Осы Бұйрық жобасы (бұдан әрі - Жоба) 2022 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының Мәжіліс отырысында мемлекеттік қызметке түсу кезіндегі артық кедергілер мен тосқауылдарды жою туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Жобаны әзірлеу кезінде құрылымды жақсарту және оңтайландыру тәсілдері қарастырылған, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, мемлекеттік қызметшілермен және де азаматтармен кері байланыс нәтижесінде туындайтын құқық қолдану практикасының қолданыстағы мәселелері ескерілген.
Мысалы, құқықтық актінің құрылымын оңтайландыру мақсатында адамдардың белгілі бір санаттарына қатысты олардың жұмыс өтілі бойынша үлгілік біліктілік талаптарына сәйкестігі бөлігінде жалпы норма ұсынылады. Бұл норма «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдарға және әкімдерге қатысты. Сонымен қатар, әр лауазымда қайталанатын құзыреттер бойынша талаптарды бөлек тарауда жалпы норма ретінде көздеу ұсынылады.
Құқық қолдану практикасын ескере отырып, E-G санатының лауазымдарын тиісті инженерлік, өңдеу және құрылыс саласындағы мамандықтар бойынша білімнің болуы жөніндегі міндетті талап қойылатын лауазымдар қатарынан алып тастау қарастырылды.
Сондай-ақ, жоба Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамасын білуге тестілеуден өткені туралы жарамды сертификаттың болуы бойынша талап белгіленбейтін бірқатар тұлғалар қатарын толықтыруды көздейді.
Сонымен қатар, нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда шетелдік жоғары оқу орындарында басым мамандықтар бойынша оқуын аяқтағандардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша оқуды аяқтағандардың белгілі бір санаттарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар, редакциялық түзету сипатындағы өзгерістер енгізілді.
Бұйрықтың жоғарыда көрсетілген жобасы «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылған.
Орналастырылған бұйрық жобасына сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14801916