Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 16, 67-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік органның жолдамасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі – Мемлекеттік басқару академиясы) және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімі және оқуға түсу тәртібі тиісті білім беру ұйымдарымен бекітілген Оқуға қабылдау қағидаларымен, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады.
Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға жіберген жағдайда, оған жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға міндеттерді алады.
Оқуды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік бағдарламаны толық меңгергенін растайтын құжат беріледі.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Саяси қызметшілер үшін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламалары және басқарушылық лауазымдарына орналасқан кезде арнайы курстар бойынша оқыту Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Арнайы қайта даярлау курстарына Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп әзірлеген мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері, сондай-ақ Президент Әкімшілігі айқындайтын мемлекеттік қызметшілердің өзге де санаттары үшін арнайы оқу бағдарламалары мен оқыту әдістері кіреді.»;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Мемлекеттік саяси қызметшілердің Мемлекеттік басқару академиясында және дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Біліктілігін арттыру «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін Мемлекеттік басқару академиясында, ал «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында жүзеге асырылады.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы 11-1- тармақпен толықтырылсын:
«Персоналды басқару қызметі мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары қолданыстағы білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуі қажет.»
13-тармақ алынып тасталсын;
30-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеуіне әкеп соғады.»;
30-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«30-1. Мемлекеттік қызметшімен міндеттемелер орындалмаған жағдайда білім беру ұйымы оның оқуына бөлінген қаражаттарды заңнамада белгіленген тәртіпте өндіріп алу бойынша шараларды қабылдайды.»;
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«31. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин