Қақпақ ауылдық округі әкімі Әлімқожаев Жұмаш Жапарұлының 2022 жылғы ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы
Б А Я Н Д А М А С Ы
Саламатсыздар ма құрметті ауыл тұрғындары!
Ауылдық округте екі елді мекен орналасқан. Қақпақ, Көкбел ауылдары. Халық саны – 2569.
Округте 2 орта мектеп, 2 пошта бөлімшесі, 2 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 1 полиция пункті, 1 вет пункт, 1 мәдениет үйі, 1 кафе, 2 тойхана, 11 дүкен, 1 шаштараз, 1 тігін шеберханасы, 1 ұстахана, 2 мешіт халыққа қызмет көрсетеді. Екі елді мекен бойынша аудандық кірістер басқармасына 185 шаруа қожалығы тіркелген.
Округ бойынша жалпы жер көлемі – 89915 га. Оның ішінде: егістік жер - 3796 га, суармалысы - 1569 га, жайылымдығы – 84303 га, шабындық - 46 га, 1770 га – ауылдық округтің жері.
2022 жылдың қорытындысы бойынша округтің әлеуметтік-экономикалық дамуында біршама оң өзгерістер бар.
Ауыл шаруашылығы ауыл экономикасының негізгі саласы болып есептеледі. Жалпы ауыл шаруашылық өнімінің көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қазіргі заманауи агротехнологияны қолдану арқылы егін шаруашылығын жаңғырту және жоғары реподукциялы тұқымдарды пайдалану арқылы алынатын өнімді және оның сапасын арттыру мақсатында шаруа қожалықтары жоғары сортты арпа, бидай, картоп тұқымдарын егуде. Бұл бағытта 622 га алқапқа егілген картоптың әр гектарынан 220 ц/н, 400 га жаздық арпаның әр гектарынан 28 ц/н, 50 га жаздық бидайдың әр гектарынан 11 ц/н, 2150 га көпжылдық шөптен орташа түсім 50 центнерден өнім алынып, 85250 тонна мал азығы жиналды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының 80 га суармалы жері айналымға қосылып, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосылады деп күтілуде.
Ауыл экономикасының негізін құрайтын сала – ауыл шаруашылығы болғандықтан, биыл да бірқатар жобалар жүзеге аспақшы. Осы орайда ауылдық жерде көкөніс шаруашылығын дамыту үшін Қақпақ ауылынан 4 га жерге қырыққабат егуге 2 млн грант ұтып алған азаматша Кабиева Зәуре 3 азаматты жұмыспен қамтуды жоспарласа, ауыл азаматы Бейсенбеков Асан өз қаражатына Қақпақ ауылынан арпа, бидай секілді астық дақылдарынан жем тартатын диірмен орнататын орнын дайындап, 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту, астық дақылдарынан мол өнім алуға қол жеткізудегі негізгі факторлардың бірі – кооперативтер құру, лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алып пайдалану. Осы бағытта «ҚазАгроҚаржыдан» 11 миллионға «Айшуақ» шаруа қожалығы төрағасы Атамқұлов Ербол Беларусь-82 маркалы трактор алса, «Алтын дән» сервистік дайындау орталығы арқылы Абдырахынов Сырым 1 Беларусь-952 тракторын, 1 соқа, 1 дән сепкіш агрегат алып, жұмыстарын жандандырды. Ағымдағы жылы лизингке жаңа ауылшаруашылық техникаларын алу үшін «Іле барысы» сервистік дайындау орталығына Қақпақ ауылы тұрғыны С.Мұқасалиев (6 бірлік) 1 трактор, 5 агрегат, Көкбел ауылы тұрғыны Н. Жолдасов 1 трактор 3 агрегат (4 бірлік) алуға өтінім берді.
Мал шаруашылығы саласы бойынша
Жылдан-жылға ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарындағы төрт түлік мал басы көбеюде. 2022 жылы ірі қара малы 5828 бас, жылқы 3521 бас, қой-ешкі 16595 басқа өсті.
Екі елді мекенде ірі қара малын көбейту, асылдандыру және тұқымдық түрлендіру бойынша жұмыстар өз жемісін беруде. Атап айтар болсақ, «Шайзадан» шаруа қожалығы 1 бас асылтұқымды бұқа, «Бірлік» шаруа қожалығы 2 бас, «Әлем-Агро» қожалығы 4 бас, «Сұңқар» шаруа қожалығы 1 бас және «Жасар» шаруа қожалығы 2 бас, «Аманжол» шаруа қожалығы 3 бас, «Нұрболат» шаруа қожалығы 1 бас асыл тұқымды бұқа алып, мал басын асылдандыруда қажырлы еңбек етіп келеді.
Сонымен қатар биылғы жылы «Бақыт» шаруа қожалығы төрағасы Сыдықақынов Ғайнам әр басын 450 мың теңгеден өз қаражатына асыл тұқымды 6 айлық 70 бас герефорд бұзауын сатып алып, ауыл шаруашылығы саласына қомақты инвестиция тартса, Көкбел ауылының азаматы Жолдасов Нұрлан 80 бас асылтұқымды ірі қара мал тұқымын алуды жоспарлап, қазіргі уақытта құжаттары дайындалуда.
Округте мал бордақылаумен айналысатын шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар саны да өсуде. 2021 жылы 11 шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысса, 2022 жылы олардың саны 14-ке жетті. Осы тұрғыды айтар кетер бір жайт ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыру үшін берілетін 2023-2025 жылдарға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында бірнеше ауыл азаматы мал бордақылау алаңдарын ашу үшін 2,5 пайыздық несие алуға өтінім беріп отыр.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының» ІІ бағыты бойынша аз қамтылған 2 отбасы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін 1 млн 225 мың 200 теңге қайтарымсыз негіздегі грант алып, өз кәсібін бастады. 7 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды.
Бағдарламаның 3-бағыты бойынша ақылы қоғамдық жұмысқа жоспар бойынша 5 азамат болса, жұмыссыз есебінде тұрған 11 адам тартылып, оның ішінде 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2 азаматша жастар тәжірибесіне тартылса, 1 жас маман алғашқы жұмыс орны бойынша жұмысқа алынды. Әлеуметтік жұмыс орны бойынша 3 адам жұмыспен қамтылса, маусымдық жұмысқа екі ауылдан 39 адам тартылды.
Ағымдағы жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының 1-бағыты бойынша 2 азаматша қысқа мерзімді кәсіптік оқу ветеринария және аспаз мамандықтары бойынша оқуға өтінім берсе, ІІ бағыт бойынша қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бстау үшін «Бизнес-бастау» жобасы бойынша 2 азаматша оқыды. 1 млн 380 мың қайтарымсыз грант алуға өтінім берген көпбалалы ана, ауыл тұрғыны Тұражан Гүлман Қақпақ ауылында 2019 жылы ашылған Этно-ауылды дамыту мақсатында Қақпақ ауылына кіреберісте 3 киіз үй тігіп, қымыз, ұлттық тағамдар дайындап, 3 тұрғынды жұмыспен қамтуды жоспарласа, аз қамтылған отбасы Көкбел ауылы тұрғыны Бекен Ақмарал сүт өнімдерінен жасалған ұлттық тағамдар құрт, май, ірімшік жасау үшін бизнес жобасын әзірлеуде.
Тігінші Жетен Альфия тігіншілік саласына қатысты жобасын қорғап, 3 млн 200 мың теңге грант ұтып алды. «Малика» атты тігін шеберханасын ұлғайтып, 5 азаматты жұмыспен қамтып, 1 ай мерзімге көпбалалы, аз қамтылған әйел азаматшаларды тегін оқытуды қолға алуда.
Бағдарламаның ІІІ бағыты бойынша жұмыссыз азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспары бойынша 10 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Әлеуметтік жұмыс орнына жоспардағы 3 адам орнына 7 азамат әлеуметтік жұмыстарға орналасса, “Күміс жас” жобасы бойынша 2 азаматша орналасты.
Білім беру саласы бойынша
Қақпақ ауылы Жәменке атындағы орта мектебі 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен. Мектепте 333 оқушы 22 сынып комплектісімен бекітілген. 45 мұғалім қызмет етеді. Wi-Fi желісімен, пәндік кабинеттермен, компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. 108 балаға ыстық ас берілді. 11-сыныпта 7 оқушы ҰБТ-ға қатысып, көрсеткіш 69 пайызды құрады. Мектеп шағын орталығында 2 топта 45 бала тәрбиеленді. Мүмкіндігі шектеулі 2 бала үйден әлеумттік көмек алды.
1988 жылы салынған Көксай орта мектебіне 2022 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. 80 пайыз құрылысы аяқталған мектепте 2022 оқу жылында 111 оқушыға 31 ұстаз ұстаз білім берді. 71 бала ыстық тамақпен қамтылды. Шағын орталықта 35 бала ыстық тамақпен қамтылды. Бірыңғай ұлттық тестіге 4 оқушы қатысып, қорытындысы 64 пайызды құрады. Жалпы екі мектеп оқушылары жыл бойы ауылдық, аудандық және республика көлеміндегі түрлі білім бәйгелері, өнер және спорттық жарыстар мен байқауларға қатысып, мақтау қағазы, диплом, сертификаттармен марапатталды. Оқу жылының басынан жаңартылған бағдарлама бойынша пән мұғалімдері білімдерін жетілдіріп, аудандық, облыстық семинарларға қатысып, тәжірибе алмасты. Ұстаздар білім беру саласын дамытуда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қол жеткізген табыстары мен шығармашылық жетістіктері үшін түрлі марапаттарды иеленді.
Екі елді мекенде Қазпочта» АҚ-ның телефон байланысы мен пошта бөлімшесі тұрақты жұмыс істейді. Қақпақ ауылында 177 телефон нүктесі бар. Қақпақ ауылында 63 үйге интернет желісі қосылған.
2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында Қақпақ ауылының 4 көшесіне /ұзындығы 4 шақырым/ асфальт төселді.
Денсаулық саласы бойынша
Округ бойынша денсаулық сақтау саласында да жұмыстар талапқа сай жүргізілуде. Екі елді мекен дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткен. Амбулатория медициналық құралдармен, компьютермен жабдықталып, 1 жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Ауылдық емханаларда 2 дәрігер, 2 фельдшер, 2 акушерка, 9 мейірбике, 1 лаборант және 7 техникалық қызметкер халық үшін қалтқысыз қызмет көрсетті. Екі ауыл емханасында 0 - 1 жасқа және 1-5 жасқа дейінгі балаларға, жүкті аналар және «Д» есепте тұратын науқастарға алғашқы дәрігерлік көмекке тегін дәрі-дәрмек көлемі – 4 млн 569 мың 545 теңге 95 т қаржы қаралып, игерілді. Екі ауылда 36 сәби дүниеге келді. Туберкулез ауруымен 1, қатерлі ісік ауруымен 7 адам есепте тұр. Жыл сайын маман дәрігерлермен, кешенді жылжымалы медициналық автокөлік келіп тұрғындар медициналық тексеруден өтіп тұрады. Биылғы жылы ауылдық емханада арнайы құрылғылармен жабдықталған тіс емдеу кабинеті жұмыс істеп тұр. Тіс дәрігері аптасына 2 рет ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Салық түсімдері бойынша
2022 жылы салық түрлері жоспар бойынша орындалды. Табыс салығы жоспар бойынша – 300 000, орындалғаны – 332 мың 996 мың – 110,9 пайыз, жеке тұлғалардың мүлік және жер салығы жоспар бойынша - 680 000, орындалғаны 608 мың 556 теңге құйылып, 92,8 пайыз, көлік салығы жоспар бойынша – 9 млн 500 мың, орындалғаны 9 млн 103 мың 268 теңге жиналып, 95,9 пайызды құрады.
Ағымдағы жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қақпақ ауылдық округі бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және әл-ауқатын көтеру, салық түсімдерін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында төмендетілген 2,5 пайыздық несие алып, шағын және орта бизнесті дамыту, кіріс көздерін молайту, кейбір кәсіпкер азаматтардың туған жерге көмек көрсетуін, басқа жақта тіркеуде тұрған көліктерін ауылға тіркеп, көлік салығының түсімін арттыру секілді жұмыстар жасалуда. Бұл бағытта үйден тәтті нандар пісіруші көпбалалы ана Өткелбаева Лаура «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында төмендетілген 2,5 пайыздық несие алуға өтінім беріп, алдағы уақытта Көкбел ауылынан шағын наубайхана ашып, 2 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
1 кәсіпкер өз қаражатына жаңа жұмыс орнын - “Мирас” аралас заттар дүкенін ашып, аудандық кірістер бөліміне тіркелсе, жас кәсіпкер Мұхит Айбек өз қаражатына (20 млн) дүкен аумағын ұлғайтып, азық-түлік және құрылыс заттары сауда орнын ашу үшін жұмыстарын жүргізуде.
Инвестиция тарту
2022 жылы «Қонаев И» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Кіші Қақпақ өзнінен ГЭС құрылысы жұмысын бастады. Жоба құны 1 млрд 400 млн теңге қаражатты құрайды. Ағымдағы жылдың көктем айында аяқталып, 2,2 МВт тоқ көзін тұрақты беріп отыратын ГЭС жобасы Қақпақ ауылдық округіне тартылған ең қомақты инвестиция болмақ.
Туризмді дамыту бойынша
Ішкі туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Олай болса, округ бойынша туризм саласын дамыту үшін Қақпақ ауылының азаматы, Жарылқасынов Еділ өткен жылы Қожеке жайлауына 6 киіз үй тігіп, жұмысын жүргізсе, биылғы жылы демалыс аумағын ұлғайтып, 10 киіз үй тігіп, алыс-жақыннан келген демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін балалар алаңын, автотұрақ орнын және жеңіл автокөліктердің кедергісіз жүруі үшін көпір салуды жоспарлауда.
Мәдениет саласы бойынша
Қақпақ ауылдық Мәдениет үйі 1968 жылы салынған. 2007 жылдан пайдалануға жарамсыз деп табылған Мәдениет үйі жабылып, қызметкерлер Қақпақ ауылдық округінің әкімшілік ғимаратында 2022 жылға дейін жұмыс істеп келді. 2022 жылы тендер арқылы ұтып алған ТОО “Градстройсервис” фирмасы 275 миллион қаражатқа Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіп, жыл аяғында құрылыс жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылдың наурыз айында қалған жұмыстары жүргізіліп, материалдық базамен жабдықталып, заманауи үлгіде жасалған ғимарат пайдалануға берілмек.
Спорт саласы бойынша
Талай спорт саңлақтары түлеп ұшқан Әкімшілік ғимаратының 1-қабатында орналасқан греко-рим күрес залына 2021 жылы ауыл азаматтарының қаржылай қолдауымен 3,5 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеу жұмысы жасалып, жаңа үлгідегі күрес залы ауыл балаларына айқара есік ашты. Күрес залында 4 топта 80 бала тәрбиеленуде. Түрлі аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға, салауатты өмір салтын қалыптастыру немесе атаулы мерекелік шараларға орай өткізілетін спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар мен чемпион атағына ие болып ел намысын қорғап жүрген жасөспірімдер өсіп келеді. Атап айтар болсақ, Қырғызстан Республикасында өткен турнирден Балықбай Ілияс, Серікбай Нұржан ынталандырумен, қараша айында Кеген ауданындағы біріншілікте 30 бала барып, 18 медальмен оралды. Талғар қаласында өткен чемпионатта Серікбай Нұржан ІІІ орын, Есік қаласындағы командалық жарыста 2-орын, Райымбек ауданының біріншілігінде 16 желтоқсанда Қақпақ ауылында өткен жарыста 47 бала қатысып, командалық есепте бірінші орын, ақпан айында М. Мақатаевтың туған күніне орай Кеген ауданында өткен ауданаралық жарысқа 33 бала қатысып, 5 алтын, 3 қола, 7 күміс барлығы 15 медальмен командалық есепте І орынға ие болса,. Тараз қаласында өткен республикалық турнирде Серікбай Нұржан ІІІ орынға ие болды
2022 жылы Қақпақ ауылынан күзгі-көктемгі әскерге шақырылғандар саны 55. Оның ішінде 10 азамат медкомиссияға барып, 7 азамат әскерге жіберілді.
Жыл сайын Қақпақ ауылдық округі бойынша қамқорлық пен қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетіліп тұрады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген дана халқымыз. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Олай болса, ортамызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген, туған жерін абаттандырып, гүлдендіруге атсалысып, өзге де қайырымдылық істерге қаржылық демеу көрсетіп жүрген ауыл кәсіпкерлері, демеуші азаматтар, ерікті жастар, мекеме қызметкерлері аз емес. Атап айтар болсақ, «Атамекен» шаруа қожалығы атынан Көкбел ауылы тұрғыны, аз қамтылған отбасы А. Тұңғышбаеваның отбасына 30 мың теңге көлемінде азық-түлік, оқу құралдары берілсе, ауыл кәсіпкерлері, демеуші азаматтар мен ерікті жастар атынан 25 отбасына 200 мың теңге көлемінде азық-түлік таратылып, 7,5 куб құрғақ отын мен 405 мың теңгеге көмір тасымалданып берілді. 6 куб отын мен 405 мың теңгені құрайтын 27 тонна қатты отын көмегі берілді.
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай үнемі қайырымдылық көмектерін аямайтын Әбдікерімов Нұрлан, Нұрғазиев Жарас, Майра Саудабайқызы және ізгілікті істердің ұйытқысы болып жүрген басқа да азаматтар аз қамтылған 5 отбасына, көпбалалы 11 отбасына және 1 жалғызбасты зейнеткерге 2 ірі қара мен 3 қой етін таратып берді.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ауылымыздың 1973 жылғы түлектері екі елді мекендегі көпбалалы және батыр аналарға сый-сияпат жасаса, 22 Наурыз, Жеңіс күні, Қарттар күні мерекелері округ көлемінде аталып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қайырымдылық көмектер жасалды. 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 31 жылдығы мерекесі қарсаңында Тәуелсіздігімізді дәріптейтін түрлі іс-шаралармен бірге әр түрлі сала бойынша ел дамуына өз үлестерін қосып жүрген ауыл азаматтары аудан және ауыл әкімінің марапаттарына ие болды.
Округ бойынша 2 жол-көлік оқиғасы, 2 ұрлық, 1 заңсыз аң аулау фактісі тіркелді. Оның ішінде заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 1 ұрлық фактісі ашылып, күдікті азамат пробациялық есепке алынды. Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда учаскелік инспектор ауыл ішінде рейдке шығып, ел тыныштығының сақталуын қадағалайды.
Құрметті ауыл тұрғындары!
Баршаңызға Жаңа жыл құт-береке әкелсін. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс, елімізге тыныштық, ынтымақ, бірлік, мол табыстар тілеймін.
Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет!
2022 жылдың мамыр айында Көкбел ауылындағы ескі контор ғимаратынан Көкбел ауылы балаларына арналған греко-рим күрес залы ауыл азаматтарының демеушілігімен 3 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп пайдалануға берілді. Күрес залында 35 жасөспірім жаттығады. Аз уақыт болса да алған жетістіктері аз емес. Талай дүбірлі жарыстарда ауыл намысын қорғап жүрген өрендерге айтар алғысымыз мол.