім Аудиторлық есептердің, Жүйелік кемшіліктер кестесінің, Тізілімнің және Аудиторлық есепке қосымшалардың түпнұсқалары, мемлекеттік аудит объектілерінің қарсылықтары Тексеру комиссиясына түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды сканерлейді, мекеменің электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйесінде тіркейді және Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесіне, мемлекеттік аудитті, сапа бақылауын жүргізуге және құқықтық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімдерге береді.
Аудиторлық іс-шараларды заңнамалық сүйемелдеуді заңгер жүзеге асырады. Заңгер болмаған жағдайда, Аппарат басшысы уәкілеттік берген тұлға жүзеге асырады.
- Аудиторлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға талондарды уақтылы тіркеуді және ұсынуды Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларға жауапты мүшелері қамтамасыз етеді, аудит топтарының басшылары жүзеге асырады.
- Сапаны бақылауды және заңнамалық сараптаманы жүргізу тәртібі
- Сапаны бақылау және заңнамалық сараптама Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сапа бақылауын жүзеге асыруы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартына (әрі қарай -750. Стандарт) сәйкес жүзеге асырылады.
- Мемлекеттік аудиттің сапасын бақылау нәтижелері бойынша аудиторлық іс-шараларға бағалау жүргізіледі, ол мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтаудың қажетті шарты болып табылады.
- Аудиторлық іс-шараны бағалауды сапа бақылауына жауапты құрылымдық бөлімі 750.Стандартына сәйкес жүзеге асырады.
Аудиторлық іс-шараларды бағалауды ұйымдастыруды және оның жүргізілуін бақылауды Аппарат басшысы жүзеге асырады.
- Тексеру комиссиясының отырыстарын өткізу
- Тексеру комиссиясының отырыстары тоқсан сайын нақтыланатын аудиторлық
іс-шаралардың аяқталуы ескеріле отырып, отырыстардың жылдық кестесіне сәйкес жоспарланады және өткізіледі.
- Тексеру комиссиясының отырысы оған Тексеру комиссиясы мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болып саналады.
- Бірлескен аудит жүргізілген жағдайда, отырысқа аудитке қатысқан мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өкілдері қатысады.
- Тексеру комиссиясының отырыстары, заңнамада белгіленген жағдайларды қоспағанда, ашық болып табылады және мемлекеттік тілдеде жүргізіледі.
- Аудит қорытындылары бойынша отырыстарды дайындау кезінде Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты мүшесі аудит тобының басшысымен бірлесіп, отырыстарды өткізудің бекітілген кестесіне сәйкес отырыс өткізілгенге дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын құжаттамаға жауапты құрылымдық бөліміне тиісті материалдарды (отырысқа шақырылғандардың тізімі, аудит объектілеріне қатысты мәселелер, баяндама, аудиторлық қорытынды, қаулы, нұсқама, жиынтық тізілім жобалары) ұсынады.
Құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімі аппарат басшысының және Тексеру комиссиясының жауапты мүшелерінің келісімі бойынша отырыстың күн тәртібін, өткізу тәртібін әзірлейді және материалдық-техникалық дайындауды қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
- Талқылануы аудит объектісі өкілдерінің қатысуын талап етпейтін мемлекеттік аудит материалдары бойынша отырыстар олардың қатысуынсыз өткізілуі мүмкін.
- Отырыс барысында құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдары талқыланатын отырыстар Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі заңнаманың талаптары сақтала отырып өткізіледі.
- Құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтитын мәселелерді қарастыру кезінде бейне және фотоаппарат жабдығын, ұялы телефондарды және өзге де жазу құрылғыларын пайдалануға жол берілмейді. Жергілікті желілер мен дербес компьютерлер тоқтан ажыратылады, селекторлық байланыс ажыратылады.
- Тексеру комиссиясының отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы қамтамасыз етеді.
- Тексеру комиссиясының отырысында мәселелерді қарастыру нәтижелері бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Егер отырысқа қатысушылардың санынан Тексеру комиссиясы мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші тұлғаның дауысы шешуші болып табылады.
- Отырысқа енгізілген мәселені талқылау кезінде Тексеру комиссиясы мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол жазбаша түрде ресімделеді және отырыс хаттамасына қоса беріледі.
- Тексеру комиссиясының отырысын өткізу кезінде хаттама жүргізіледі. Оны ресімдеу үшін құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімінің қызметкерлері қатарынан хатшы немесе Аппарат басшысы белгілеген қызметкер тағайындалады. Хаттамада талқыланатын мәселелердің мәні, қатысып отырған адамдардың тізімі, талқылауға енгізілетін мәселелер бойынша баяндамашылар мен сөз сөйлеушілер, отырыста қабылданған шешімдер көрсетіледі. Қажет болған жағдайда, Тексеру комиссиясы отырыстарының аудио және бейнежазбасы жүргізіліп, артынан фонограммалардың толық жазылуы және оларды басып шығару жүргізілуі мүмкін, олар отырыстың хаттамасына қоса тіркеледі (техникалық мүмкіндіктер болған жағдайда). Тексеру комиссиясы отырысының хаттамасы ол өткізілген күннен бастап үш күн мерзімде жасалады.
- Тексеру комиссиясы отырыстарының хаттамаларына Тексеру комиссиясының отырысқа қатысқан мүшелері бұрыштама қояды және оған отырыста төрағалық етуші тұлға қол қояды.
- Тексеру комиссиясының аудитке жауапты мүшесі аудиторлық іс-шараның қорытындылары бойынша баспасөз релизін, ақпаратты дайындайды және қажеттілігіне қарай баспасөз конференцияларын, брифингтерді, кездесулерді, дөңгелек үстелдерді өткізеді, олар Тексеру комиссиясының отырысы өткізілгеннен кейін Тексеру комиссиясы төрағасының келісімі бойынша Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
- Тексеру комиссиясының шешімдерін ресімдеу тәртібі
- Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған шешімдер тиісті қаулылармен ресімделеді.
- Әрбір қаулыға, Нұсқамаға және Тексеру комиссиясы отырысының хаттамасына «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ЭҚАБЖ) тіркей отырып, ағымдағы жылы оның бірінші отырысы өткізілгеннен бастап өтпелі нөмірлеу беріледі. Нұсқаманы ЭҚАБЖ-да тіркеу аудиторлық іс-шараның қорытындылары қарастырлған Тексеру комиссиясы қаулысының нөмірі мен күні ескеріле отырып, қаулы нөміріне дефис арқылы жазылады. Бір аудиторлық іс-шарада бірнеше Нұсқама болған жағдайда, Нұсқамаға нөмір өсу тәртібінде жазылады. Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданған күн аудиторлық іс-шара аяқталған күн болып табылады.
- Отырыстардың қорытындылары бойынша қабылданған шешімдерді мемлекеттік аудит объектілеріне және мүдделі мемлекеттік органдарға жеткізуді Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараларға жауапты мүшелері Қаулыға қол қойылғаннан кейін белгіленген тәртіпте жүзеге асырады.
- Мемлекеттік аудит объектілеріне ұсынымдарды орындау және бұзушылықтарды жою үшін Аудиторлық қорытындыны немесе Аудиторлық қорытындыдан үзінді көшірмені қоса бере отырып, Тексеру комиссиясының Нұсқамалары жолданады. Тексеру комиссиясының Аудиторлық қорытындысы толық көлемде «Экономика және бюджет саласында бақылау материалдарды жолдау туралы» бірлескен бұйрыққа сәйкес Қызылорда облысының прокуратурасына жолданады.
- Аудит материалдарын тапсыру, қабылдау және сақтау тәртібі
- Мемлекеттік аудиторлар құжаттардың атауы мен аудиторлық іс-шараның қалған материалдарымен жасақтағанға дейін жинақтау папкасында қалыптастырылатын құжаттардың атауы мен парақ санын тізімдемеде көрсете отырып, алдын ала зерделеу нәтижелері туралы материалдардың, Өтінімге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы қызметтік жазбалардың, Аудит бағдарламасының, Тапсырмалардың, Аудиторлық есептің (№ 1 дана), Жүйелік кемшіліктер кестесінің, Тізілімнің және Аудиторлық есепке қосымшалардың түпнұсқаларын, мемлекеттік аудит объектілерінің қарсылықтарын (болған жағдайда) Қағидада қаралған мерзімде құжаттамаға жауапты құрылымдық бөліміне тапсырады.
- Мемлекеттік құпияларды қамтитын аудиторлық іс-шараның материалдары Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес есепке алынады және сақталады.
- Аудиторлық іс-шаралардың материалдарын жасау және ресімдеу кезінде құжаттар келесі ретпен қалыптастырылуы тиіс:
1) Тексеру комиссиясы Қаулысы;
2) Тексеру комиссиясы Нұсқамасы;
3) Аудиторлық қорытынды,;
4) бұзушылықтар мен кемшіліктердің жиынтық тізілімі;
5) Тексеру комиссиясының отырыс хаттамасы;
6) Тексеру комиссиясы мүшесінің баяндамасы;
7) аудит жоспары;
8) аудит бағдарламасы;
9) аудиторлық тапсырмалар;
10) сараптамалық қорытындылар;
11) жиынтық сараптамалық қорытынды;
12) жиынтық заң қорытындысы;
13) алдын ала зерделеу туралы ақпарат;
14) мемлекеттік аудит тобымен жүргізілген нұсқаулық;
15) аудиторлық есепке қарсылық (болған жағдайда);
16) қарсылықтарды қарау хаттамасы (бар болған жағдайда);
17) тапсырма;
18) аудиторлық есеп қосымшаларымен бірге келесі ретпен:
- бұзушылықтар мен кемшіліктер тізілімі;
- түсіндірулер, кестелер, графиктер, бақылау өлшеу актілері және т.б.;
- бұзушылық фактілерін растайтын құжаттардың көшірмелері;
- хабарлама, талап;
- қосымша материалдар;
19) аудиторлық есептің жобасы;
20) үстеме тексерудің аудиторлық есебіне қарсылықтар (бар болған жағдайда);
21) үстеме тексерудің аудиторлық есебіне қарсылықтарды қарастыру хаттамасы (бар болған жағдайда);
22) үстеме тексеру жүргізуге тапсырма (бар болған жағдайда);
23) үстеме тексерудің аудиторлық есебі қосымшаларымен бірге келесі ретпен (бар болған жағдайда):
- бұзушылықтар мен кемшіліктер тізілімі;
- түсіндірулер, кестелер, графиктер, бақылау өлшеу актілері және т.б.;
- бұзушылық фактілерін растайтын құжаттардың көшірмелері;
- хабарлама, талап;
- қосымша материалдар;
24) үстеме тексерудің аудиторлық есебінің жобасы (бар болған жағдайда).
Көрсетілген ретпен қалыптастырылған барлық құжаттарды жауапты құрылымдық бөлімдер тігеді, нөмірлейді.
- 66. Мемлекеттік аудит материалдарын қалыптастырудың соңғы кезеңі Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит жүргізуге жауапты мүшесінің, мемлекеттік аудит тобының жетекшісінің және/немесе аудит жүргізген қызметкердің, материалдарды сақтауға қабылдаған жауапты құрылымдық бөлімнің жауапты қызметкерінің аудит материалдарын қабылдау-тапсыру тізімдемесіне қол қоюы болып табылады.
- Аудит материалдарын сақтауға қабылдауды тіркеу тігілген, нөмірленген және елтаңбалы мөрмен расталған аудит материалдарын есепке алу журналында жүзеге асырылады, онда мыналар:
1) мемлекеттік аудит объектісінің атауы;
2) аудит жүргізуге тапсырманың нөмірі мен күні;
3) мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты Тексеру комиссиясы мүшесінің тегі және аты-жөні;
4) аудит материалдарындағы парақтар саны;
5) мемлекеттік аудит тобы жетекшісінің тегі мен аты-жөні және оның қолы;
6) аудит материалдарын қабылдаған жауапты құрылымдық бөлімнің жауапты қызметкерінің тегі және аты-жөні көрсетіледі;
- Аудиторлық іс-шаралар материалдарының уақтылы және толық тапсырылуына Тексеру комиссиясының мүшесі, аудит тобының жетекшісі және/немесе аудиторлық іс-шараға қатысқан мемлекеттік аудиторлар, Мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы жауапты болады. Аудиторлық іс-шаралар материалдарының уақтылы тапсырылуын бақылауды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы жүзеге асырады.
- Мемлекеттік аудит материалдарын қабылдағаннан кейін олардың сақталуына құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімнің жауапты қызметкері жауапты болады. Сақтауға қабылданған мемлекеттік аудит материалдары қол жетімділігі шектеулі, қажетті санитариялық және өртке қарсы нормалар сақталған арнайы бөлінген және бейімделген орынжайда сақталады.
- Аудит материалдарының түпнұсқаларын беру туралы мәліметтерді құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімнің жауапты қызметкері тігілген, нөмірленген және елтаңбалы мөрмен расталған журналда тіркейді, онда мыналар:
1) алушының тегі және аты-жөні;
2) аудит материалдарын беруге рұқсат берген тұлғаның тегі мен аты-жөні (қажет болған жағдайда – растайтын құжат көрсетіледі);
3) материалдардың түрі;
4) аудиторлық іс-шара материалдарын алған күн;
5) аудиторлық іс-шара материалдарын қайтару күні көрсетіледі.
- Тексеру комиссиясы қаулыларының және нұсқамаларының түпнұсқаларын сақтауды құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімі жүзеге асырады.
- Аудиторлық іс-шараның мәліметтерін соған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына және өзге де тұлғаларға беру Тексеру комиссиясы төрағасының келісімі бойынша Аппарат басшысының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
- Тексеру комиссиясының Аудиторлық қорытындысында, Нұсқамаларында қамтылған ұсынымдардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру
- Құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлім Тексеру комиссиясының Аудиторлық қорытындысында қамтылған ұсынымдарды, Нұсқамаларының тармақтарын қол қойылған күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде бақылауға қоюды жүзеге асырады, олардың орындалу мерзімі келгенге дейін бес жұмыс күні бұрын Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесіне олардың орындалу мерзімі туралы ескертеді.
Сапа бақылауына жауапты құрылымдық бөлім Тексеру комиссиясының аудиторлық қорытындысында, нұсқамаларында қамтылған ұсынымдарды, нұсқамалар тармақтарын бақылауды және Нұсқамалар тармақтарының іске асырылу барысына мониторингті Қағидаға сәйкес жүзеге асырады.
- Құқықтық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімі жартыжылдықта бір рет құқық қорғау органдарына жіберілген аудиторлық іс-шаралар материалдарын қараудың нәтижелеріне мониторинг жүргізеді.
- Мемлекеттік аудит объектісінің атына Аудиторлық қорытындыда қамтылған ұсынымдарды және (немесе) Нұсқаманың тармақтарын, Тексеру комиссиясы қаулыларын бақылаудан алу не олардың орындалу мерзімін ұзарту туралы ақпаратты Тексеру комиссиясының Төрағасы шешім қабылдаған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде сапа бақылауына жауапты құрылымдық бөлім Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараға жауапты мүшесінің қолы қойылған хатпен хабардар етеді.
Қажет болған жағдайда, Аудиторлық қорытындыда қамтылған ұсынымдардың және Нұсқаманың тармақтарының орындалу барысы туралы мәселені талқылау Тексеру комиссиясының отырысына енгізіледі, оны қарастыру қорытындылары бойынша тиісті шешім қабылданады.
- Сараптамалық-талдау қызметі
- Тексеру комиссиясы тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 20-сынан кешіктірмей, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы мәслихат және Қызылорда облысының әкімі үшін жедел ақпарат қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысының бюджетіне қатысты ағымдағы бағалауды (сараптамалық-талдау қызметін) жүзеге асырады.
- Ағымдағы бағалауды жүргізу кезінде жедел есептілікті және тиісті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері электрондық нысанда беретін ақпаратты өңдеуге және талдауға негізделген талдамалық ақпарат пайдаланылады.
- Ағымдағы бағалау нәтижелері тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
- Тексеру комиссиясының есептерін жасау
- Тексеру комиссиясы есепті жылдан кейінгі жылдың 20 мамырынан кешіктірмей Қызылорда облысының жергілікті бюджетінің атқарылуы туралы есепті мәслихаттың қарауына ұсынады.
- Қызылорда облысының жергілікті бюджетінің атқарылуы туралы есеп сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартында белгіленген тәртіппен жасалады.
- Тексеру комиссиясы тоқсан сайын Жоғары аудиторлық палатасына есепті кезеңдегі өз жұмысы туралы ақпаратты ұсынады. Ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартымен регламенттеледі.
- Тексеру комиссиясы жұмысының қорытындылары туралы есептерді бөлімдер есепті кезеңде жүргізілген аудиторлық, талдау және ұйымдастыру іс-шараларының қорытындылары негізінде дайындайды.
- Бөлім жұмысының жылдық қорытынды есептерін бөлім басшылары дайындайды, Аппарат басшысы келіседі және есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей Тексеру комиссиясы төрағасының қарауына енгізеді.
- Өтініштерді қарау және азаматтарды қабылдауды жүргізу тәртібі
- Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік-Процестік Кодексі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
- Азаматтарды қабылдауды Тексеру комиссиясының төрағасы, Тексеру комиссиясының мүшелері, Аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырады.
- Келушілерді қабылдау кестесі Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында, сондай-ақ келушілерді қабылдайтын тұлғаларды және қабылдау уақытын көрсете отырып, көзге көрінетін қолжетімді жерлерде мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады.
- Азаматтарды қабылдауды есепке алуды құжаттамаға жауапты құрылымдық бөлімінің қызметкері өтініш берушінің тегін, атын, әкесінің атын, оның жұмыс орнын, лауазымын, мекенжайын, өтініштің қысқаша мазмұнын, тапсырманы және қарау нәтижелерін көрсете отырып, азаматтарды қабылдауды есепке алу журналында жүргізеді.
- Келуші қойған мәселелерді білікті шешуді қамтамасыз ету үшін қабылдауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға олардың қарауына аппарат қызметкерлерін тарта алады немесе олардан қажетті кеңес ала алады.
- Егер өтініш немесе шағым қабылдау кезінде шешілмейтін болса, онда азаматтар көтерген мәселелер жазбаша түрде жазылады және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
- Егер келуші өтініш жасаған мәселені шешу Тексеру комиссиясының құзыретіне кірмейтін болса, онда қабылдауды жүргізуші оған қандай ведомствоға (ұйымға немесе мекемеге) жүгіну керектігін түсіндіреді және мүмкіндігінше оған қажетті көмек көрсетеді.
- Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрықтарын дайындау тәртібі
- Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрықтары (бұдан әрі – Бұйрықтар) оларды шешу Тексеру комиссиясы төрағасының жеке-дара өкімдік қызметі шегінде болатын мәселелерді регламенттеу үшін шығарылады.
- Дайындалған бұйрықтар жобаларының нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі құқықтық қамтамасыз етуге жауапты Аппарат басшысымен, заңгермен, қажет болған жағдайда, Тексеру комиссиясының мүдделі мүшелерімен және бөлімдермен келісіледі, содан кейін Тексеру комиссиясының төрағасына қол қоюға жіберіледі.
- Бұйрықтардың жобаларын дайындауды Тексеру комиссиясының тиісті бөлімдері жүзеге асырады. Қол қойылғаннан кейін бұйрықтарды тіркеуді Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жүзеге асырады. Тексеру комиссиясының мүшелері және бұйрықты орындауға жауапты немесе онда аталған аппарат қызметкерлері бұйрықтың мазмұнымен міндетті түрде таныстырылуы тиіс.
- Демалыстар беру және қызметтік іссапарларға жіберу тәртібі
- Тексеру комиссиясының Төрағасын, мүшелерін және аппарат қызметкерлерін қызметтік өкілеттіктерін іске асыру шеңберінде, сондай-ақ, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында, соның ішінде, шетелге іссапарға жіберген жағдайда, қызметтік іссапарға жіберу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Тексеру комиссиясы Төрағасының бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
- Тексеру комиссиясының Төрағасын, Тексеру комиссиясының мүшелерін және аппарат қызметкерлерін іссапарға жіберу туралы бұйрықтардың жобаларын Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) ресімдейді.
- Іссапарға жіберу туралы бұйрықтарға іссапарға барардан кемінде екі жұмыс күні бұрын қол қойылуы тиіс.
- Қазақстан Республикасының шегінде, сондай-ақ, шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға жіберілетін Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің шығыстарын өтеу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
- Демалыс беру Тексеру комиссиясының төрағасы бекіткен кестеге сәйкес, Еңбек кодексіне және Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Тексеру комиссиясы қызметкерлерінің демалыс беру туралы өтініштері демалысқа шыққанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын Төрағаға енгізіледі.
- Қорытынды ережелер
- Тексеру комиссиясының төрағасы консультативтік-кеңесші және сараптама комиссияларын (кеңестерін) құруға құқылы, олардың қызметі тиісті ережелермен және бұйрықтармен айқындалады
- Аппарат бөлімшелері арасында ұйымдастырушылық сипаттағы келіспеушіліктер туындаған жағдайда, оларды Тексеру комиссиясының аппарат басшысы шешеді.