Қазақстанның «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының сайлауалды платформасы
Құрметті Қазақстан азаматтары!
Құрылтай сайлауы бұрынғыдай өтуі әбден мүмкін. Сіз бүгін дауыс беріп, ертең-ақ өз таңдауыңызды ұмытып қалуыңыз мүмкін.
Бірақ Сіз шешім қабылдау жүйесінің бір бөлігіне айнала аласыз. Сонда сіздің даусыңыз Құрылтайда естіледі, ал сіз көтерген мәселелер ең жоғары деңгейде қаралады.
«Байтақ» – халыққа арқа сүйейтін, халықтың үнін жеткізетін және қоғам мүддесі үшін қызмет ететін партия.
Біз сіздермен бірге:
Мұндай елді бірге құру үшін «БАЙТАҚ» партиясының жергілікті Экологиялық кеңесіне келіңіз. Өз мәселеңізді ашық айтып, талқылауға қатысыңыз. Мұнда сіз пікірлес азаматтарды табасыз. Сіздің үніңіз міндетті түрде естіледі.
Біз бірге өмір сүруге қолайлы Қазақстанды құрамыз!
Партияның ресми сайты: https://baytaq.kz
«БАЙТАҚ» – Қазақстанның таза ауасы, таза суы, құнарлы жері мен әділ қоғамдық қатынастарының көпжылдық күресінің нәтижесі.
«БАЙТАҚ» – «Таза Қазақстан» идеясын іс жүзінде жүзеге асырып отырған саяси күш.
Біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып экологиялық мәдениет мәселесін көтердік. Бүгінде жасыл күн тәртібі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналуына біздің ұсыныстарымыз бен бастамаларымыз барынша ықпал етті.
Референдум арқылы қабылданған жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілді. Бұл – жасыл партия қызметінің нақты нәтижесі әрі үндеуіміздің қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау тапқанының айқын дәлелі.
Бүгінде «БАЙТАҚ» – 150 мың мүшесі бар партия ғана емес. Біз – лайықты өмір сүруге ұмтылатын 20 миллион Қазақстан азаматының ортақ үнін білдіретін саяси күшпіз.
Біз бұл сайлауға нақты мақсатпен қатысып отырмыз. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ешбір саяси партия экологияны өзінің басты ісіне айналдырмаған.
Бүгінде Өскемен, Теміртау, Павлодар, Алматы және еліміздің ондаған қаласының тұрғындары күн сайын ластанған ауамен тыныстап, сапасы күмәнді суды пайдалануға мәжбүр.
Біз мұны өзгертуге тиіспіз.
Және біз мұны сіздермен бірге жүзеге асыра аламыз.
Біз халқымызға сенеміз.
Біз баршаңызды бірігуге шақырамыз.
Ынтымақтастық. Экологиялық және әлеуметтік мәселелер тек бірлескен күш-жігердің арқасында шешіледі. Біз партияны жай ғана дауыс беру құралы емес, азаматтар белсенді қатысатын алаң ретінде құрамыз.
Әділеттік. Қазақстанның табиғи байлығы – халықтың игілігі. Оларды өндіру мен өңдеу азаматтарға зиян келтірмеуге тиіс, керісінше, елдің әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі қажет.
Ашықтық. Кез келген шешім қабылдау үдерісі барынша ашық болуы керек. Қоғамдық тыңдаулар мен экологиялық сараптамалар әр азаматқа түсінікті әрі қолжетімді болуға тиіс. Жабықтық пен ашықтықтың болмауы – жемқорлық пен түрлі заңсыздыққа басты себеп.
Ұқыптылық. Егер табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдаланатын болсақ, елімізде су да, жер де, энергия да жеткілікті. Біз қолда бар мүмкіндіктерді тиімді әрі ұтымды пайдалануды қолдаймыз.
Таза ел. Таза ауа, таза су, құнарлы жер және сапалы тағам – тек ауқатты адамдардың артықшылығы емес, Қазақстанның әрбір азаматының ажырамас құқығы.
Ғылымға негізделген ұстаным. Кез келген экологиялық бастама мен табиғатты қорғау шаралары ғылыми дәлелденген деректерге, жүйелі талдауға және табиғаттың объективті заңдылықтарына сүйенуге тиіс.
Жоғары экологиялық мәдениет. Әрбір азаматтың қоршаған ортаға деген саналы көзқарасы қалыптаспай, ешбір заң толыққанды жұмыс істеуі мүмкін емес. Экологиялық ойлау – ұлттық байлықты қалыптастырудың негізгі тіректерінің бірі.
Ластаушы төлейді. Жалпы сипаттағы қағидаттардың орнына экологиялық залалды жоюға, қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеуге және экологиялық тәуекелдердің алдын алуға қатысты нақты жауапкершілік пен санкцияларды заң жүзінде бекітуді ұсынамыз.
Қайталама шикізат пен өндірістік қалдықтарды пайдаланатын отандық өндірушілерді қолдау.
Тұрақты даму және жасыл технологияларды, оның ішінде айналымды (циркулярлық) экономиканы енгізу.
«Экологиялық апат аймағы» деген ұғым Қазақстан үшін қалыпты тіркеске айналды.
1992 жылы қабылданған екі заң – «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңдарына сәйкес еліміздің алты облысының аумағы ресми түрде экологиялық дағдарыс аймақтары ретінде танылды.
Осыған орай біз мынадай нақты шараларды ұсынамыз:
Ел бойынша ауыз суды сапалы тазарту мәселесін толық шешу;
Iрі кәсіпорындарды заманауи тазарту жүйесін орнатуға міндеттеу; Қаладағы жылыту жүйесін көмірден балама (газ, атом, жаңартылған энергия көзі) жүйеге алмастыру.
Суару жүйелерін жаңғыртып, тапшы су ресурстарын тиімді сақтау.
Экологиялық мәселелерді кейінге қалдыратын уақыт өтті. Дәл қазір жүйелі шешімдерді қабылдайтын кезең.
Барлық сарапшының пікірі бір арнаға тоғысқан: Қазақстан климаттық өзгерістердің ең осал аймақтарының қатарына кіреді. Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік банк және еліміздің климаттық қызметтері де мәлімдеп отыр.
2023 жылғы қуаңшылық Қазақстандағы климаттың шын мәнінде өзгергенін айқын көрсетті.
Дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына небәрі 9 центнерге дейін төмендеп, соңғы жылдардағы ең нашар көрсеткіш тіркелді.
Қуаңшылықтың салдарын жою жөніндегі мемлекеттік комиссия 2 миллион бас малдың шығынын тіркеді. Экономикалық залал елдің жалпы ішкі өнімінің 1,3 пайызына тең деп бағаланды.
Бұл бір реттік жағдай емес.
Бұған елдегі су тапшылығы мәселесін қосыңыз.
Қазақстанның негізгі өзендері – Жайық, Ертіс, Тобыл, Іле және Есіл жылдан-жылға таязданып барады. Мамандардың болжамынша, алдағы 10–15 жылдың ішінде Жайық өзені шағын арнаға айналу қаупінде тұр.
Каспий теңізі 2006 жылдан 2024 жылға дейін 36 мың шаршы шақырымнан астам су айдынын жоғалтты. Бұл – көлемі жағынан Бельгия аумағынан да үлкен. Соңғы жарты ғасырда Балқаш көлінің аумағы шамамен 2 мың шаршы шақырымға қысқарды. Ғалымдар шұғыл шаралар қабылданбаса, Балқаштың да Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін екенін ашық айтып отыр.
Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанға қолжетімді су ресурстарының жалпы көлемі 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін қысқарады. Бұл – алдағы бес жылдың ішінде еліміз су қорының 15 пайызынан айырылуы мүмкін дегенді білдіреді.
Қазақстанның экологиялық мәселелері енді жай ғана табиғатты қорғау мәселесі емес, ұлттың өмір сүру мәселесіне айналған кезеңге аяқ басты.
Қуаң өңірлер бұрынғыдан да құрғап барады. Қыста солтүстік облыстарда қар аз жауады, соның салдарынан еріген қар суы өзендерді толықтырмай, жерге сіңіп кетеді. Ал оңтүстікте жаз маусымы ұзарып, аптап ыстық күшейіп келеді.
Қазіргі қалпындағы ауыл шаруашылығы жақын болашақта су жетіспейтін жаңа шындықпен бетпе-бет келеді.
Бұл – алыс болашақтың болжамы емес. Бұл – дәл біздің ұрпақтың өмірінде орын алуы мүмкін жағдай. Мұны қазақстандық ғалымдар да, халықаралық ұйымдар да, соңғы жылдардағы тәжірибеміз де растап отыр.
«БАЙТАҚ» партиясы уақыттың тым аз екенін жақсы түсінеді. Құрылтайдың әрбір жаңа шақырылымы, әрбір сайлау кезеңі, кейінге қалдырылған әрбір шешім – жіберіп алған мүмкіндік.
Сондықтан біз үшін экология – сайлауалды платформаның жекелеген тармағы емес. Бұл – экономикаға, денсаулық сақтауға, мемлекеттік бюджетке және көрші елдермен қарым-қатынасқа қарайтын басты өлшем.
Ауа
Өскемен, Теміртау, Павлодар, Ақсу және еліміздің тағы ондаған қаласында экология мәселесі – сөздің тура мағынасында айтқанда өмір мен өлімнің арасындағы мәселесі.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда ауаның ластануы жыл сайын 10 мыңнан астам адамның мезгілсіз қайтыс болуына себеп болады және ел экономикасына жылына 10,5 миллиард АҚШ долларынан астам шығын келтіреді.
Көптеген азамат денсаулығына зиянды өндірістерде жұмыс істеуге мәжбүр. Олар бұл жұмысты жақсы көргендіктен емес, дәл сондай еңбекақыға басқа жұмыс таба алмағандықтан істеуге мәжбүр.
Олар өз денсаулығы мен өмірін тәуекелге тігеді, бірақ оның өтеуі ретінде шын мәнінде мардымсыз жалақы алады.
Біздің өнеркәсіптің едәуір бөлігі әлі күнге дейін өткен ғасырдың технологияларымен жұмыс істеп келеді.
Орасан зор табыс кәсіпорын иелерінің қалтасына түседі, ал жергілікті тұрғындарда ауру мен денсаулыққа келген зиян ғана қалады.
Егер кәсіпорын адамдардың денсаулығына зиян келтірсе, онда ол мемлекетке пайда әкеліп отырған жоқ. Керісінше, елге зиян тигізіп отыр. Ал оның салдарын біз ондаған жылдар бойы еңсеруге мәжбүр боламыз.
Біз не істейміз:
Қалдықтарды қайта өңдеудің қағаз жүзіндегі емес, шынайы әрі тиімді жүйесін қалыптастырамыз.
Су
Қазақстанда су ресурсы тапшы. Алайда одан да үлкен мәселе – суға деген ұқыпты көзқарастың жоқтығы. Бүгінде егістік алқаптарына жеткізілетін суармалы судың 40 пайызына дейінгі көлемі жолда-ақ ысырап болады. Ең таза артезиан суы ауыл шаруашылығы мақсатындағы суаруға пайдаланылып жатыр. Ал көптеген қала мен ауыл ондаған жыл бойы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай келеді.
Біз суды сапалы тазартуды әлі толық меңгерген жоқпыз.
Біз суды үнемдеп пайдалануды да әлі үйренген жоқпыз.
Бұл – үкім емес. Бұл – шешуге болатын әрі міндетті түрде шешілуге тиіс мәселе.
Біз не істейміз:
Адам үшін қызмет ететін экономика
Біз дайын экономикалық модель ұсынбаймыз. Бұл мәселемен кәсіби экономистер айналысуға тиіс. Біздің мақсатымыз – ең алдымен экономикадағы әділетсіздікті жою.
Бизнеске қолдау қажет. Әрі бұл қолдау шұғыл түрде көрсетілуге тиіс. Бірақ ол тек қаржылай көмек емес. Ең алдымен әділ бәсекелестікке, тең мүмкіндіктерге және қолайлы жағдайларға негізделуі қажет. Біз айналымды (циркулярлық) экономиканы енгізуді ұсынамыз. Яғни табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, тауар өндіру және тұтыну барысында қалдық көлемін барынша азайтатын экономикалық жүйені қалыптастыруды қолдаймыз.
Айналымды экономика – бұл қалдықтарды жаңа өндірістік шикізатқа айналдыру.
Еуропалық Одақ елдері бүгінде «Айналымды экономика туралы» заңды әзірлеуге кірісті. Ал Қытай Халық Республикасында мұндай заң 2009 жылы қабылданған.
Біз не істейміз:
БОЛАШАҚ ЭНЕРГЕТИКАСЫ
Әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Кеше ғана қалыпты саналған экономикалық үлгі біртіндеп өткеннің еншісінде қалып барады. Алдағы он жылда дүниежүзіндегі автокөлік паркі түбегейлі өзгереді. Электр көлігі қалыпты құбылысқа айналады. Жаңартылатын энергия көздері көмірден де арзан болады. Бұл өзгерістер – алыс болашақ емес. Олар дәл қазір біздің көз алдымызда болып жатыр. Біз жаңа дәуірге алдын ала дайын болып қадам баса аламыз немесе лас ауамен және ескірген өнеркәсіппен артта қалып қоюымыз мүмкін.
Еліміздің көптеген өңірінде, әсіресе оңтүстік аймақтарда электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Сонымен қатар Қазақстан – Еуразиядағы күн сәулесі мен жел әлеуеті ең жоғары мемлекеттердің бірі.
Күмәнданушылардың кейбірі энергетикалық көшу жүзеге аспайды деп дегенді қайталап жүр. Бірақ «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей, энергетикалық трансформация қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр. Мұны көршілес мемлекеттердің тәжірибесі де дәлелдейді. Бауырлас Өзбекстан жаңартылған энергия көздері бойынша ірі қуаттарды іске қосып жатыр, ал біз бұл бағытта кейін қалдық. Жаңартылған энергия көздеріне қарсы айтылатын негізгі уәж – олардың тұрақсыздығы. Алайда бұл мәселе де кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Жыл өткен сайын энергия жинақтау жүйелері қуаттырақ әрі арзандап жатыр. 2010–2019 жылдар аралығында әлемде күн электр энергиясының құны 82 пайызға, ал құрлықтағы жел энергетикасының құны 40 пайызға төмендеді. 2024 жылға қарай күн электр станцияларында өндірілетін бір киловатт-сағат электр энергиясының өзіндік құны 4,3 АҚШ центіне, ал жел электр станцияларында 3,4 АҚШ центіне дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш бүгінде көмір және газ электр станцияларының басым бөлігінен арзан. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа деңгейден екі есе, ал ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 3–4 есе жоғары. Яғни біз өнімнің бір бірлігін өндіру үшін қажет мөлшерден әлдеқайда көп отын жұмсаймыз.
Болашағы зор бағыттардың бірі – атом энергетикасы. Заманауи озық технологиялардың арқасында атом энергетикасы қауіпсіз әрі экономикалық жағынан тиімді салаға айналып келеді. Әсіресе уран қоры мол Қазақстан үшін оның стратегиялық маңызы ерекше.
Біз не істейміз:
Электр көлігі және қалалардың ауасы
Қазақстандағы автокөліктердің 80 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асады. Ірі қалаларда атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың 70 пайызына дейін жеке автокөліктердің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар электр көліктері жаңа даму кезеңінің алдында тұр. Жақын арада олар бір қуаттаумен 1000 шақырымнан астам жол жүре алатын болады. Алдағы он жыл ішінде еліміздегі автокөлік паркі түбегейлі өзгереді. Мұны қазірдің өзінде байқауға болады: көшелерде электр көліктерінің саны күн сайын артып келеді. Бір кездері сирек кездесетін мұндай көліктер бүгінде қалыпты құбылысқа айналды. Бұл – қалалардағы ауа сапасын жақсартудағы ең маңызды өзгерістердің бірі.
Қазақстан әлемдік үрдістерден қалып қоймауға тиіс.
Сонымен бірге, 2026 жылдан бастап Қазақстан электр көліктерін бажсыз әкелу режимін тоқтатты. Енді мұндай көліктерді импорттау кезінде олардың құнының 31 пайызына дейін салықтық жүктеме салынады. Өзін «жасыл даму бағытын» ұстанатын мемлекет ретінде жариялаған ел үшін бұл – кері шегіну. Қалаларда электр көліктерін қуаттайтын инфрақұрылым жеткіліксіз. Ал жұмыс істеп тұрған зарядтау станцияларының кейбірінде электр энергиясының бағасы бензин құнымен шамалас.
2026 жылы Алматы әкімдігі автокөліктерді ауа ластануының негізгі көзі ретінде ақыры ресми түрде мойындады. Бұл – дұрыс қадам. Алайда ұсынылған шешім мәселенің түйінін тарқатпайды. Әкімдік тұрғындардың ескі көліктерін сатып алып, кейін оларды кәдеге жарату үшін жеке компания құруды ұсынды. Сонымен қатар Astana Motors, Orbis және өзге де отандық автокөлік өндірушілерінің қатысуымен жеңілдетілген несие, лизинг және trade-in бағдарламаларын іске қосуды көздеп отыр.
Қағаз жүзінде бұл «автопаркті жаңарту» болып көрінеді. Ал шын мәнінде, бұл – бюджет қаражатын нақты автодилерлердің жаңа көлік сатуын қолдауға бағыттау. Оның үстіне, ескі көлік көптеген тұрғын үшін жұмысқа барып-келудің жалғыз мүмкіндігі болып отыр.
Бұл – қала мүддесіне қызмет ететін шешім емес. Бұл – жаңа автокөлік сататын компаниялардың мүддесіне тиімді шешім.
Біз не істейміз:
ЖЕР ҚОЙНАУЫ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ
1990-жылдары өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) жасалды. Олар еліміз экономикалық тұрғыдан әлсіз кезеңде қабылданды. Қазақстанға инвестиция қажет болды, күрделі кен орындарын игеруге технология мен қаржы жетіспеді, ал мемлекеттік бюджетте қажетті қаражат болған жоқ. Алайда бұл дәл осындай шарттармен келісімдер жасалуы тиіс дегенді білдірмейді. Жақын уақытта бұл келісімдердің мерзімі аяқталып, олар қайта жасалатын болады. Біз олардың инвесторлардың емес, ең алдымен Қазақстан халқының мүддесіне сай жасалуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар инвесторлармен жасалатын барлық келісімдерде экологиялық талаптардың қатаң сақталуына қол жеткізуіміз қажет.
Біз не істейміз:
Әлеуметтік қорғау
«Әлеуметтік» және «социализм» деген сөздер біздің қоғамда көбіне жағымсыз реңкпен қабылданады. Алайда жасыл даму күн тәртібі мен әлеуметтік мемлекет идеялары бір-бірінен ажырамайды. Бұл бағытта еуропалық жасыл партиялар көшбасшылар қатарында. Біз осы бағытты бірден-бір дұрыс жол деп санаймыз және сонымен жүруге ниеттіміз. Әлеуметтік ынтымақтастық пен азаматтарға қамқорлық жасау – кемелденген қоғам мен қуатты мемлекеттің басты белгілері.
Қазақстанда білім беру саласына жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің шамамен 4,9%-ын ғана құрайды. Бірқатар салалар жеткілікті деңгейде қаржыландырылмай отыр. Мұғалімдердің жалақысы көтерілгенімен, дәрігерлер мен бюджет саласының қызметкерлері бұрынғы басқа да еңбекақы деңгейінде қалып отыр.
Қазақстандағы мемлекеттік шығыстар жалпы ішкі өнімнің шамамен 23%-ын ғана құрайды. Бұл табыс деңгейі ұқсас көптеген елдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 50%-ға жетеді.
Бүгінде мемлекет балаларға арналған жәрдемақылар жүйесін әлеуметтік тұрғыдан әділетсіз қалыптастырған: табысы төмен азаматтар белгіленген ең төменгі мөлшерде ғана жәрдемақы алады, ал жағдайы жақсы азаматтар үшін төлем көлемі әлдеқайда жоғары. 2026 жылғы көрсеткіштердің өзі осыны айқын дәлелдейді. Жұмыс істемейтін ана бірінші баласына бір жарым жасқа дейін ай сайын 24 912 теңге алады. Ал орташа жалақысы 500 мың теңге болатын жұмыс істейтін ана ай сайын шамамен 200 мың теңге алады, төлемнің ең жоғары мөлшері – 214 мың теңге. Яғни ай сайынғы жәрдемақы көлеміндегі айырмашылық сегіз-тоғыз есеге дейін жетеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда бірінші, екінші немесе үшінші бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 164 350 теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңгені құрайды. Бұл – нақты мақсатқа арналмаған, қолма-қол берілетін қаражат. Отбасы оны жөргекке, бесікке, қарыздарын өтеуге немесе басқа да күнделікті қажеттіліктерге жұмсайды. Соның салдарынан бірнеше айдың ішінде бұл қаражаттан ештеңе қалмайды. Ал орташа жалақы алатын жұмыс істейтін әйел үшін жүктілік пен босануға байланысты төленетін біржолғы төлем шамамен 1,9 миллион теңгені құраса, жұмыс істемейтін әйелдер мұндай төлемнен мүлде қағылады.
Бұл жүйе осал топтағы әйелдерді теңсіз жағдайға қояды. Атап айтқанда, ауылдық жерде тұратындарды, көпбалалы отбасынан шыққан әйелдерді, жоғары білімі жоқ әрі есми жұмыспен қамтылмаған азаматтарды. Мемлекет әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатындарға көбірек төлейді, ал шын мәнінде көбірек қолдауға мұқтаж азаматтарға аз мөлшерде немесе мүлде төлемейді.
Біз не істейміз:
Білім және мәдениет
Жоғары экологиялық мәдениет пен экологиялық ойлау сапалы білім мен ғылымсыз қалыптаспайды.
Сапалы білімсіз елдің болашағы болмайды. Бұл жай ғана ұран емес, бұл – шындық. Бүгінде еліміздегі білім беру сапасы заман талабына толық сәйкес келмейді.
Біз не істейміз:
Денсаулық сақтау
Бүгінде Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі бір-біріне қарамақайшы екі шындықтың тоғысынан тұрады. Ресми түрде медицина тегін әрі қолжетімді болып саналады. Алайда іс жүзінде адамдар сапалы ем алу үшін жеке медициналық ұйымдарға жүгінуге және емделу шығындарын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Ал экологиялық жағдайы күрделі өңірлерде халық денсаулығына қатысты мәселелер тиісті назардан тыс қалып, жүйелі түрде шешілмей келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстандағы дені сау өмір сүру ұзақтығы табыс деңгейі ұқсас мемлекеттердің арасында ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бұл – ауа мен судың ластануы, шағын қалалар мен ауылдарда сапалы медициналық көмектің қолжетімсіздігі, білікті дәрігерлер тапшылығы, медицина қызметкерлерінің төмен жалақысы және ауруханалар инфрақұрылымының тозуы сияқты факторлардың жиынтық салдары.
«БАЙТАҚ» партиясы денсаулық сақтау мәселесін назардан тыс қалдыра алмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы – біздің бүкіл экологиялық саясатымыздың түпкі нәтижесі. Біз таза ауа, таза су және таза жер туралы айтқанда, ең алдымен адамдардың дені сау болуы үшін айтып отырмыз.
Қазақстан денсаулық сақтау саласына жалпы ішкі өнімнің шамамен 4 пайызын ғана жұмсайды. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған мемлекеттер бұл салаға ЖІӨ-нің 8–14 пайызын бөледі. Numbeo халықаралық рейтингінде медицина сапасы бойынша әлемде көш бастап тұрған Тайвань Қазақстаннан шамамен үш есе көп қаржы жұмсайды. Екінші орында тұрған Оңтүстік Кореяның шығындары бізден төрт есеге жуық жоғары. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі Қазақстанға жақын және даму деңгейі ұқсас Чили денсаулық сақтау саласына бізден 2,5 есе көп қаржы бөледі.
Мемлекет басшысы 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына жеткізу міндетін қойған болатын. Алайда уәкілетті мемлекеттік орган бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес екенін ашық мәлімдеді. Бұл қазіргі бюджет саясаты жағдайында Президент қойған міндеттің орындалмай отырғанын көрсетеді. Мәселе қаржының жоқтығында емес. Елде қаражат бар. Мәселе – сол қаражаттың қай бағыттарға жұмсалатынында.
Оның үстіне жоспарланған қаражаттың өзі медицина саласына толық көлемде жетпейді. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне сәйкес, 2024–2025 жылдары Үкімет денсаулық сақтау саласын 366 миллиард теңгеге жеткіліксіз қаржыландырған. Бұл шамамен 750 миллион АҚШ долларына тең. 2025 жылдың бірінші тоқсанында медицина саласына 872 миллиард теңге бөлінуі тиіс болса, іс жүзінде 477 миллиард теңге ғана түскен. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бойынша жағдай одан да күрделі: жоспарланған 769 миллиард теңгенің орнына небәрі 389 миллиард теңге ғана аударылған.
Сонымен қатар халықтың медициналық қызметке жұмсайтын жеке шығындары тұрақты түрде өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 16,5 пайызға, ал бірінші тоқсанда 28,3 пайызға артқан. Мемлекет денсаулық сақтау саласын жеткілікті қаржыландырмаған кезде қаржыны үнемдемейді, керісінше шығынды қарапайым отбасылардың мойнына артады.
Мұның салдары халық денсаулығы көрсеткіштерінен анық байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2024 жылы аурулардың 17 санатының тек бесеуі бойынша ғана сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Ең алаңдатарлық өсім қан айналымы жүйесі аурулары бойынша тіркелді: 2022 жылы әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 16,9 мың науқас болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 18,9 мыңға жеткен. Сонымен қатар қант диабеті, онкологиялық аурулар және тыныс алу жүйесі ауруларының саны артып келеді. Numbeo халықаралық рейтингі бойынша денсаулық сақтау сапасы жөнінен Қазақстан 99 елдің ішінде 60-орында тұр және бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері төмендеп келеді.
Біз не істейміз:
ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН БІЛІМ ӘР АДАМНЫҢ ӘМИЯНЫНА ТӘУЕЛДІ БОЛМАУҒА ТИІС!
2050 жылға қарай қазақстандықтардың 80 пайызы қалаларда өмір сүретін болады. Бұл қалалардың қандай болатыны дәл бүгін шешіліп жатыр. Біз не адамдар үшін қолайлы қалалар саламыз, не өмір сүруі қиын әрі қауіпсіздігі төмен аудандардың көбеюіне жол береміз.
Қазіргі таңда Қазақстанда тұрғын үй кешендері мектепсіз, емхана және саябақсыз бой көтеріп жатыр. Жолдар ағаштар, тротуарлар мен балалар алаңдарын қысқарту есебінен кеңейтіледі. Инженерлік желілер халық санының өсуіне төтеп бере алмай отыр. Ал жаңа ықшамаудандарға су, жылу және кәріз жүйелері ескі аудандардың инфрақұрылымы арқылы жүргізіледі.
Алматы жазда түтінге тұншығады. Астана қыста жел өтінде қалған ашық алаңға айналады. Ал шағын қалалардың көпшілігінде заманауи қалалық орта мүлде қалыптаспаған.
Сонымен қатар әлемдік тәжірибе бұл үрдісті өзгертуге болатынын дәлелдеп отыр. Париж он екі жылдың ішінде көлік ағынына бейімделген қаладан Еуропадағы ең жаяу жүргіншіге қолайлы әрі жасыл мегаполистердің біріне айналды. Вена үш ұрпақ бойы тұрғын үй қорының жартысынан астамын әлеуметтік жалға беру жүйесінде сақтап келеді, сонымен қатар бұл қала Еуропада жалға алу құны ең қолжетімді қалалардың бірі. Барселона, Милан, Богота, Сеул – осы қалалардың әрқайсысы он жыл бұрын Қазақстан қалаларына ұқсас мәселелерге тап болған. Ал бүгін олардың барлығы бұрынғыдан әлдеқайда жайлы әрі өмір сүруге қолайлы.
Тұрғын үйді нүктелік салу тәжірибесіне тоқтау салынуы тиіс. Қазақстан – халық тығыздығы әлемдегі ең төмен мемлекеттердің бірі. Осындай жағдайда ескі аулалардың арасына жаңа тұрғын үйлерді тығып салу – ақылға қонымсыз шешім. Бұл құрылыс салушыға ғана тиімді, ал тұрғындардың мүддесіне қайшы келеді.
Қазақстанның ірі қалаларында атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар 60–70 пайызы автокөліктерге тиесілі. Бұл автокөліктерге тыйым салу қажет деген сөз емес. Бұл адамдарға балама көлік түрлерін ұсыну қажет дегенді білдіреді. Ал бүгінде мұндай балама іс жүзінде жоқ.
Қаладағы ағаштар – жай ғана сәндік элемент емес. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаз мезгілінде ағашы бар көше мен ағашы жоқ көшенің температура айырмашылығы бес градусқа дейін жетеді. Бұл жай ғана жайлылық мәселесі емес, егде жастағы адамдар мен балалардың денсаулығына тікелей қауіп.
Бүгін Қазақстандағы жас отбасының алдында екі ғана таңдау тұр: не ипотека алып, оны он бес-жиырма бес жыл бойы төлеу, не жалдамалы пәтерде тұру. Үшінші мүмкіндік іс жүзінде жоқ.
Статистикаға назар аударайық: 2025 жылдың соңына қарай еліміз бойынша тұрғын үйді жалға алудың орташа құны бір шаршы метр үшін 5 024 теңгені құрады. Алматыда – 5 480 теңге, Астанада – 5 130 теңге. Демек, Алматыдағы ауданы 50 шаршы метр болатын қарапайым екі бөлмелі пәтердің жалдау ақысы айына шамамен 274 мың теңге, ал Астанада шамамен 256 мың теңге тұрады.
Қазақстандағы орташа атаулы жалақы 400 мың теңгеден сәл ғана асатынын ескерсек, жалдау ақысы жұмыс істейтін адамның айлық табысының 60 пайызынан астамын құрайды. Егер отбасында осындай жалақы алатын екі адам жұмыс істесе де, тұрғын үйді жалға алу отбасының жиынтық табысының үштен бір бөлігін жұтады. Ал қазақстандықтардың басым көпшілігінің табысы осы «орташа жалақыдан» төмен екенін ұмытпауымыз керек.
Ипотека балама шешім сияқты көрінеді. Бірақ бұл – шын мәнінде иллюзия. Банктердің ең төменгі жеңілдетілген бағдарламалар бойынша 7 пайыздан басталатын, ал нарықтық бағдарламалар бойынша 20 пайыздан асатын мөлшерлемелері кезінде мұндай ипотеканың ай сайынғы төлемі 140 мыңнан 280 мың теңгеге дейін жетеді және ол жиырма-жиырма бес жыл бойы төленеді.
Бұл орташа жалақы алатын адамның мұндай ипотеканы жалғыз өзі көтере алмайтынын білдіреді. Ал екі адам жұмыс істейтін отбасы ширек ғасырға жуық уақыт бойы отбасы бюджетінің жартысын ипотекаға жұмсауға мәжбүр болады.
Кім ипотекадан шын мәнінде ұтады? Отбасы емес. Отбасы пәтер үшін оның нақты құнынан бір жарым-екі есе артық төлейді. Негізгі пайда құрылыс компаниялары мен банктерге тиеді. Бұл жүйеде отбасы олардың табыс көзіне айналады. Мемлекет тұрғын үй жүйесін ірі бизнес пен қаржы секторына тиімді етіп қалыптастырды, ал оның құнын қарапайым азаматтар ондаған жыл бойы еңбегімен өтейді.
Әлемнің көптеген елдерінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімділігі дәлелденген тетігі бар. Ол – мемлекеттік және муниципалдық жалға берілетін тұрғын үй жүйесі.
Вена қаласында жүз жылдан астам уақыт бойы тұрғын үй қорының жартысынан көбі әлеуметтік жалға беру қорында сақталып келеді және қала Еуропадағы тұрғын үй жалдау ең қолжетімді мегаполистердің бірі болып қала береді. Сингапур мемлекеттік HDB тұрғын үй агенттігі арқылы халықтың 80 пайыздан астамын баспанамен қамтамасыз етті.
Германияда, Нидерландта, Финляндияда және Швецияда қолжетімді жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары ондаған жылдар бойы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл социализм емес. Бұл – қарапайым экономикалық есеп. Мемлекет тұрғын үйді өзіндік құнына жақын бағамен, ең төменгі үстемеақымен салады және жалға береді. Ал жеке құрылыс компаниялары оны нарықтық бағамен сатып, пайда табуды көздейді.
Қазақстанда әкімдіктер арқылы жалдамалы тұрғын үй бағдарламалары бар болғанымен, олардың көлемі қажеттілікті өтеуге мүлде жеткіліксіз. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегі толықтай Отбасы банкке берілді. Соған қарамастан мемлекет пайдалануға беретін пәтерлер саны нақты сұраныстан ондаған есе аз. Сондықтан тұрғын үй кезегін күту мерзімі жылдармен, тіпті ондаған жылдармен есептеледі.
«БАЙТАҚ» партиясы қолжетімді жалдамалы тұрғын үйді «аз қамтылғандарға арналған көмек» деп емес, қалыпты дамыған мемлекеттің негізгі инфрақұрылымының ажырамас бөлігі деп санайды. Азаматтың тұрғын үйге қол жеткізу құқығы оның жиырма жылға несие қамытына мойынсұнуға дайын болуына тәуелді болмауы тиіс.
Біз не істейміз:
Климатқа бейімделген көпжылдық ағаш түрлері ғана отырғызылады (қарағаш, емен, үйеңкі, шаған, оңтүстік өңірлерде – шынар мен пирамидалық терек). Әрбір отырғызылған ағашқа мердігер ұйым тарапынан кемінде үш жылдық міндетті күтім жасау кепілдігі беріледі. Бір жазға жетпей қурап қалатын көшеттерді отырғызу тәжірибесіне тоқтау салатын уақыт жетті.
Қалаларды бір Құрылтай шақырылымы ішінде түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Алайда олар әрбір қабылданған жаңа шешім арқылы не жаңғыру жолына түседі, не керісінше құлдырауын жалғастырады.
«БАЙТАҚ» партиясы қалалар – келер ұрпаққа қалдыратын ең маңызды мұрамыз деп есептейді. Сондықтан біз оларды өмір сүруге қолайлы күйде сақтап, дамытуға ниеттіміз.
ҚАЛА – ӨМІР СҮРУ ҮШІН!
Біз Президенттің сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы күресті күшейтуге бағытталған бастамаларының барлығын қолдаймыз.
Біз не істейміз:
Азаматтардың қатысуы
Азаматтардың белсенді қатысуынсыз ешбір мәселе шешілмейді. Қоғамның қатысуынсыз нақты нәтиже болмайды. Таза ел – жоғарыдан жасалатын сыйлық емес, бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Осы уақытқа дейін жазылған арыздар мен өтініштердің басым бөлігі нақты нәтиже берген жоқ. Сондықтан әкімдіктер мен мәслихаттардан бастап Құрылтай мен министрліктерге дейінгі барлық деңгейде үйлестірілген іс-қимыл қажет. Азаматтардың белсенді қатысуы Жаңа Қазақстанның басты қағидатына айналуға тиіс.
Біз не істейміз:
ҚОҒАМ ЕЛДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТҚАНЫН АШЫҚ КӨРУІ КЕРЕК!
БІЗ НЕГЕ УӘДЕ БЕРМЕЙМІЗ
Біз бәріне уәде беріп, кейін ештеңе істемейтіндердің қатарына қосылғымыз келмейді. Сондықтан «БАЙТАҚ» партиясының қандай уәделерді әдейі бермейтінін ашық айтамыз.
Біз барлық мәселені Құрылтайдың бір шақырылымы ішінде толық шешеміз деп уәде бермейміз. Көптеген түйткілдер ондаған жыл бойы қордаланған, сондықтан оларды бес жылдың ішінде толық еңсереміз деу – әділ де, шынайы да болмайды.
Біз «жасыл экономика» барлық мәселені бірден шешеді деп уәде бермейміз. Жасыл экономикаға көшу инвестицияны, уақытты және күрделі әрі жауапты шешімдерді талап етеді.
Біз өзгерістер бір сәтте жүзеге асады деп те уәде бермейміз. Бірақ біз күн сайын – мәслихаттарда, көшелерде, Халықтық кеңестерде және Құрылтайда – табанды еңбек етеміз деп уәде береміз.
БҮГІН ӘРЕКЕТ ЕТПЕСЕК – ЕРТЕҢГІ КҮН БОЛМАЙДЫ.
«БАЙТАҚ» – еліміздің тұншығып бара жатқанына, өзендердің тартылып бара жатқанына бейжай қарай алмайтын азаматтардың қозғалысы.
Біз бұл сайлауға нақты бағдарламамен және нақты істерімен танылған азаматтармен қатысып отырмыз. Біздің еліміздің барлық өңірлерінде филиалдарымыз бар, мәслихаттарда депутаттарымыз жұмыс істейді, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруда елеулі тәжірибеміз қалыптасты.
Біздің артымызда Мемлекет басшысы қолдаған «Таза Қазақстан» идеологиясы тұр. Ең бастысы – бізді қолдайтын сайлаушыларымыз бар. Олар – экология мәселесін өз балаларының денсаулығы мен отбасының болашағы деп қабылдайтын миллиондаған қазақстандықтар.
Олардың үні Құрылтайда естілуі үшін кемінде бес пайыз дауыс қажет. Дәл осы бес пайыз елімізде экологиялық күн тәртібінің шын мәнінде халықтық әрі мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналуына жол ашады.
Біз сіздерді осы іске белсенді қатысуға және бізді қолдауға шақырамыз!
Халықтың кең қолдауымен «БАЙТАҚ» партиясы Құрылтайға өтіп қана қоймай, еліміздің ең қуатты саяси күшіне айналатынына сенімдіміз!
Бірге болайық! Өмір сүруге қолайлы Қазақстанды бірге құрайық!
|
«Байтақ» партиясынан кандидаттардың тізімі |
||
|
1. Амиртаев Азаматхан Сайлауович – председатель партии |
18. Қадырбаева Нұргул Жұмахметқызы |
35. Ордабеков Айдос Бахытжанулы |
|
2. Абдуалиева Айгуль Кадесовна |
19. Кажиев Сериккан Ергалиевич |
36. Ордабеков Алтай Еркебекович |
|
3. Айбеков Елдос Айбекұлы |
20. Каметов Бакыт Хабидуллаевич |
37. Өміртай Амалбек Даркенұлы |
|
4. Амирова Шолпан Кенесқызы |
21. Қамытбекова Сәуле Жайлауқызы |
38. Сабурова Нургул Едигеевна |
|
5. Амиртаев Сапар Абдраманович |
22. Қараш Алма |
39. Сагимбаев Таир Амантаевич |
|
6. Аскаров Бекзат Ерикович |
23. Кенжалиев Эльнар Багдаулетович |
40. Садинов Самат Камысбаевич |
|
7. Байзаханов Аслан Адильханович |
24. Кенжебекова Роза Темуркуловна |
41. Серикбаев Айбол Усенович |
|
8. Байтемиров Турсынбек Шерниязович |
25. Керей Бекберген Дүйсенбайұлы |
42. Сексенова Айман Казиевна |
|
9. Баубек Нариман Асқарұлы |
26. Краснокуцкий Андрей Анатольевич |
43. Скаков Ануарбек Адылбекович |
|
10. Баяжума Асылбек |
27. Кудеринов Мурат Тасбулатович |
44. Туртаев Алмат Керимбаевич |
|
11. Бекахметов Габит Кайратович |
28. Кунгожин Алмаз Мухамбетович |
45. Туртаев Болат Талгасулы |
|
12. Деркач Марина Владимировна |
29. Кыдырбаев Ерлан Жайлаубаевич |
46. Файзулин Тамирлан Банияминович |
|
13. Джакишев Алмаз Ажибекович |
30. Мамытов Нургалый Киябаевич |
47. Ысматуллаев Руслан Серікұлы |
|
14. Джаппарова Ардак Сарсенбековна |
31. Мартель Владимир Александрович |
|
|
15. Досанов Абай Сабитович |
32. Махамбетова Назген Мансұрханқызы |
|
|
16. Иманалиев Асқар Маратович |
33. Мұратұлы Руслан |
|
|
17. Иманбаев Айдос Бейбитович |
34. Мусаев Улан Жолдошбекович |
|